Маңғыстау облысын ауызсумен қамту қалай іске асып жатыр?

10 Маусым 2021, 15:15
2747
Бөлісу:
Маңғыстау облысын ауызсумен қамту қалай іске асып жатыр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірді ауызсумен қамту жұмысы қалай жүріп жатқанын баяндады.

Облыс әкімі Маңғыстаудағы өзекті мәселенің бірі халықты ауызсумен қамту екенін айта келе, бұл тұрғыда қандай шаралар іске асып жатқанын мәлімдеді.

Біздің өңір Қиғаш Маңғыстау су құбыры және теңіз суын тұщыту арқылы ғана сумен қамтамасыз етіп отыр. Себебі табиғи жерасты су көздері аз. Өңірде су тапшылығы негізінен жаз мезгілінде орын алады. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Каспий су тұщыту зауытының қуатын екі есеге арттырып, тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің екінші кезеңі басталды. Зауыт қуаттылығын арттыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Қаражамбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын зауыт салып жатқанын және ол биыл іске қосылатынын айтты.

Сонымен қатар Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін «Кендірлі» курортты аймағында және Құрық ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыт пен «Маяк» азот өнеркәсіп аумағында 24 мың текше метр су өндіретін қондырғы салу көзделіп отыр. Осындай зауыт Форт-Шевченко қаласында да іске асырылады, - деді Трұмов.

Сонымен қатар елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үш жоба іске асырылып жатыр екен. Соның нәтижесінде Ақжігіт, Басқұдық және Бекі ауылдарына су құбыры тартылады.

Бұған дейін Трұмов Маңғыстау облысының өндірісі 5 айда 63,5 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы