Майнюра Мурзамадиева: Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы

10 Сәуір 2021, 17:47
4429
Бөлісу:
Майнюра Мурзамадиева: Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы
EX
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жуырда киелі өңірдің орталығы Түркістан қаласында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті болып өтті. Онлайн форматта өткізілген кездесу барысында түркі әлемі үшін маңызды әрі ауқымды мәселелер талқыланды. 

Онда бірлесіп өткізетін рухани құндылықтар, ортақ мақтаныш ететін тұлғалар туралы декларация бекітілді. Біз осыған орай, киелі жердің төріне ту тіккен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнюра Мурзамадиевамен саммиттің маңыздылығы мен университеттің келешегі туралы әңгімелескен болатынбыз.

– Майнюра Саветқызы, жуырда киелі шаһарда өткен түркітілдес елдердің бейресми саммиті болып өтті. Аталған басқосу неліктен маңызды, несімен құнды болды деп ойлайсыз?

– Иә, жуырда өткен самиттің айтарлықтай саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда түркітілдес мемлекеттер үшін маңызы зор болды. Олай дейтінім, ең бастысы біздер үшін саммитте қатысушылар, түркітілдес елдердің ортақ жауһарлары мен танымал тарихи тұлғаларды ұлықтау сөз болды. Оның ішінде бірегейі Яссауиге тоқтала кетсек, ол дініміз ислам тағылымын тереңінен насихаттап қана қоймай, ортақ түркі мектебінің негізін қалыптастырды. Сөз жоқ, Қожа Ахмет бабамыз күллі түркі әлеміне философияның дамуына зор ықпалын тигізген тұлға. Сол себепті бүгінгі ғалымдар Яссауидің құнды еңбектерін жоғары бағалап, саммит аясында атап өткені орынды деп ойлаймын. Бұдан бөлек, осы саммит кеңесінде стратегиялық маңызы бар өңірлік жобалар, көлік, кеден, энергетика және инфрақұрылым саласында ірі-ірі жобалар алға қойылды. Түркі кеңесінің Түркістан жерінде өткізілуі де біз үшін мақтаныш әрі құнды бастама. Түркі кеңесі осыдан 12 жыл бұрын құрылған екен. Осы саммитте ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Түркі кеңесінің атауын өзгерту жөніндегі бастама көтерді. Сонымен қоса осы биыл күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитінде аталған құжаттарды дайындауды тапсырды. Елбасының осы тапсырмасы көңілімнен шықты.

– Саммит кезінде өзіңіз басқарып отырған Халықаралық туризм және меймандостық университеті тарапынан қандай қолдаулар көрсетілді? Студенттерге түркі елдерінің ынтымақтастығын қалай түсіндіріп жатырсыздар?

– Cаммит уақытында университет студенттері жан жақты атсалысты. Саммит қарсаңында болған дайындық іс-шараларына көмекші фронт ретінде студенттеріміз гид, ал ағылшын тілі оқытушылары келген қонақтарға аудармашы қызметімен көмек көрсетуге дайын болған. Алайда, саммиттің онлайн өткізілгеніне байланысты, барлық шаралардың форматы өзгерді. Сонымен қатар, университетіміздің Құзыреттілік орталығы Түркістан қаласы және қалаға жақын аймақта жұмыс істейтін полиция қызметкерлерін туризм саласында «Құқықтық сауаттылық және құқықтық мәдениет» атты семинардан өткізіп, 150-ден астам қызметкерге бекітілген үлгідегі сертификат беріліп, саммитке келген қонақтарға қызмет көрсетуге дайындаған болатынбыз.

– Үш жыл бұрын құрылған Түркістан облысының жаңарып, қайта жандануына өзіңіз басқарып отырған оқу орны қандай үлес қоспақ деп ойлайсыз?

