Мамин отын дайындау деңгейі жеткіліксіз өңірлерді атады

30 Қыркүйек 2020, 10:24
961
Бөлісу:
Мамин отын дайындау деңгейі жеткіліксіз өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің онлайн отырысында отын дайындау деңгейі жеткіліксіз өңірлерді атады. 

Жалпы өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік салаларды, жылу және энергия объектілерін жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыс жүргізді. Мысалы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша жоспарды 100 пайыз орындады, - деді ол. 

Премьер-министр жоспарлы көрсеткіштерді қандай өңірлер орындағанын айтты. 

Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы автономды қазандықтар үшін көмір дайындау жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерді аяқтады, - деді ол. 

Сонымен қатар Мамин Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында коммуналдық қажеттіліктер мен халық үшін отын дайындау деңгейі жеткіліксіз екенін айтты. 

Әкімдер белгіленген мерзімдерде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын жеткізуді аяқтасын. Энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етсін. Тұтынушыларды сапалы жылумен қамтамасыз етуге жеке жауап бересіздер, - деді ол. 
Сондай-ақ Мамин көмірмен қамту бойынша қиындық туындамау қажетін айтты. 
Өңірлердің әкімдері екі апта мерзімде белгіленген тәртіппен көмір дайындау және сату пункттері инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізу графиктерін, бағалардың негізділігі мен сатылатын көмірдің сапасын тексеруді жүргізсін. Бізде өндірілетін көмірдің көлемі жеткілікті, сондықтан көмірмен қиындықтар болмауы керек. Индустрия министрлігі "Қазақстан темір жолы" компаниясымен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың жеткілікті болуын қамтамасыз етсін, - деді ол. 
Мамин айтқандай, өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін өтеу жөніндегі жұмыстар күшейтілуі керек.
Жалпы Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері өңірлер әкімдіктерінің барлық объектіні жылыту маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауын бақылауға алып, мониторингтеуді қамтамасыз етсін. Бұл мәселені Үкімет үнемі бақылауда ұстайды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы