Министр қанша жерді шетелдіктерге бергендерін айтты

29 Сәуір 2021, 10:56
3179
Бөлісу:
Министр қанша жерді шетелдіктерге  бергендерін айтты

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Жалпы ауданы 74,4 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдік қатысумен жеті заңды тұлға жалға алып отыр.  Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Оның ішінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына арналған ауданы 5,9 мың гектарды 1 кәсіпорын, Павлодар облысында ауданы 32,2 мың гектар ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жері бар 1 кәсіпорын, Атырау облысында 1,6 мың гектар жер 1 кәсіпорында және Ақмола облысында жалпы алаңы 34,7 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4 кәсіпорын бар, - деді Сапархан Омаров. 

Оның айтуынша,сонымен қатар екі шетелдік компания жұмыс істейтінін, бұл Шығыс Қазақстан облысында 14,9 мың гектар алқапта 1 кәсіпорын және Жамбыл облысында 3,6 мың гектар алқапта 1 кәсіпорын бар екенін айтты. 

Бұл жерлердің барлығы мемлекетке қайтарылады. Осы компаниялар бұл жерлерді мораторий енгізілгенге дейін жалға алған. Бұл ретте осы шетелдік компаниялардың ауыл шаруашылығы жерлерінің жалдау мерзімдері 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде аяқталады. Тиісінше, жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа мерзімге ұзартылмайды, өйткені бүгінгі күні талқыланған заң жобасы шетелдік жер пайдаланушыларға және әртүрлі бірлескен кәсіпорындарға жер беруге толық тыйым салуды қарастырады,- деді министр.

Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.

Заң жобасында шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға (өз отанына оралған этникалық қазақтарға) ауылшаруашылық жерлерін беруге толық тыйым салу қарастырылған.

Шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен бұрын жалға алынған ауылшаруашылық жерлерінің шарттары ұзартылмайды және оларды пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иеленеді.

Қандастар жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады.  Сонымен бірге, олар ауылшаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуына болады.

Өзгелердің жаңалығы