Майдангер қарт: Мен – минометшімін!

26 Сәуір 2020, 10:07
3256
Бөлісу:
Майдангер қарт: Мен – минометшімін!
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласының 96 жастағы тұрғыны Махмұд Бейсембаев Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Жамбыл облысындағы көзі тірі алпыс шақты майдангердің бірі. Сөзі – ширақ, қимылы мығым қарияның өзі туралы, соғыс жылдарындағы басынан өткерген оқиғалары, өзге де естеліктері бүгінгі буынға өнеге.

Жаралы балаға "Бақыт" деп ат қойған
Мен балалар үйінде өстім, бес сыныптық білімім бар, он жеті жасымда әскерге шақырып, соғысқа алып кетті, - деп бастады ардагер әңгімесін. – Шойын жолды дүбірге толтырған пойызбен бірнеше күн бойы жол жүрген соң, белгіленген межелі мекенімізге де жеттік-ау. Әрмен қарай жаяу-жалпылай жүріп бардық. Жолай көптеген деревняларға кезіктік. Аш-жалаңаш күндерді де өтіздік. Себебі біз сол кездегі ахуалға орай шегініп бара жатқандықтан, жасағымызға көп мән берілмеді.

Қарт жауынгер майдан даласында шикі бидай, піспеген картоп жеген күндерін есіне алды. Сондай машақаты мол жол азабын тартқан олар адам шығынына да тап болған. Сталинградқа 15 шақырымдай қашықтықтағы Камышный деген аудандық орталыққа бір дивизиядан 17 жауынгер ғана аман-есен жетіпті.

Көбісі қайтыс болды, тұтқынға түсті, өзге де тосын оқиғалар болды. Камышныйға жеткен соң командир бізді топ-топқа бөле бастады. Сол кезде ғой, бізді төбемізден бомбамен атқылай түсті. Мен бір үйдің шарбағынан асып түсіп, тасаға бас сауғалап үлгердім. Ұрыс тынышталған соң жәймен шығып келе жатыр едім, бір кішкентай баланың жылаған даусын естігендей болдым. Үн шыққан жаққа дереу жүгіріп барсам, бір жарым жас шамасындағы ер бала екен. Үсті-басы қып-қызыл қан-жоса, жараланған. Анасы әріректе жатыр, жансыз денесі екіге бөлініп қалыпты. Ол бір азапты сәттер еді, қасіретті шақтар еді, өзекті тілгілеп өтетін секундтар болатын, - деген Махмұд қария көзіне жас алды.

Қазақ жауынгері әлгі баланы көтеріп командиріне алып келген, олар ақылдаса келе екі шақырым қашықтықтағы санитарлық бөілмге жеткізу туралы жедел шешім қабылдайды. Бұл да Махмұд Бейсембаевқа жүктеледі.

Жаралы жеткіншекті аман-есен жеткізіп бердім. Ақ халатты дәрігерлер қабылдап жатып менен жасөспірімнің аты-жөнін сұрады. Мен тіпті білмейтінімді айттым. Дәрігер тағы да кім деп жазып, тіркейміз деп басы қатты. Сол кезде сәл ойланып тұрдым да, өз фамилиямды айта салдым. "Бейсембаев" дедім. "Ал есімі ше?", дейді. Осындай зобалаңнан аман қалды ғой, бақытты болсын әйтеуір деп ойлап, "Бақыт", дедім. Содан соң, қайта өзімнің жасағыма барып қосылдым. Командир бізге өзге де тапсырмалар бере бастады. Сол тұста трактор зауыты бар екен. Біздің міндетіміз соны көздің қарашығындай қорғау екенін түсіндік, - деді майдангер.

Соғыс көрген кейіпкеріміз сол жерде бірінші рет жарақат алғанын айтты. Содан соң 4-5 ай бойы аурухана төсегіне таңылған. Жазылып шыққан соң, әскери басшылықтың шешімімен Сталинград қаласындағы учлищеге оқуға жіберіледі. Ол білім ошағында миномёт қаруын пайдалануды, атуды, құрастыруды меңгеріп шығады. Содан кейін ғой, Махмұд қария өзін миномётші санайды.

Парашют ашылмай қалса да, аман қалған

Соғыстың қауырт жағдайы ешқашан бір орында қатып қалған емес. Кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Ал қабылданған шешім талқыланбайтыны тағы бар. Кейін қазақ жауынгері катюша қаруын атуға ауыстырылады.

Катюша – өте қауіпті қару. Оның жанына жақын тұруға болмайды, әп-сәтте өртке орап жібереді. Сондықтан да оны екі ай бойы арнайы оқудан өттім. Ол әрі құпия қарулар санатына жатады. Катюша немістің қолына түспеуі керек. Егер жау қолына түсе қалсаң, өзіңді де, катюшаны да жарып жіберу керексің. Талап сондай. Ол мүлтіксіз орындалу керек. Өйткені солай деп ант қабылдағанбыз. Түсінесің бе? Ант! Егер катюшаны тастап, өзің аман қалсаң, сені әскери трибунал күтіп тұр деп есептей бер. Содан 1943 жылы бізді Псков қаласына жіберді. Онда әуе десанты әскерлері бар, солармен бірге парашюттан қалай секіруді, қалай түсуді, оны жинауды 2-3 ай бойы үйреніп, жаттықтық, - деді қарт жауынгер.

