Қызылорда қаласында 555 адамға екпенің екінші дозасы егілді

2 Наурыз 2021, 19:35
3246
Бөлісу:
Қызылорда қаласында 555 адамға екпенің екінші дозасы егілді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. 22 ақпан мен 2 наурыз күндері Қызылорда облысында 555 адам вакцина салдырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жанат Жәлиеваның хабарлауынша, бүгінгі мәліметке сүйенсек, аймақта 3855 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қызылорда қаласында – 2410, Арал ауданында – 123, Қазалы – 115, Қармақшы – 172, Жалағаш – 127, Сырдарuя – 200, Шиелi – 324, Жаңақорғанда 384 адам тіркелген. Ал солардың 3715-і, яғни 96,4 пайызы емделіп шыққан. 1 наурызда 14 науқас жазылды.

Күні кеше Қызылорда қаласында 6 адамның індет жұқтырғаны белгілі болды. Сонымен қатар инфекциялық стационарда 46 науқас ем алып жатыр. Облыс бойынша инфекциялық стационардың реанимация бөлімінде 5 науқас ем қабылдауда, – деді баспасөз хатшысы.
Қызылорда қаласында 555 адамға екпенің екінші дозасы егілді

Жанат Жәлиеваның мәліметінше, Қызылорда қаласының тұрғындары «COVID-19» инфекциясына қарсы екпенің 2 компонентін алып жатыр. 22 ақпанда 90 адам, 23 ақпан – 150, 24 ақпан – 75, 25 ақпан – 65, 26 ақпан – 60, 1 наурыз – 65, 2 наурызда – 50 адам екпе салдырды.

22 ақпан мен 2 наурыз күндері барлығы 555 адам вакцина салдырды. «Спyтник V» екпесінің 2-дозасын салу қаладағы №1, №3, №6 емханаларда жүргізілуде. Айта кетейін, мұның алдында бір ай бұрын «Спутник V» вакцинасының 1000 дозасы егілген еді. Яғни ерікті түрде келген 939 медицина қызметкеріне, 61 қала тұрғынына екпе салынған болатын, – дейді Жәлиева.

Вакцина салдырған эпидемиолог дәрігер Салтанат Ердешқызының айтуынша, індетке қарсы екпе егу Қызылорда қаласында 2 ақпанда басталды.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері қаладағы №6 емханада вакцинаның бірінші кезеңінен сәтті өтті. Ешқандай кері әсері байқалмады. Вакцина салдыру аурудың алдын алады. Сондықтан, біз, эпидемиологтар коронавирус инфекциясына қарсы иммунитетті қалыптастыратын Гам-Ковид-Вак, Спутник вакциналарын алуға шақырамыз. Екпенің пайдалы екеніне сенемін. Оған күмән келтіретін қауесет ақпараттарға сенбеу керек, – дейді Салтанат Ердешқызы.

Өзгелердің жаңалығы