Мемлекеттен 505 мың теңге грант алып, роботехниканы үйреткен

31 Наурыз 2020, 20:18
2868
Бөлісу:
Мемлекеттен 505 мың теңге грант алып, роботехниканы үйреткен
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласында жаңа заман кәсібін меңгеріп, балаларға техникалық білім беру ісіне маманданған жастар бар. Мемлекеттің жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларына қатысып, бизнесін өркендетуге мүмкіндік алған жастардың бір тобы "Robo park" техникалық білім беру орталығының жұмысын дөңгелетіп отыр. 

Бұл орталық роботехниканы үйретеді.

robo park (3).jpeg

Техникалық білім беру орталығының ашылғанына 2 жылдан асыпты. Мұнда 4-16 жас аралығындағы балалар робототехниканы, яғни робот құрастыру және құрастырған роботқа бағдарлама жазу мен бағдарламалау бағытында жұмыс істейді. Балаларға робот құрастырумен қатар бағдарлама жазуды да үйретеді. Бұл баланың логикалық ойлау қабілетін, ұсақ маторикасын , кеңістікте ойлау қабілетін дамыту мақсатында көптеген қасиеттерін ашады екен.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Жас кәсіпкер" жобасына қатысып, кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгерген Жансұлу Ертаева осы орталықта қызмет етеді. Ол «Жас кәсіпкер» жобасы аясында оқып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Осылайша кәсібін дамытып, бүгінде жастар кәсіпкерлігін заманауи білім беру ісімен байланыстыра үйлестіріп отыр. Аталған жоба нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бұл кәсіпппен айналысуға мамандығым тікелей түрткі болды. Менің мамандығым – бағдарламашы. Алматы қаласынан оқуымды аяқтап келгеннен кейін Шымкент қаласында жеке кәсіп бастап, білім беру орталығын ашуды ойладым. Орталықты ашқан кезде ең алдымен білікті мамандар жинау басты мақсатымның бірі болды. Мұғалым информатика пәнінен педагог болуы кеерк болды, балалармен өте жақсы тіл табысып, жоғары деңгейде жұмыс істей білуіне назар аудардым. Осындай критерийлерге қарап мұғалімдерді таңдадым. Біздің оқу орталығымыздың бір ерекшелігі - тренерлеріміздің арнайы жазған қазақ тіліндегі әдістемелік оқу құралымыз бар. "Роботехника және конструкциялау" деп аталатын әдістемілік құралда бағдарламау әліппесінен бастап бағдарламалаудың сан тәсілі қазақ тілінде түсіндірілген. Бұл кітап баланың роботты нөлден бастап жүргізіп кету қабілетін ашады. Кітабымызды қазір Шымкент қаласындағы көптеген мұғалімдер өздерінің сабақтарында қолданып жүр. Мұндай оқу құралдары көбінесе орыс тілінде жарық көріп жатады. Сондықтан біздің әдістемелік құрал қазір көптеген ұстаздардың көмекші құралына айналып отыр, - дейді Жансұлу Ертаева.

Ол 2019 жылдың шілдесінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Жас кәсіпкер" деп аталатын жобасы туралы естіп-біліпті. Сол жоба аясында оқып, алғашқы түлектерінің бірі атанған.

Бұл оқуды 1 ай оқу керек. Шәкіртақысы да бар. Мен жақсы оқып, жобамды үздік қорғап, 505 мың теңге грант ұтып алдым. Қазіргі таңда өз кәсібімді дөңгелетіп отырмыз, - дейді Жансұлу Ертаева.

Роботехника мектебінің тренері Абзал Әлібековтың сөзінше, қазіргі таңда олар оффлайннан онлайн платформаға ауысып жатыр екен.

Қазір оқушыларымыздың барлығын карантинге жібердік. Онлайн платформа жасап жатырмыз. Бала үйде отырып, пайдалы іспен айналыса алады. Олар роботтардың программасын жазып, ойын құрастыру дағдысын, компьютерлік сауаттылық пен онлайн сауатын дамытып жатырмыз. Дәл қазіргі жағдайда біздің оқу орталығымызда 67 бала білім алады. Карантинде балалардың келуін тоқтатқанымызбен, жұмыс тоқтамады. Онлайнда жалғастырып жатырмыз, - дейді Абзал Әлібеков.

robo park (4).jpeg

Бұл орталықтағы балаларды екі топқа бөледі. Бірінші топқа 4 және 8 жас аралығындағы балаларды қабылдап, 6 ай оқытады. Ал 8 бен 16 жас аралығындағы балаларды да бірге қабылдайды. Оларға арналған бағдарлама бір жылға жуық созылады.

Жансұлу Ертаеваның айтуынша, орталықтың алдына қойған бірнеше мақсаты мен міндеті бар. Міндет-мақсаттарды орындау үшін аянбай жұмыс істейміз, деген кәсіпкер соның барлығын санамалап берді.

- Біріншіден, барлық балаға, оның әлеуметтік жағдайы, тұратын жері, оқитын мектебіне қарамастан, робототехникамен шұғылданып, халықаралық, республикалық олимпиадаларға қатысуына мүмкіндік беру. Екіншіден, «Роботехника» пәнін Қазақстан Республикасының білім жүйесіне жеке оқу пәні ретінде енгізілуіне әрекет ету. Үшіншіден, мектепте оқытылатын негізгі пәндерін (математика, физика, бағдарламалау) робототехниканы қолданып оқыту ісін жетілдіру. Төртіншіден, балаларды зеріктіретін оқу әдістемесін ойын форматына өткізуге әдістемелер дайындау. Бесіншіден, Қазақстанның барлық роботехниктерін бір ортақ жүйеге біріктіріп, олардың өзара сапалы тәжірибе алмасуына ұмтылу. Алтыншыдан, роботехника бағытын танымал етіп, жұрт білетін үйірме түріне айналдыру үшін түрлі сайыстар, олимпиадалар өткізу. Жетіншіден, робототехника бойынша семинарлар, конференциялар, шеберлік сабақтарын ұйымдастыру. Сегізіншіден, қазақстандық робототехниктер және халықаралық ұйымдар арасында тәжірибе алмасу үшін бірыңғай білім базасын құрып, дамыту. Тоғызыншысы, еліміз әлемнің озық мемлекеттері қатарына еніп, көш бастауы үшін жоғары білікті кадрлар дайындауға үлес қосу, - дейді Жансұлу Ертаева. 

Оның сөзінше, робототехника баланың оқуға деген ынтасын оятады. Бала мектептегідей партада отырмай, практикалық жаттығулар жасайды. Қарапайым темір мен пластмассаны біріктіріп, бағдарлама жасап, түрлі заттар жасауға болатынын біледі. Осылайша қиялын ұштап, қоршаған ортаны таниды. Матемика мен физиканы басқа қырынан түсінеді. Формулалардың жай формула емес, өмірде қажет есеп екенін біліп, соны іс-тәжірибеде қолданады. Моделдеуді, бағдарламалауды, роботтарды жинап, құрастырып, басқаруды, сызбасын әзірлеп, ғылыми жобалар дайындауды, электрониканы меңгереді екен. 

- Бізде сабақ екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Аптасына 1,5 сағаттан екі рет сабақ болады. Бір топтағы адам санын 6 баладан асырмаймыз. 4-8 жастағыларды легокидс, ал 9-16 жастағыларды рободжуниор, деп атаймыз. Сабақ кестесін топ құрылуына қарай қоямыз. Оқу материалдары мен жұмыс компьютерін береміз, ал қуат батареясын әр бала өзі әкеледі. Курсты тәмамдаған соң жас робототехник сертификатын береміз, - дейді Жансұлу Ертаева.

Мемлекеттен тікелей грант алып, ісін дамытқан орталықтың оқушылары халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысады.

Республикалық деңгейдегі жарыстарға көбіне өзіміз көбінесе төреші боламыз. Алматы мен Қарағандыға өте жиі барамыз. Ең алғаш Алматы қаласындағы олимпиадаға қатысып сол кезде алғашқы үш орынды балаларымыз жеңіп алған болатын. Бұл – өте үлкен жетістік. 204-тан астам команда бақ сынаған жарыс болды. Оындай көптеген жетістіктерімізбен мақтана аламыз. Біздің орталықта балалар математика, физика сынды пәндерді ойын технологиясы арқылы үйренеді. Мен сабақ оқып жатырмын, лекция жазуым керек деп емес, мен роботты жүргізуім керек, менің ойлау қабілетім роботтан тез болу керек деп отырып, өзінің қалай білімін жетілдіріп жатқанын аңғармай қалады. Олар ойын арқылы мамтематикалық формулалар жазады. Осының бәрі баланың ойлау қабілетінің жетілуіне үлкен септігін тигізеді. Осылайша біздің орталықтан алгоритм жазып шығуды үйренеді. Алғашында ата-аналар робототехника дегенді ойыншық деп қабылдайтын. Кейін келе баласының жетістіктерін көріп, роботты өзінің баласы құрастырып, оны өзі жүргізгенін көрген соң түсіне бастады. Алғашында бәрі телефонмен басқарылады, деп түсінген ата-аналар қазір сол телефонға да арнайы бағдарламаларды балалары жазатынын көрген кезде қатты ризашылықтарын білдіріп жатады. Бұл бізді қуанатады, - дейді Абзал Әлібеков.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы берілген 505 мың теңге мемлекет қаржысының да сұрауы бар.

Біз ол қаржыға қажет техникамызды алдық. Бұл бізге өте үлкен көмегін тигізді. Соның арқасында жеке кәсібімізді аша алдық. Мықты тренерлерден дәріс алдық. Білікті мамандар дұрыс жол нұсқады. Бұл қаржыны да жайдан-жай бере салмайды. Өзің жоба дайындайсың, оны қорғап шығуың керек. Қорғап шыққан соң, өзіңе деген сенім пайда болады. Жастарға жалпы, кәсібін ашқысы келетін адамдарға өте жақсы мүмкіндік жасаған бағдарламаға алғысымды білдіремін, - дейді Жансұлу Ертаева.

Өзгелердің жаңалығы