Ливандағы немеремді сағынамын – әскери қызметшінің әжесі

21 Ақпан 2021, 09:42
3825
Бөлісу:
Ливандағы немеремді сағынамын – әскери қызметшінің әжесі
Фото: автордан

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағындағы Гвардейск гарнизонының әскери қызметшісі, сержант Әнуар Оралбеков БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінде бітімгершілік миссиясын атқарып жүр.

21450 әскери бөлімі әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Айна Омарованың ұйымдастыруымен Әнуар Оралбековтің отбасы мүшелерімен тілдестік. Әңгіме барысында әскери қызметшінің Ливанда түсірілген бейнетаспаларын тамашаладық. 

Немеремнің Ливанға кеткеніне жеті ай болды. Онымен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп тұрамыз. Наурыз айында Отанға ораламын деген. Әжесі болғаннан кейін, ол жақтан қоңырау шалғанда «Қалай тамақтанып жүрсің?» деп сұраймын ғой алаңдап. «Барлығы жақсы» дегенде, әйтеуір қуанып қаламыз, - деп сағынышын білдірді қария Айсақын Оралбекова. 

Ол немересінің аман-есен елге келуін тілеп отыр. Шалғайда қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген жалғыз өзінің немересі ғана емес, барлық әскери қызметшілердің отбасыларына оралғанын тілейді. 

Елімізде де, ол жақта да тыныштық болсын. Әскери адам болғаннан кейін сол әскери оқу-жаттығумен ғана өтсін. Басқа жамандық болмасын, - деді әжей. 
Сондай-ақ, Артиллерия дивизионының батарея сержанты, үшінші сыныпты сержант Досымбек Бегімбетов сержант Әнуар Оралбековтың әскери қызметі барысындағы жетістіктері туралы айтып берді. 
Ливанда бітімгершілік миссиясына кеткен сержант Әнуар Оралбеков бөлімше командирінің лауазымын атқарады. Лауазымын атқару барысында жауынгерлік даярлықтарда, спорттық іс-шараларда тек қана жетістіктерімен қуантады. Оның Ливаннан да абыроймен оралатынына сенімдіміз. Ол алыс мекенде тәуелсіз Қазақстанның намысын қорғап жүр, - деді артиллериялық дивизионының батарея сержанты, үшінші сыныпты сержант Досымбек Бегімбетов. 

Айта кетейік, сержант Әнуар Оралбеков 2015-2017 жылдары Көкшетау облысы Шучье қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусында тәлім алған. Оқуды бітірген соң 21450 әскери бөлімінде әскери қызметін жалғастырды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында шетелдік курстық оқудан өткен. Ол қызмет барысында өзінің біліктілігінің арқасында жетістіктерге жетіп, бірнеше Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталыпты. 

Ұлыммен видео арқылы хабарласып тұрамыз. Әрине осылай видеомен сөйлескеннен гөрі, өз елінде жүргені жақсы ғой. Достарым ұлыңды сол жаққа жібердің, қорықпайсың ба деп сұрайды. Ол жақта соғыс жоқ деймін. Әрі менің ұлымның туған Отанына қызмет етіп жүргеніне мақтанамын, - дейді әкесі Серік Оралбеков. 

Сержант Ануар Оралбековтың әкесі Серік Оралбеков те Қарулы Күштерде қызмет атқарып, үшінші сынып сержант әскери атағымен зейнетке шыққан екен.


Өзгелердің жаңалығы