Бас жаңалықтар
Медицина қызметкерлерінің мәдениеті төмен – әкім
19 Ақпан 2020, 21:26 250

Медицина қызметкерлерінің мәдениеті төмен – әкім

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында балабақша мәселесі былтыр толығымен шешілген. Алайда, бүлдіршіндердің санының өсуіне байланысты келесі жылы кем дегенде 27 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылады. 

Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халық алдындағы есеп беру жиынында айтты.

Облыс әкімі, сондай-ақ білім сапасына тоқталды. Мемлекет білім саласы қызметкерлерінің барлық жағдайын жасауда. Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет педагог мәртебесін арттыру жөнінде Заң қабылданып, 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Ұстаздардың айлық жалақысы жыл сайын 20-25 пайызға өсу үстінде. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысын 2,5 есеге ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Мектептер де еселеп салынып жатыр. Алайда, мұның ешқайсысы білім сапасын арттыруға әсерін тигізіп отырған жоқ. Мен мұны мұғалімдермен кездескен сайын үнемі айтып жүремін, біз енді осыған көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе, тәрбие мәселесі өзекті күйінде. Рухани тәрбиені қолға алып, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға атсалысу қажет, - деді Бердібек Мәшбекұлы.

Оның сөзіне қарағанда, биыл Жамбыл облысында кем дегенде 14 мектеп салынады. Апатты жағдайдағы мектептердің бәрі жойылады.

Ал үш ауысымдағы білім ошақтарын жою мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені, халықтың да, балалардың да саны өсіп жатыр, - деген облыс әкімі денсаулық сақтау саласының да мәселелерін алға тартып, қызметінің сапасына тоқталды.

Аймақ басшысының пайымынша, білім саласына қандай жағдай жасалса, денсаулық сақтау саласы да сондай қамқорлықтан кенже емес. Алайда, медицина қызметкерлерінің мәдениеті, сана-сезімі, этикасы өте төмен.

Бұл жөнінде талайдан бері айтылып жүр бізде. Енді осы проблемамен жұмыс істеуіміз керек. Мен дәрігерлерге айтарым, сіздер Гиппократ антын қабылдадыңыздар, ешқандай бюрократия, "Ертең кел, арғы күні кел" деген болмауы керек. Сіздің алдыңызға науқас келді ме, алғашқы дәрігерлік көмекті көрсетіңіз. Сол себептен ең үлкен жұмысты осы салада істейміз, - деді Б.Сапарбаев.

Жамбыл облысының әкімі биылғы қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырыла бастағанын еске салып, сәуірде межесіне жететінін айтты.

Бұл жөнінде де халыққа түсіндіру жұмыстары жасалу керек. Менің ойымша, әлі де, әсіресе ауылдық аймақтарда бұл жүйені түсінбегендер бар. "Үкімет аман болса, өлтірмейді" дейтін заман өтті, басқа уақыт қазір. Дәрі-дәрмек жөнінен енді үлкен мәселе болмайды. Оның үстіне, тегін берілетін дәрі-дәрмектің санын тағы көбейттік. Оған қосымша, бұрын 5 жасқа дейінгі балаға ғана тегін дәрілер берілетін. Қазір оны 18 жасқа дейін ұзарттық. Тек СК "Фармация" мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауапты министрлікке дер кезінде тапсырыс беру қажет, - деді ол.

Бердібек Мәшбекұлы жастарды тәрбиелеу бағытында бұқаралық спорттың маңыздылығын тілге тиек етіп, бұл тұрғыдағы көрсеткіштердің көңіл көншітетінін атап өтті.

Фото: автордан
Загрузка...