Жауынгер Махмұдтың жасағы жаттығу кезінде әскери ұшақтан 15-16 рет секірген. Жоғары деген баға алып, барлық конструкцияны игерген. Содан соң оларды іріктеп, бәрін бір ұшақпен әлдеқайда алып кете барады. Қыс мезгелі, күн аяз, жерде қалың қар жатыр. Тапсырма да түсіндірілді, командир бұйрық берді. Сол бұйрыққа сай ұшақтан тағы секіру қажет. Жауынгерлер кезекпен секіре бастайды.

Кезек маған да келді. Тәртіп бойынша, ұшақтан секірген соң, он секундтан кейін парашютті босату керек болатын. Сол құрғырды ашатын тетікті тартсам ашылмайды, қаттырақ жұлқып едім, сынды да жұлынып кетті. Төбеме қарап қоямын ілдебір үмітпен, ашылмады... Құлап барамын! Қосымша арнайы тетікті тартып үлгердім... Бос әурешілік. Жерге жақындап қалғаным есімде, бір уақыттарда тарс-тұрс соғылып, ұрынғанымды білем. Содан кейінгісі есімде жоқ. Құдайдың қаққандығы ғой, ес-түссіз күйде талдың дарақтарына ілініп қалыппын. Есімді жиғанымда қасымдағы жігіттер солай болғандығын айтып отыр. Денемнің көп бөлігіне талдың бұтақтары кіріп кетіпті. Сол қолымның алақаны, жұдырығым жұмылмайды, ортасын ағаштың бұтағы тесіп өтіпті, - деген ардагер қолын жайып, жарақатының белгісіндей болып қалған тыртығын көрсетіп жатты.

Махмұд Бейсембаев осы төтенше оқиғадан қатты жараланыпты. Бір аптадай өткен соң ғана өз-өзіне келе бастайды. Сол кезде командирім келіп, жағдайын сұрап: "Молодец киргиз, долго будешь жить" деп, тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдіреді. Соғыс жылдарының өзінде орыстар біздің ұлтымызды "киргиз" дейтінін де жеткізді кейіпкеріміз.

Қарт майдангер порошют жарақатынан жазылып шыққан соң Ленинград қаласына жіберіледі. Ондағы міндеттері – қариялар мен балаларды тылға алып барып, қайтар жолдарында Ленинградқа азық-түлік алып қайту.

Соғыс жылдары өте ауыр болды. Қаншама ажал құшқан адамдарды көзімізбен көрдік. Олардың денесін арнайы техникаға салып, қаланың сыртында қазылған шұңқырға тастап, бетін қармен көме салатын едік. Бүгін қасыңда жүрген сарбазды ертең көруің неғайбыл. Не қаза тапқанын, не болмаса жарақат алғанын естисің. Тіпті, бірер сағаттан соң өзіңнің жер басып жүретіндігіңе сенбейсің! Жаңадан, күн сайын солдаттар келіп жататын. Барлығы да батыр атына лайық, барлығы да Отан үшін от кешті, қан көрді, өлім құшты, - деп тағы да көз жасына ерік берді қария.
Соғыстан кейінгі сегіз жыл

Махмұд Бейсембаев Харьков шаһарын да жаудан азат етуге де қатысқан екен. Руменияда болғанда, тағы да жарақат алып, санчастың темір төсегіне таңылғаны бар. Кейін Германияға жақындағанда жаудың пулеметы орналасқан аумақты гранатамен жарып, бір айдан соң бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденін алды.

Берлинге 70 шақырымдай қашықтық қалған болатын. Сол жерде біз одақтастарымызды кездестірдік. Олардың көбісі қара нәсілді екендігі есімде. Сол тұста тағы да жарақат алыппын, қалай болғаны есімде жоқ. Әскери ұшаққа салып Польшаға алып барған екен мені. Сонда жатып зұлмат соғыстың біткенін естідім. Жарақатымнан жазылып шыққан соң Новосибирск, Тумен аймақтарындағы тұтқындалған немістерді күзетуге жіберілдік. Ол жерде 1953 жылға дейін болып, елге сол жылы ғана оралдым. Жамбылға келген соң, Атшабардағы орталық базар маңынан әкемнің інісін іздеп тауып, сонымен бірге тұрдым. Отыз жасымда отбасын құрып, әйтеуір адам болып өмір сүріп кеттік қой. Әйтпесе, соғыс салған жара санамызда кейінге дейін жаңғырығып тұрып алған жоқ па?! Бейбіт күндері осы Тараз қаласындағы орталық саябақта суретші болып қызмет атқардым. Онда бақандай жиырма жеті жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Алдыңғы қатарлы суретші, лауреат атандым. Портрет, шекіп салу болды менің негізгі жұмысым. Еңбектерім осы күнге дейін сақтаулы. Мысалы, теміржол вокзалы, автовокзал ғимараттарының сыртын көркемдеп, безендіргендердің бірі мен едім, - деді Махмұд Бейсембаев.

Қарт майдангер Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі орденінің иегері, Беларуссия президенті Александр Лукашенко мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамоталарымен, өзге де көптеген наградалармен марапатталған. Бүгінде Тараз қаласында 7 ұл-қыз, 21 немере, 12 шөбересінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Өзгелердің жаңалығы