– Иә, Түркістанды аз уақытта осыншама құлпырып, тез өзгереді деп ешкім күткен жоқ. Бұл киелі қала өзіңіз білесіз Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан төл тарихымыздың куәсі. Бұл жерде ежелден сауда-саттық орнаған. Сондықтан көне қалаға үкімет облыс орталығы статусын беріп, оның  тарихи маңызын  қайта жандандыратын стратегиялық шешім  қабылдауы өте орынды деп білемін. Сол себепті Түркістан жерінде  Халықаралық туризм және меймандостық университетінің  ашылуының  мәні де Елбасының шешімімен астасып жатыр. 2018 жылы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық туристік саланы дамытудың маңыздылығын атап өтіп, елімізде алғашқы бейінді халықаралық туризм және меймандостық университетін құру қажеттігі туралы айтқан болатын. Өз кезегінде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумы кезінде туризм саласында білікті кадрларды даярлаудың өзектілігі мен қажеттілігін атап өткен еді. Өйткені біздің елімізде осы, бәлкім, ең қызықты салада әлемге ұсынатын нәрселеріміз бар. Осылайша, ҚР Үкіметінің қаулысымен 2019 жылдың наурыз айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды. Аталмыш оқу орны елімізде бірінші мамандандырылған ЖОО болғандықтан, нарықтың сұранысына сай білікті, алғыр, халықаралық туристік объектілерде тәжірибеден өткен туризм саласының мамандарын дайындау біздің басты мақсатымыз. Тек облыс төңірегінде ғана емес, еліміздің ішкі туризм саласының да дамуына атсалысамыз. Ал Түркістан облысына келетін болсақ, өлкеміздің тарихи-мәдени нысандарының сақталуына және жаңа туристік бағыттардың құрастыруына, кәсіби гид мамандарымен қамтамасыз етуді міндет етіп қойып отырмыз.

– Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы ретте оқу орнында қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатырсыздар?

– Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай университетімізде әртүрлі іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер, студенттер арасында эссе-презентация конкурстары, спорттық шаралар қатарынан Халықаралық, Республикалық бокстан және күрестен, тоғызқұмалақтан турнирлар және Республикалық пәндік олимпиада ұйымдастырғалы отыр. Бұл олимпиадаға еліміздің 10-11 сынып оқушылары қатысуға мүмкіндік алады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шаралардың біршама бөлігі онлайн форматта өткізілуде.

– Түркістан – рухани қала. Осынау көне де киелі жерде туризм мен меймандостықты арттыру үшін де оқу орны ашылды. Әне-міне дегенше оқу жылының соңы да таяп қалды. ҰБТ тапсырған түлектер сіз басқарып отырған универсиетті таңдауы үшін бес ірі себепті атап өтсеңіз.

