Мұқағали Мақатаев: ...тек ғашық бола біліңдер!

9 Ақпан 2020, 10:04
4415
Бөлісу:
Мұқағали Мақатаев: ...тек ғашық бола біліңдер!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ақпанның тоғызы. Дәл осы күні Қарасаздың топырағы толғатып Мұқағалидай мұзбалақ ақынды дүниеге әкелді. Көзі тірі болғанда сексеннің тоғызына келер еді ақиық ақын. Біздің буын Мұқағалиды көрмедік. Сұхбаттасып, әңгімесін естімедік. Ондай бақыт бұйырмады. Бірақ біздің қолымызда өзіндей болып жазылған өлеңдері мен күнделігі қалды. Кейде соны оқып отырып ақынмен сырласқандай, тілдескендей болатынымыз жасырын емес. Бүгін де Мұқаңның күнделігін парақтай отырып ақынмен сырттай сыр-сұхбат құрдық.

– Аға, қалайсыз?

– Дүниеге жаңа келгендеймін. Ой-санам, жүріс-тұрыс, мінезімде сұмдық өзгеріс бар.

– Ел арасында сіз туралы аңыз көп, білесіз бе?

– Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қауесет таратады. Біріне-бірі айтады, "өзімсініп" өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен-бірі жаңартып айтады, ал мен олардың қай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!

– Түсінеді, аға...

– Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді; ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Тіпті ең жақындарым да. Түсінсеңдерші, мен туғаннан адаммын, адам қалпымда қалам; ал мен кейін ақын болдым, ұқсаңдаршы, болдым, яғни...

– Сіз үшін дүниенің қорлығы не?

– Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екіншісі – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.

– Cіз байсыз ба?

– Қазынам бар,

Қисапсыз шектеледі,

Қызғанады біреулер, жек көреді.

Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін,

Алам десең,

Алдымен зертте мені...

– Қазіргі әдебиет туралы не айтар едіңіз?

– Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет — нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол "сыншысымақ" белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ, бұдан ары бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз.

– Бұл қашанға дейін осылай созыла бермек?

– Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың желеп-жебеушілерін түгелдей әшкерлейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!

– Ал, поэзия деген не?

– ...Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!

– Ақын деген кім?

– Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса, тарта берсін. Қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын. Ақырғы сөз соныкі.

– Ақын болу үшін ақында не болуы керек?

– Бірінші: талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес).

Екінші: ұят, өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен-өзі ұялуы үшін.

Үшінші: қарапайымдылық. Пушкин мен Абайдыкіндей болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық. Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау.

Төртінші: түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану.

Бесінші: еңбек, үнемі шындалып отыру үшін.

Алтыншы: жан. Жан байлығын әмәнда сақтау қажет.

– Қаламдастарыңызға не айтар едіңіз?

– Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

Өзгелердің жаңалығы