Музыкалық культураны қатырдық, бірақ "физический культура" оңбай тұр – Бекболат Тілеухан

24 Ақпан 2020, 17:26
1817
Бөлісу:
Музыкалық культураны қатырдық, бірақ "физический культура" оңбай тұр – Бекболат Тілеухан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеухан бұқаралық спорттың насихаты кемшін түсіп жатқанын жеткізді. 

Спорт – халықтың мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ұлттық ойындарды көріп, халықтың тұрмысын көреміз. Жалпы, жер бетінде 7 млрд адам болса, соның 18 миллионы Қазақстанда тұрады. Еліміз спорт державасы ретінде өз орнын ойып алды. Қолынан қаруы түспеген елдің спортқа деген бейім болуы заңды нәрсе. Жалпы, бұқаралық спорт деген не? Бұл – халықтың денсаулығы. Жаппай ел қимылдаса, спортпен шұғылданса – ол халықтың денсаулығы мықты болады. Бұл саланы дамытуға қаржы керек деп жатырмыз, ол түсінікті мәселе. Оған дау жоқ, сөз жоқ. Бірақ идеология, насихаттың маңызы да кем емес. Мысалы, телеарнаның ақпараттық ықпалының орасан нәрсе екенін білеміз ғой?! Насихаттың арқасында қазір әнші емес адам қалмады. Дауысының бар-жоғы бәрібір болып тұр. Бұрын даусы барлар әнші болатын, қазір аузы барлардың бәрі әнші. Музыкалық культураны қатырдық, физический культура оңбай тұр, - дейді Бекболат Тілеухан.

Ол қазір балалардың көбісі үйден компьютер мен планшеттің, яғни смартфонның алдында шұқшиып отырғанын және балаларды сыртқа шығарып, спортпен айналысуына итермелеу үшін насихат жетіспей жатқанын айтты. 

Қазақ ойын баласы деп айтады, 13 жасқа дейін оның өмірінің негізгі мәні ойында. Жүгірген баланың денсаулығы мықты болады... Семіріп кеткен, ауланы екі айналса ентігіп қалатын баланың майын сылып, бұлшықетін қалыптастыру үшін, сондай-ақ компьютер немесе смартфонға шұқшиып қалған баланы далаға ойнауға алып шығу үшін бұқаралық спортты жақсылап насихаттауымыз керек екені түсінікті. Бұл үшін насихат керек! Насихат өзінің дәрежесінде емес. Cocа-Cola ішіп кекіріп жүрген баланың денсаулығын мықтау үшін бұқаралық спорттың маңызы зор, - дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы