Бас жаңалықтар
Мәдина Батық: "Әлем аруы" байқауы маған үлкен жауапкершілік жүктеді
Сұхбат EX PHOTO
18 Қараша 2019, 16:59 2981

Мәдина Батық: "Әлем аруы" байқауы маған үлкен жауапкершілік жүктеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында "Қазақстан аруы – 2019" байқауының жеңімпазы, туризм саласының болашақ маманы Мәдина Батықпен кездескенбіз. Сол кездесу барысында қарындасымызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Еліміздің ең көрікті жерлерін аралау бала кезден арманым еді. Сол үшін туризм саласын таңдадым, - деген Қазақстан аруы өз арманының орындалғанын айтады.

Assy ústіrtі..jpg

Ол әуелі бізден қазақ тіліне шорқақтау екенін, сол үшін кешірім сұрайтынын айтты.

9-сыныпқа дейін қазақ тілінде оқыдым. Одан кейін колледжде орысша, қазіргі оқып жатқан университетімде де орысша білім алып жүрмін. Павлодар өңірін өздеріңіз жақсы білесіздер, орыстілділеу ғой. Кейбір сұрақтарыңызға қазақша жауап бере алмай қалсам, айып етпеңіз. Әрине, сауалыңызды қазақша қоя берсеңіз болады, - деді ол.

Жақында ғана Мәдина Батық Лондонда 14 желтоқсанда "Әлем аруы - 2019" байқауына қатысқанда көрсететін видео таныстырылған болатын. Біздің алғашқы сұрақ осы видеоға түсу барысы жайлы болды.

Býtakovka ańǵary.jpg

Бұл түсірілім нағыз естен кетпес сапар болды. Екі аптаның ішінде еліміздің бірнеше облысын аралап, ең көрікті жерлерде болдым. Шаршағанымды жасырмаймын, десе де көрікті көл, кербез тау, көркем табиғат сол шаршауыңа тұрарлықтай болғанын сезінгенде, бірден шаршауың шығып кетеді екен, - дейді Мәдина.
Туризм саласының болашақ маманы болғандықтан, қарындасымыздан еліміздегі туризм саласын қалай дамытуға болатыны жайлы сұрадық.

Kaspıı teńіzі.jpg

Қазақстанның ішкі-сыртқы туризмін дамыту үшін әлі де көп жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Әсіресе жол мәселесі. Діттеген жеріңе жету үшін жол машақатын жеңуіңіз керек. Менің ойымша, қазір Қайыңды көлін тамашалаған турист, еш қиындықсыз Шарын шатқалына жете алатындай болуы керек. Тағы бір айтарым, сол көрікті жерлерде еуропалық стильде қонақ үйлер салар едім, - дейді Мәдина.

- Мәдина, сен Қазақстанда еуропалық стильмен қонақ үй салғың келеді. Ал олар біздің көшпенді өмірімізді көруге келеді. Сондықтан оларға өздерінде бар, қаптаған құрылысты ұсыну қаншалықты тиімді?

- Ойыңыз дұрыс. Бізде киелі жерлер бар. Ол жерлерде ештеңені өзгертуге болмайды. Ол осыған дейін қалай болып тұрды, солай қалуы керек. Келген туристер де оны қалай бар, солай қабылдағаны дұрыс. Сол өңірде біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, тіршілік ету ортамыз қалай болғанын көре алуы керек. Оған толықтай келісемін. Бірақ еуропадан келетін туристер сол өздерінің комфорт тірлігіне үйренген, соны да ескеруіміз керек. Мысалы, Қайыңды көлін алайық. Ол жерде түнеп жатуды қойып, жетудің өзі мұң. Менің ойымша, Қайыңдыға баратын жолды жөндеп, көл жағасына қонақ үй салуға болатын секілді. Сонымен қатар, онда көшпенді тірлігімізді көрсететін этноауыл құруға да болады. Қалай десек те, туризм саласында басты басымдық жол мәселесіне тіреледі.

Kıіz úı.jpg

- Мүмкін, ол жерлердің басты ерекшелігінің өзі сол табиғи жолмен баруында шығар?

- Мүмкін солай да шығар. Бірақ біз қазір елдегі туризм саласын дамыту жайлы айтып отырғандықтан, менің пікірім осындай. Кез келген турист барғысы келген, көргісі келген жерге тез жетуі керек.

- Қазақстанда өзің барып көрмеген жерлер бар ма?

Qaıyndy kólі.jpg

- Бар. Қатонқарағайға барып көрген жоқпын әлі. Иә, Қазақстанның ең танымал жерлерінде болдым. Дегенмен, еліміз кең байтақ қой. Сол үшін алдағы уақытта көруге тұрарлық жердің барлығын аралап көру жоспарымда бар.

- Бұл жоба жалғасын табатын болса, кейіпкер өзің боласың ба, басқа жаңадан титул алған қыздарға жол бересің бе?

- Әрине, менен басқа да қыздар бар. Қазірдің өзінде "Қазақстан аруы – 2020" байқауына іріктеу басталып жатыр. Осы байқаудан жеңімпаз атанған қыз менің жолымды жалғастырады деп ойлаймын. Ол да мен секілді Қазақстанның көрікті жерлерін таныстырып, ерекше дәстүрімізді, сәнді киімімізді көрсететін болады.

