Министр: Венгрия біз үшін ұзақмерзімдік экономикалық әріптес

27 Қараша 2020, 18:58
1273
Бөлісу:
Министр: Венгрия біз үшін ұзақмерзімдік экономикалық әріптес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Венгрия үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы бейнеконференция форматында өтті.

Қазақстан делегациясын Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Венгрия делегациясын вице-премьер-министр, Венгрия Қаржы министрі Михай Варга басқарды. Бұл туралы ҚР ҰЭМ баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыстың ауқымды күн тәртібі екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрін қамтыды. Диалог барысында тараптар қазақстандық-венгерлік экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайын, даму перспективаларын және екі елдің экономикалық өсуін қалпына келтіру үшін қабылданып жатқан шараларды талқылап, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі туралы пікір алмасты.

Отырысқа қатысушылар COVID-19 пандемиясымен күрес контекстіндегі Экономикалық даму перспективаларына және оның Қазақстан мен Венгрия экономикалары үшін салдарына баса назар аударды.  

Біз, бұрынғыдай, сындарлы диалогты нығайтуға және Венгриямен практикалық өзара іс - қимылды кеңейтуге бағытталған берік бағытты жалғастырудамыз. Венгрия біз үшін - сенімді және ұзақмерзімдік сыртқы экономикалық әріптес. Бізді тарихи өткеніміз бен ортақ мәдениетіміз байланыстырады, - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, әлемдік саудадағы жағымсыз үрдістерге қарамастан, Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымының өсуі жалғасуда. 2020 жылғы 9 айда сауда көлемі осы кезеңмен салыстырғанда 12%-ке өсіп, 85 млн. долларды құрады.

Қазақстанда 29 венгерлік кәсіпорын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі саласындағы 37 бірлескен қазақстандық-венгерлік кәсіпорын өз қызметін табысты жүзеге асыруда.

Қазақстан мен Венгрия кедергісіз өзара сауданы қамтамасыз ету үшін әрі қарай күш-жігер жұмсауға және екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен іске асырылып жатқан және перспективалық жобалар туралы ақпарат алмасуға келісті.

Дәленов, соңында, айтылған бастамалар мен қабылданған шешімдер екі елдің стратегиялық әріптестігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы