Мұғалімдерге мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға беріледі

4 Тамыз 2020, 10:30
2011
Бөлісу:
Мұғалімдерге мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 20 мыңнан астам мұғалімнің компьютері немесе интернетке қолжетімділігі жоқ. Сондықтан бұл мәселе мектеп компьютерлерін уақытша пайдалануға беру арқылы шешіледі. 

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы алғанда, 185 мың оқушының компьютері жоқ. Компьютерлер жетіспейтінін көріп отырмыз, әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда жеткіліксіз. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін 500 мыңнан астам бала компьютермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 24 мың мұғалімнің жеке компьютері жоқ, 2 мың мұғалім интернетке қосыла алмай отыр. Бұл мәселе мектеп компьютерлерін уақытша пайдалануға беру арқылы шешіледі, - дейді Асхат Аймағамбетов. 
Оның айтуынша, көктемдегі тәжірибеге сәйкес телесабақтарды да әзірлеп жатыр. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде.

Теледидар сабақтары "әл-Фараби" мен "Ел-Арна" арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып, барлық оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекенде осы арналарға қол жетпейтіні анықталды. Бірақ оның 314-де ғана оқушылар бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі. Оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізілуде, - дейді министр.


Өзгелердің жаңалығы