Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 8 орталық іске қосылады

2 Желтоқсан 2020, 11:28
2380
Бөлісу:
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 8 орталық іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Қазақстанда 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мүгедек адамдардың саны 705 500 адамды (оның ішінде балалар 93 900) құрады. Елімізде медициналық оңалту қызметін көрсету үшін 500-ден астам медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 37-сі ересектерге және 23-і балаларға арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандар басқаларымен бірқатар профилактикалық-диагностикалық емдік медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектерді қамтитын тегін медициналық көмек көлемімен қамтамасыз етілген. 2020 жылы медициналық оңалту қызметін 567 жеткізуші көрсетеді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 8,9 есеге көп. Биыл жеткізушілермен 638 051 қызмет көрсетуге шарт жасалды (былтырға қарағанда, 15%-ға өскен). 2020 жылы медициналық оңалту қызметтерімен мұқтаж адамдардың 60%-ы қамтылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары, - деді ол. 

Министр 2021 жылы көрсетілетін қызметтермен қамтуды 75%-ға дейін ұлғайту, ал 2025 жылы мүгедектігі бар барлық мұқтаж адамдарға медициналық оңалту қызметтерін ұсыну жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2020 жылдың 10 айында амбулаторлық емханалық көмек шеңберінде жалпы сомасы 11 млрд теңгеден астам 6,4 миллион қызмет, стационарлық-медициналық көмек шеңберінде 90 млрд теңгеден астам сомаға 384 мың қызмет көрсетілген.

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға 5,1 млрд теңге сомасына 21 737 рецепт (оның ішінде балалар үшін 2,2 млрд теңге сомасына 6 859 рецепт, ересектер үшін 2,8 млрд теңгеге 14 878 рецепт) жазылып берілді. Балалар мүгедектігінің алдын алу үшін неонаталдық хирургия, балалар кардиохирургиялық қызметін, онкогемотологияны дамыту шаралары іске асырылуда. Есту қабілетін қалпына келтіру бойынша операциялар жасалады. Қант диабетінің асқынуын болдырмау үшін 2008 жылдан бастап анықталған науқастар инсулин помпаларымен тегін қамтамасыз етіліп келеді, - деді ол. 

Алексей Цой денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мүгедектерге медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары көзделгенін атап өтті. 

Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік тетіктерін тарту арқылы 10 өңірде (Алматы, Ақтөбе, Абырай, ШҚО, БҚО, Қостанай, Маңғыстау, СҚО, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы) балаларды оңалту орталықтарын ашу жоспарлануда.  ҚР Тұңғыш Президенті қорының балаларға арналған оңалту орталықтары желісін кеңейтудегі белсенді рөлін атап өту қажет. Осы жылдың соңына дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 8 балалар орталығы іске қосылады. Бұл орталықтарды пайдалануға беру 45 мыңнан астам балаға медициналық оңалту қызметін көрсетуге мүмкіндік береді, - деді Цой.
Өзгелердің жаңалығы