МӘМСҚ: Қазақстанда 3 млн адам сақтандырылмаған

9 Қазан 2020, 11:25
2265
Бөлісу:
МӘМСҚ: Қазақстанда 3 млн адам сақтандырылмаған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн-брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылған. Бірақ қаңтар айынан бастап үш айға жеңілдік мерзімі жарияланып, кейін карантинге байланысты тағы да үш айға ұзартылған. 

Осы аралықта медициналық қызмет Қазақстанның барлық азаматына, сақтандырылса да, сақтандырылмаса да көрсетілді. Бір жағынан, бұл коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде халыққа көрсетілген қолдау болса, екінші жағынан жалпақ жұртшылық жаңа жүйенің артықшылықтарын сезінуі үшін қабылданған шешім болатын. Өкінішке қарай, көпшілік мұны жарна төлеу міндетінен босату деп қабылдады. Салдарынан көпшілік сақтандыру пакетіне енетін қызметтерді пайдалана алмады, - дейді ол.

Сондай-ақ ол Қазақстан бойынша 3 млн адам сақтандырылмағанын жеткізді. Алматыда жүйеге енбегендер саны 300 мыңнан асады екен. 

Олардың көбі жарнаны тұрақты төлемегендіктен статустан айырылып қалған бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, жеке кәсіпкерлер. Біраз бөлігі – төтенше жағдай кезінде табыстан айырылып, жарна төлей алмаған тұрғындар. Соған байланысты Қор Үкіметке табыс көзінен айырылған азаматтардың статусын қалпына келтіру жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған болатын. Нәтижесінде 740 мыңға жуық адамның статусы қайтарылды. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алды, - дейді Әбілдаев.

Өзгелердің жаңалығы