Дәрігер пандемияның екінші толқынынан қалай сақтану керегін айтты

22 Қазан 2020, 18:11
3744
Бөлісу:
Дәрігер пандемияның екінші толқынынан қалай сақтану керегін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы Дерматология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Жұлдыз Данбаева коронавирустың екінші толқыны қарсаңында адамдар қалай сақтану керектігін айтты. 

Коронавирустың екінші толқыны келеді деп дайындалып жатырмыз. Болжам бойынша желтоқсан немесе қаңтар айында деп айтылуда. Қазір коронавирус жұқтырғандар мен пневмония болып ауырғандардың саны күнделікті өсіп жатқаны байқалады. Бұл енді респираторлық вирустық инфекция. Ауа арқылы жұғады. Сондықтан масканы тек жөтелгенде, түшкіргенде ғана емес, барлық уақытта киіп жүру қажет. Демалу арқылы жұға береді. Тойға барсаңыз, жақындап билегенде, тамақ ішкенде жақын отырсаңыз да жұғады. Ең бастысы, бетпердені тастамау, - дейді Жұлдыз Данбаева.

Оның айтуынша, адамдар әлі күнге қарапайым сақтық шараларын орындамайды. Сондықтан дерт жұқтырғандар саны толастар емес.

Екіншісі, әлеуметтік арақашықтықты сақтау. Адамға тым қатты жақындамау маңызды. Құшақтасып, сүйіспеу керек. Туысың, балаң болса да өз-өзінді ұстаған дұрыс. Әсіресе, масканы шешіп отыратын, көпшілік жерлерге баруды тоқтата тұру қажет. Үшіншіден, қолды жуып жүру. Жұқпалы дерттен қорғану үшін қолды сабынмен жиі жуып тұрыңыздар. Қолмен бетті, көзді, ауызды ұстамаңыздар. Мұның бәрі наурыз айындағы коронавирустың алғашқы толқыны кезінде айтылды. Бірақ көбіміз сақтамадық. Сосын жаз кезінде бәріміз пневмония болып ауырдық. Осындай ескертулерді тыңдамаған соң, ауру жұқтырғандар көбейді. Қазір де бұл ескертпелерді тыңдап жатқандар аз. Шетелдіктерге қарасаң, олар мұндай санитарлық талаптарды жақсы сақтайтыны байқалады. Тығылып той, туған күн жасау әлі де тоқтар емес. 100 адам жиналған жерде кемі 1-2 адам ауырып шығады. Әр адамның иммунитеті әр түрлі. Жұқтырған адамның өзі де байқай бермейді, - дейді дәрігер.

Ол осы ретте дұрыс тамақтану, спортпен айналысу қажет екендігін де айтты. 

Коронавирус жұқтырғанның өзінде өлім жағдайы орын алмауы үшін – дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, далаға шығып жүгіріп, қан сұйылтатын дәрі ішіп отырғаны дұрыс. Өйткені коронавирус тұмау секілді емес, қан ауруы болып тұр ғой. Адамдар қанның қоюлануынан кетеді. Сондықтан витамин, жеміс-жидек, лимон жеп дайындалуы керек. Кола ішпей, қант жемеген де дұрыс. Оның арты қант диабеті болып кетуі мүмкін. Құрамында ақуызы бар тағамдарды көбірек жеген тиімді. Неге десеңіздер, коронавирус болып ауырып шыққаннан кейін де, көп ауру асқынып жатыр. Біреуінің шашы түсіп, біреуі аяқтарын баса алмаса, кейбірі ұмытшақ болып кеткен. Жалпы, коронавирустың екінші толқынында әсіресе, қант диабеті бар, бронхитпен ауыратындар, жалпы әр түрлі дертпен ауырып, есепте тұрғандар абайлағаны дұрыс, - дейді Жұлдыз Данбаева.

Өзгелердің жаңалығы