Мұқтаж азаматқа 20 млн теңгеге жуық қаражат жиналды

28 Ақпан 2020, 22:03
1755
Бөлісу:
Мұқтаж азаматқа 20 млн теңгеге жуық қаражат жиналды

Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Мың алғыс" қайырымдылық концертінде кештің басты кейіпкері, бас-сүйек ісігі ауруына шалдыққан Самат Ақбергеновке 19 млн теңгеден астам қаражат жиналды.

Мұндай соманы қазақстандықтар радиоэфир және әлеуметтік желі арқылы бір күннің ішінде жинап берді. Бұл жайында кештің ұйымдастырушысы "Қазақ радиолары" ЖШС хабарлады. 

Қайырымды іске қаржы жинау радиомарафоны бір ай бойы өтті. Осы кезеңде қазақстандықтар арнайы ашылған есепшотқа ақша аударды. Акцияға волонтер әрі блогер Дәулет Төлеутай белсенді атсалысты. 

Еске сала кетейік, кештің басты кейіпкері Самат Ақбергенов ота жасату үшін 18,5 млн.теңге қажеттігін айтып, "Қазақ" радиосына хабарласқан. 29 ақпанда, яғни ертең Самат ота жасату үшін Мәскеуге аттанады. Ол кеш барысында "Қазақ" радиосы мен блогер Дәулет Төлеутайға, оның әлеуметтік желідегі оқырмандарына жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ тағы бір қоғамдық бірлестік Жансая Пішенбаевтың операциясына қажет 1 млн 200 мың теңге берді. 36 жастағы ер адам өрт кезінде екі қолын қатты күйдіріп алған. Былтырғы радиомарафонда жиналған қаражат оның бір қолына операция жасауға жұмсалған. Ал биыл жиналған сома оның әрі қарай емделуіне төленеді. Кеш қонақтары да, басты кейіпкерлер де қайырымдылық адамзатты біріктіретін ұлы күш екенін сезініп, әр қуанышты сәтке баладай қуанып, тебіреніп отырды. Қайырымдылық шарасында залда арнайы жәшіктер қойылды. Оған жиналған қаражат та мұқтаж жандардың ем-домына жұмсалады.

Өзгелердің жаңалығы