– Иә, әрине университетіміздің Түркістан жерінде бой көтеруі біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар аса жауапкершілікпен қарайтын маңызды бастама. Бірінші оқу жылына қабылданған студенттеріміз, алғашқы оқу жылын сәтті тәмамдауда. Ал келесі қабылданатын талапкерлерге келесідей 5 себепті ұсынамыз: бірінші, сапалы білім жарқын болашақ кепілі. Университемізде ең үздік отандық және шетелдік профессорлар-оқытушылар құрамымен қамтылғандығы, жоғары сапалы білімнің айқын кепілі. Осы себептен, университет түлектері еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары білімді маман болып шығуына бірден бір себеп. Екіншіден халықаралық тәжірибе. Бүгінгі таңда университетіміз әлемнің туризмді оқытатын ең үздік ЖОО-мен қарым-қатынас орнатуда. Атап айтқанда, «Туризм және қонақ үй менеджменті институты» (Австрия), «Жібек жолы халықаралық туризм университеті» (Өзбекстан), «Тейлор университеті» (Малайзия), «Мәдени мұра институты» (БАӘ), Пегас білім беру тобы «KinderWorld» (Сингапур), «Ресей Халықтар Достығы университеті» (Ресей Федерациясы), «Анталия туризм академиясы» (Түркия), «Алгарве университеті» (Португалия), «Братислава Экономикалық университеті» (Словакия), «Анже университеті» (Франция) сынды ЖОО студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасы, практикалардан өтуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, «Қос диплом немесе 3+1» бағдарламасы. Бұл жерде студенттеріміз шетелден тәжірибе жинап келеді. Оқу бітірген соң түлектеріміз халықаралық деңгейде сұранысқа ие болу үшін арнайы «3+1» бағдарламасын құрдық. Аталған бағдарлама аясында Еуропа, Орталық Азия және Оңтүстік-шығыс елдерінің алдыңғы қатардағы ЖОО-ларымен төрт жылдық бірлескен халықаралық білім беру бағдарламаларын құрдық. Яғни байқағаныңыздай оқу орнымыздың түлектері қатарынан екі диплом алып шығады. Студенттер елімізде үш жыл оқыса, қалған бір жылын қосымша серіктес жоғары оқу орнында аяқтайды. Бұл дегеніміз түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын, жұмысқа орналасу және алған кәсіптік білімді іске асыру үшін таңдау мүмкіндіктері арта түсуіне ықпал етеді. Төртіншіден, «Студенттік тегін тіл орталығы». Студенттеріміздің жан жақты дамуы мақсатында, арнайы тіл орталығы қызмет атқарады. Бұл тіл орталығында студент тегін 5 тілдік курстарға қатысуға мүмкіндік алады. Сабақты өткізетін мамандар, орысша айтқанда «носитель языка» болып саналады. Қазіргі таңда келесідей курстар жұмыс жасауда: ағылшын, итальян, француз, түрік, араб тілдері. Бесінші себеп, студенттік жарқын өмір. Университет қабырғасында студенттер арасында «студенттік парламент», әртүрлі спорттық үйірмелер, волонтерлық ұйымдар құрылған. Үйірмелер аясында студенттер, қызықты cтуденттік шақтарын өткізіп, белсенді студенттер қатарына қосыла алады.

– Мағжан ақын айтқандай Түркістан қаласын Түркі әлемінің бесігі ету үшін үш жыл ішінде көптеген жұмыстар жасалды. Бірақ жақсылық көптік етпейді демекші, Түркі әлемінің туризмі Түркістаннан бастау алады дегізетіндей қандай арман, жоспарларыңыз бар? Жергілікті билікке қандай ұсыныс жасар едіңіз?

– Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Ең басты арман-тілектерімнің бірі, әрине еліміздің амандығы, халқымыздың әлеуеттік жағдайының өсуі және еліміздің туризм саласының дамып өркендеуімен қатар осы саланы дамытатын жоғары сапалы мамандар даярлап шығару. Ал ол үшін, әлемдік деңгейдегі стандарттарға сәйкес университет құру біздің басты мақсатымыз және осы мақсат аясында аянбай еңбек етудеміз. Бүгінгі таңда аймақтағы туризмді дамытудың негізгі проблемасы қызмет көрсету саласы дер едім. Туризм саласына жетіспейтін құралдарды жетілдіріп шығару, жұмыссыз тұрғындарды туризм саласына тарту және кәсіпкерлерді қолдайтын аймақтық картасын құру бойынша әртүрлі жұмыстар атқарып жатырмыз. Туризм саласындағы жергілікті әкімшілікпен бірлескен жұмыс өзара іс-қимылдарымыз нығайып, тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері кеңейеді деп сенемін.

– Саммит барысында Түркістан күллі түркі әлемінің рухани астанасы болып ресми бекітілгенін білесіз. Бұл Қазақстанға, жалпы халыққа не береді, рольдік маңызын айта кетсеңіз.

– Түркістан облысы 2018 жылы 19 маусымда құрушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен орталық мәртебеге көтерілді. Ғасырлар бойы тарихи Жібек жолының рухани, саяси және сауда өмірінің қолқа жүрегі болған Түркістан 1991 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялауымен қайтадан жандана бастады. Түркістан облысы 2 милионнан астам адам санымен Еуропа мен Азияны өзара жалғаған тарихи Жібек жолының үстінде тұр. Қазақстанда үш жылдың алдында Түркістан облысының орталығы деп жарияланған байырғы қала Түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы ретінде белгіленгені біз үшін үлкен дәреже.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы