Мұрат қажы Ыдырысұлы: Абылай ханның жолымен жүріп өту – әр тарихшының арманы

2 Қазан 2020, 12:18
4321
Бөлісу:
Мұрат қажы Ыдырысұлы: Абылай ханның жолымен жүріп өту – әр тарихшының арманы

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Рухани жаңғыру» аясында Абылай ханның жүріп өткен жолы бойынша кезекті экспедиция Көкшетаудан бастау алады.

Алғашқы сапар жайлы «Абылай ханның қара жолы» атты кітап жарық көрді. Экспедицияның барлық мүшелері, ғалымдар бірнеше ай бойы зерттеу жүргізіп, кітапқа ғылыми-танымдық мақалалар дайындаған. 

Кітапқа ғалымдардың еңбектері мен мәліметтерінен, жергілікті тұрғындардың әңгімелері мен ақпараттарынан, аңыз-әңгімелерден жинақталған мәліметтер енді. Абылай хан жолында орналасқан ауылдардың, қалалардың атаулары картаға түсіріліп, киелі орындардың, кесенелердің, құлпытастардың тізімі жасалды, олардың барлығы суретке түсірілді. Құрамында Қазақстанға белгілі географ, топограф, биолог, археолог, тарихшы, сондай-ақ журналистер болған экспедиция он күн ішінде 4 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтіп, Петропавл, Көкшетау, Hұp-Сұлтан, Ұлытау, Сәтпаев, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан және Шымкент қалаларына барды. Абылай хан жүріп өткен тарихи жол бойында орналасқан қалалар мен ауылдарға кірдік, ақсақалдармен, оқушылар, студенттер, тарихшылар, БАҚ өкілдері, ЖОО оқытушылары, археологтармен кездестік. Жалпы алғанда 40-тан астам кездесу өткізіліп, оған 4 мың адам қатысты, - дейді Мұрат қажы Ыдырысұлы. 

Экспедиция жетекшісі, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының айтуынша, екі жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында XVIII ғасырдағы «Хан жолы» керуен жолымен экспедиция жасалды. Жақында Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Қорғалжын, Ұлытау, Түркістан және Отырарға сапарға шығу жоспарлануда. 

Мұрат қажы Ыдырысұлы: Абылай ханның жолымен жүріп өту – әр тарихшының арманы

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ұсынысымызға қолдау танытты. Біз бұл жолғы сапарымызды әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығына арнаймыз. Бұған дейін экспедиция танымдық және зерттеу жұмыстарын жүргізсе, биыл ішкі туризмді дамыту көзделуде. Осы уақыт ішінде Абылай хан туралы кітап шығардық, барлық елді мекендер бойынша барлық хронометражды көрсететін туристік карта жасадық. Бұл жолғы сапарымызда кітап пен бейнефильмді Көкшетау, Петропавл, Ұлытау және Түркістан қалаларында таныстыру көзделіп отыр, - дейді зерттеуші.   

Оның айтуынша, экспедицияға Абылай хан заманынан бері ешкім жүріп өтпеген құмдағы жол да кіреді. 

Жалпы сапар 5-7 күнге жоспарланған. Үш өңірде Абылай хан туралы кітаптың тұсаукесерін өткізгіміз келеді. Бұл жолды көрмеген адам түсінбеуі мүмкін. Бірақ осы жолмен өту - туған өлкенің тарихын білгісі келетін әр тарихшының арманы. Онда кесене, аңыз тұлғалар (Жошы хан, Алаш хан және т.б.), Ұлытау және көптеген киелі жер бар. Маған туған өлкеміздің әр тасы ыстық. Оның тарихын, тілін, халқын жақсы қадір тұтамын. Зерттеу жұмыстарымен он жылдан бері айналысып келемін. Экспедициядан кейін кітап шығару ойымызда бар, - дейді Мұрат Ыдырысұлы. 
Ол алғашқы экспедиция барысында табылған тың деректерді алға тартты. 

«Абылай ханның қайтыс болған жері белгілі болды. Ханқорған жөнінде Өзбекәлі Жәнібеков «...Шымкенттен жиырма шақырымдай жерде Абылайханның ставкасы - Ханқорған тұр. Абылай ханның немересі Сыздық сұлтан орыс генералдары арқылы Бұхара әмірінен бала-шағасын алдырып, өмірінің соңына дейін осы қорғанда тұрды...»  деп жазады.

М.Ж.Көпейұлы жазбасына жүгінейік: « ...Сонан соң Абылай сол Арыстың бойындағы бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында, жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты. Жезқазғаннан  Қызылордаға шығатын қара жолдың бойында «Туркестанский сборникте» жазылған орыс тарихшылары В. Левшин мен В. Смирновтың және тарих ғылымдарының  докторы Қ. Әбуевтің еңбектерінде кездесетін екі пирамида бар. Олардың биіктігі 10м  диаметрі 100м. Бұлар сақ патшаларының қорғандары екені анықталды. Бірақ оларға осы уақытқа дейін зерттеу жұмыстары жүргізілмеген, бастапқы қалпында сақталған дейді ғалымдар. Одан басқа да құнды деректер кітапта мол келтірілген, - дейді зерттеуші. 
Ғалымдардың пікірінше, бұл кітап Ақмола өңірінің туристік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады. 
Халқымыз Тәуелсіздік алғаннан бері тарихымыздың көмбесі қайта ақтарылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылған «Абылай ханның қара жолы» тарихи экспедициясы ауқымды және нәтижелі іс-шаралардың біріне айналды. Экспедиция жұмысының қорытындысы бойынша Абылай хан мен қазақ халқының өмірі мен қызметі туралы зерттеу жұмыстары жинақталған ғылыми жинақ топтастырылды. Бұл кітап – Отан тарихының алтын парағы, - дейді ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған. 
Мұрат қажы Ыдырысұлы: Абылай ханның жолымен жүріп өту – әр тарихшының арманы

Естеріңізге сала кетейік, екі жыл бұрын экспедиция Бурабайдағы Абылай хан алаңынан басталды. Үш автокөлікпен жолға шыққан экспедиция қазақ даласының тарихын зерттеу үшін XVIII ғасырдағы Көкшетау -Ақмола - Ұлытау - Түркістан керуен жолымен мыңдаған шақырым жол жүріп өтті.

Өзгелердің жаңалығы