- Қазақстанда туризм мәдениеті бар ма?

- Бар.

- Мысалы?

Ulttyq taǵamdar ashanasy.jpg

- Мысалы, біздің халықтың қонақжайлылығы ерекше. Кез келген уақытта көмектесуге дайын тұрады. Туризм саласында бұл өте жақсы қасиет деп саналады. Бізге де түсірілім барысында көмектескен, жол сілтеген, тіпті өз бұйымдарын пайдалануға берген жандар көп болды.

Бұл нені білдіреді? Бұл біздің халықтың туристерді жақсы көретінін, олардың өз ұлтына ұят жағдай келмеуін қалайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, олар бізге ғана емес, шетелден келіп жүрген туристерге де халқымыздың салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын түсінідіріп, кейбіреулерін көрсетіп жүргенін, жер-су атауларына байланысты тарихты, аңыздарды айтып бергенін де байқадық.

- Дұрыс. Бірақ бұл туризм мәдениетінің бір қыры ғана. Ал сіздің Қайыңдының жағасында дәретхана таба алмай қалуыңыз біздегі туризмнің әлі де ақсап жатқанын байқатпай ма?

- Бұл мәселені біз шеше аламыз. Ол біздің өз қолымызда. Егер шынымен біздің мемлекет туризм саласына көңіл бөлетін болса, дәретхана мәселе болмас еді. Ең бастысы Қайыңдыны көруге келдіңіз бе, осы бір сұлу табиғатқа сүйсіне алдыңыз ба, біз үшін осы маңызды болса керек.

Мысалы, мен өзім туып-өскен Павлодар өңірінде Баянауыл Ұлттық табиғи паркі бар. Жылда жазғы демалысымды сонда өткізуге тырысамын. Онда біз жастармен кездесу өткізіп, ішкі туризмнің дамуы жайлы әңгімелесеміз. Бұл біздің ғана өткізетініміз, ал Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ туризм, т.б. қатарлы осы салаға жауапты органдар қаншама іс атқарып жатыр. Жақында ғана біз Петропавлда конференция өткіздік. Онда Ресейдің бізбен шекаралас аймақтарымен екі ел арасындағы туризм саласын дамыту бойынша меморандумға қол қойдық.

Осыған қарап отырып, ел туризмін дамытуды, ішкі туризмді көркейтуді қарапайым халық өзінен бастау керек деген ойға келдім.

- Мәдина, өзің бас кейіпкер болып, Қазақстанның көрікті жерлері туралы шағын фильм түсірілді. Көрермендер қалай қабылдайды деп ойлайсың?

Suńqar men qumaı tazy.jpg

- Жылы қабылдайды деп ойлаймын. Біз Қазақстанның барлық жерін аралап үлгерген жоқпыз, әрине. Екі аптаның ішінде қай өңірге барып үлгердік, сол жерлерді түсірдік. Алдағы уақытта да толықтырып, түсіріледі деп ойлаймын. Біздің елімізде көрікті жерлер өте көп. Қарапайым ғана, өзім туып-өскен Павлодар облысындағы Жасыбай көлін түсіріп үлгерген жоқпыз. Бұл бастамасы ғана. "Қазақстан аруы" мен "Қазақ туризм" алдағы уақытта бұл жобаның ауқымын кеңейтеді деп ойлаймын.

Бұл әуелі PR. Ал туризмді дамыту үшін PR міндетті түрде керек. Ал туризм дамыса, ел экономикасы дамиды, еліміздің шетелде танымалдығы арта түседі. Оны барлығыңыз да жақсы білесіз.

- Мәдина, жақсы пікірлерің үшін рахмет. Енді өз ережең жайлы айтсаң. Өмір сүру ережең бар ма?

- Негізінен жоқ деп айтуға болады. "Қазақстан аруы" байқауынан кейін 6 айдай тұрақты жұмыс жасадық. Қазір спортпен шұғылданамын. Әсіресе жеңіл атлетика жаныма жақын. Бірақ соңғы кезде стрестен арықтап кеттім. Не тамақ жесем де бәрібір, толыса алмадым.

- Неге стреске түстің?

Sharyn kanony..jpg

- Әрине уайымнан. Алдағы "Әлем аруы" байқауы маған үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ол жерде мен жеке басымның өнерін ғана сарапқа салып қоймаймын ғой. Күллі қазақтың аманатын арқалап барамын. Жауапкершілікті сезінген сайын ас батпайды десем болады. Елімді ұятқа қалдырмай, барлығын абыроймен атқарсам екен деген ойдамын.

Сонымен қатар, еріктілер қатарындамын, түрлі қоғамдық шараларға қатысамын, ал күнделікті жоспарым тұрақсыз, жиі ауысып тұрады.

- Ас ішкенде де белгілі бір ережеге бағынасың ба?

- Ең бастысы таңғы асты тойып ішу керек. Ал күндізгі уақытта аз-аздан, жиі-жиі тамақтанамын. Ешқандай тамақтан бас тартпаймын. Бірақ дене бітімім осындай.

- Әңгімеңе рахмет! "Әлем аруы" атануыңа тілектеспіз!

- Рахмет!

Фото: Kazakh tourism
Загрузка...