Мақтаарал. Құрылыс барысы қатаң бақылауда

1 Маусым 2020, 19:07
1255
Бөлісу:
Мақтаарал. Құрылыс барысы қатаң бақылауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен әлеуметтік нысандар жаңадан салынады. Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте апат салдарын жойып, қалпына келтіру жұмыстарының барысы баяндалды. 

Фирдауси және Өргебас елді мекендері мен Мырзакент кентінде заманауи фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы мен 1200 орындық мектеп, полиция тірек пункті және 280 орындық бала-бақша құрылысы басталады. Бұл мақсатта облыс әкімдігі резервінен қаржы қарастырылады. Өмірзақ Естайұлы жаңадан бой көтерген ықшам ауданда орталық алаң салудың қажеттігін айтты.

Аудандағы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекен тұрғындарының келісімі бойынша, Мырзакент кентінде 425 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 235 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үйдің 150-і - "Б.Өтемұратов" қорының, 20 үй - "Салиқалы ұрпақ", 20 үй - "Біз Біргеміз" қорының демеушілігімен салуда. Жалпы 839 тұрғын үйге аккредитталған эксперттер тарапынан, техникалық зерттеу тексеруі жұмыстары жүргізіліп, 623 үйге техникалық қорытынды алынды.

Бүгінгі таңда жалпы 32 мердігер мекеме тарапынан 383 тұрғын үйдің  құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аумағында 360 үйдің қазаншұқыры қазылып, іргетасы құйылды. 30 үйдің қабырға қалау жұмыстары жалғасуда. Құрылыс алаңына 1124 адамдар мен 68 арнайы техника құрылыс- монтаж жұмыстарына жұмылдырылған. Зардап шеккен ауылдарда жаңа тұрғын үй құрылысында инженерлік инфрақұрылым салу және Фирдауси мен Өргебас елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы