Бас жаңалықтар
Мемлекеттік сатып алуда заң бұзушылықтың қайталануы азаймай отыр
21 Ақпан 2020, 18:55 221

Мемлекеттік сатып алуда заң бұзушылықтың қайталануы азаймай отыр

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіп бастау қиын емес. Қаржысы бар адам жоспар құрып, түрлі жобаларын жүзеге асыра береді. Бірақ оны қарқынды дамыту қиын, дейді Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Дүйсенбаев.

Әрине, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, кәсіпкерлікті ілгерілету мақсатында түрлі тексерістер жүргізуге мораторий енгізіліп, салықтан босатылды. Осының нәтижесінде өңірде қолға алған ісін дөңгелетіп, қаншама адамды жұмыспен қамтып, сапалы өнім шығарып жатқан кәсіпкерлер қатары артып келеді. Десе де бизнестің дамуы үшін мемлекеттің қамқорлығынан бөлек, адал бәсекелестік керек. Яғни, қолында билігі барлар бизнеске адалдық танытып, нағыз бәсекелестік туғызып, шын мықтыға қолдау көрсетпесе, істің бәрі бекер, - дейді ол.
Жергілікті тексеріс органының өкілі лауазымды тұлғалар арасында мемлекеттік сатып алуда өз дегенін жасау үшін небір қитұрқы әрекеттерге баратындары бар екенін де айтты. Мұндай жайттар мемлекеттік сатып алу ісіндегі "бір көзден" беру тәсілін жүзеге асыру кезінде көп кездеседі екен.
Міне, заңды аттап өтудің "көкесі" осы "бір көзде" жатыр. Алдымен біліктілік талаптарына сәйкес келмеді деп лайықсыз компанияларды електен өткізеді. Яғни, жеңімпаз компанияны мойындамайды. Сосын "конкурс өтпеді" деп жариялап, алдын ала келісіп алған компаниямен келісімшартқа отырады. Сонда тендердегі бәсекелестік, сатып алудың ашықтығы қайда қалды?, - деген Алмас Дүйсенбайұлы осындай жөнсіздікке департамент қызметкерлері тосқауыл қойып келе жатқанын да айтты.
Оның сөзінше, өткен жылы 89 662 мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін департамент тарапынан тапсырыс берушіге 2 823 хабарлама жіберіліпті. Ал мемлекеттік сатып алу веб-порталының мәліметіне сүйенсек, былтыр өткізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша департаментке заңды және жеке тұлғалардан 816 арыз-шағым түсіп, 233 арыз қанағаттандырылған. Ішінара қанағаттандырылғаны – 340 арыз.
Жалпы, мемлекеттік сатып алу кезінде заңсыз жеңімпазын айқындау фактілері анықталған 665 тапсырыс берушіге хабарлама жіберілді. Соның ішінде әлеуетті өнім берішілерді заңсыз жіберу бойынша анықталған 377 тапсырыс берушіге заң бұзушылыққа жол бергені үшін хабарлама жолданды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысуға әлеуетті өнім берушілерді заңсыз жібермеу бойынша да анықталған 119 тапсрыс берушіге де осындай хабарлама жіберілген болатын, - деп түсіндірді департамент өкілі.

Осы хабарламалардың нәтижесінде мемлекеттік сатып алудың қорытындысы туралы хаттамасы қайта шығарылған. Сөйтіп мемлекеттік сатып алудың заң аясындағы жеңімпазы белгілі болыпты.

А.Дүйсенбайұлы, өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алу саласы бойынша заң бұзушылықтың қайталануы азаймай отырғанын да тілге етті. Статистикаға жүгінсек, 2019 жылы заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты 1 097 әкімшілік хаттама толтырылып, 81 миллион теңгеден астам айыппұл салынған екен.

Бұл салада жиі қайталанылатын заң бұзушылықтар бар. Мәселен, бәсекелестік ортаны сақтамай бір көзден келісімшарт жасау. Бұл бойынша 560 факті анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін уақтылы қарамау салдарынан 316 факті белгілі болып, әкімшілік хаттама толтырылды. Хабарламаларды орындамаған 30 факті әшкере болып, оның да соңы әкімшілік хаттама толтыруға әкеліп соққан. Мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы да 46 фактіге әкімшілік хаттама толтырылған болатын. Заң бұзушылыққа жол беру өз кезегінде бюджет қаражатының уақытылы әрі тиімді игерілуіне, үнемделуіне, мемлекеттік бағдарламалардың, орталық аппарат пен өңір басшысының тапсырмаларының уақытылы орындалуына кері әсерін тигізеді, - деген спикер барлық іс-шараның заң аясында орындалғаны дұрыс екенін айтты.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...