"Masters" турниріндегі дзюдошылардың алғашқы қарсыластары анықталды

11 Желтоқсан 2019, 22:28
5484
Бөлісу:
"Masters" турниріндегі дзюдошылардың алғашқы қарсыластары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 12 желтоқсанда Циндаода дзюдодан әлемдік "Masters" турнирі басталады.

Нәтижесінде, қазақстандық дзюдошылардың байрақты бәсекедегі алғашқы қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды Olympic.kz сайты. 60 келіге дейінгі салмақта белдесетін қос қазақстандық балуан бір топқа түсті. Елдос Сметовтың алғашқы қарсыласы ресейлік Альберт Огузов болса, Ғұсман Қырғызбаев франциялық Валиде Хьярмен белдеседі. 66 келіге дейінгі салмақтағы отандасымыз Елдос Жұмақанов жарысты екінші айналымнан бастайды. 

Оның алғашқы қарсыласы ресейлік Арам Григорян болмақ. Дәл осы салмақта белдесетін Ерлан Серікжанов та жарысқа екінші айналымда қосылып, испаниялық Гайтино Мартин Альбертоға қарсы күреседі. 73 келіге дейінгі салмақта Жансай Смағұлов молдовалық Виктор Стерпумен, 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Дидар Хамза ресейлік әлем чемпионы Хасан Халмурзаевпен кездеседі. 

Ал 90 келіге дейінгі салмақта татамиге шығатын Ислам Бозбаев Грузия балуаны Бека Гвинашвилимен белдеседі. Бұрымды балуандарымыз Галбадрах Отгонцэцэг (-48 кг) португалиялық Мариа Сидеротпен, Севара Нишанбаева (-57 кг) Қытай спортшысы Уен Жангпен кездеседі.

 Айта кетерлігі, "Masters" турниріне әлемнің 67 елінен 447 спортшы бақ сынайды. 

14 желтоқсанға дейін жалғасатын додаға Қазақстан сапынан 9 дзюдошы қатысады.


Өзгелердің жаңалығы