"Мына жерде ең үлкен адам тұр екен ғой!" Елбасы тұсауын кескен Ислам

29 Қараша 2019, 22:10
7328
Бөлісу:
"Мына жерде ең үлкен адам тұр екен ғой!" Елбасы тұсауын кескен Ислам
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан жиырма екі жыл бұрын алғашқы Достық үйінің ашылуы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұсауын кескен өскемендік Ислам Асқарұлы бүгінде геология саласында жемісті еңбек етуде.

Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының үшінші қабатында орналасқан кіші-гірім кабинеттің қабырғасында ілінген бір фотосурет кімнің болса да көңілін аударатыны белгілі. "Ақниет" әжелер клубы жайғасқан бұл бөлменің тағы бір мақтанышы осы суретпен байланысты. Фотосуретке қарап бір адамдар өткенді есіне алса, енді бірі оның ары қарайғы тағдырын таразылап, болашаққа болжам жасап жатады. Ал, фотосуретте не түсірілген дейсіз бе? Онда осыдан 22 жыл бұрын Шығыс өңіріне атбасын бұрған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына бір жасар бөбекті көтеріп тұрғаны бейнеленген. Бұл еліміздегі алғашқы Достық үйінің ашылу салтанатындағы қазақы дәстүрмен баланың тұсауын кесу рәсімі. Ал суреттегі сол кездегі сәби Ислам Асқарұлы бүгінде Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенті әрі геология саласында табысты еңбек етіп жүрген жан. Жиен немересінің ширек ғасырға таяу уақыт бұрынғы Елбасымен кездескен кезін Исламның нағашы апасы Майра Мүбаракқызы былай деп есіне алды:

Ол кезде мен "Мұсылман әйелдері" қоғамдық бірлестігінің құрамында болатынмын. Елімізде алғаш іргесі қаланған Достық үйінің ресми ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келетіні жайындағы жаңалықты аяқ астынан естідік. Әр ұлттық-мәдени орталықтар Президентті өз дәстүрлері бойынша қарсы алу қамына кірісіп кетті. Біз де ақылдаса келе қазақ халқының шашуынан бөлек ерекше дәстүріміз - тұсау кесу рәсімін өткізуді ұйғардық. Ендігі кезекте бір жастағы әрі есімі Нұрсұлтан аталатын балаларды іздей бастадық. Өкінішке қарай ондай есімді бала табылмады. Сол кезде ақсақалдар алқасы менің жиен немерем Исламның тұсауын Президентке кестіруді ұйғарды", - дейді Майра Мұрсалимова.

Осылайша Президенттің келуіне Исламды бес күн дайындықтан өткізген Достық үйінің ұжымы, тұсау кесу рәсімінің әр тетігіне шейін сақадай-сай етеді. Әне-міне дегенше көптен күткен күн де келіп жетті. Достық үйінің алды Елбасын күткен адамдарға лық толған. Бір кезде Президент мінген көліктер эскорты да келіп жетті. Аулада 1997 жылдың маусымы. Көліктердің бірінен түскен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі өңір басшысы Виталий Меттені жиналған қауым шашумен қарсы алды.

Тұсау кесу рәсімі Достық үйінің екінші қабатындағы айнамен қапталған ортаңғы залда өтті. Жер үстелге қазақтың тағамдарын, еденге сырмағымыз бен алашаларымызды төсеп Нұрсұлтан Әбішұлын күтіп алдық. Ол кісі кірген бетте менің қолымда түрған Исламды көрді. "Мына жерде ең үлкен адам тұр екен ғой!", - деген ол жаныма жақындап, немеремді қолына алды. Қасымыздағы ата-анасымен, жиналған қауыммен амандасты. Тұсау кесу рәсімі ойдағыдай өтті. Жыл барыс жылы болғандықтан шара соңында Президент немереме өзімен бірдей барыс ойыншықты сыйлыққа берді", - деп қосты Майра Мүбаракқызы.

_DSC0185.jpg

Ислам тұсауын Елбасының өзі кескенін алғаш рет 10 жасында естіген екен. Ол 2016 жылы Елордаға арнайы шақырылып, Тұңғыш Президенттің "Президент және перзент"атты кітабын алып қайтты. Бүгінде еліміз бойынша Елбасымен түрлі шараларда кездескен 23 бала бар екен. Бүгінгі таңда олардың біразы есейіп, он төрті шетелдерде білімдерін жалғастырған көрінеді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі бағасын беріп, тұсауын кескен Ислам Асқарұлы болса орта мектепті тәмамдаған соң Өскемен қаласындағы Шығыс техникалық-гумманитарлық колледжін механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың тау-кен ісі факультетіне сырттай оқуға түсіп, білім алумен қатар жұмысты да ұштастыра білген. Атап айтсақ, ол бүгінде "GEO.KZ" ЖШС-да бұрғылаушы болып жұмыс істейді.

2016 жылы, яғни 20 жасымда Ақорданы көру бұйырды. Астанадан қоңырау шалып, сонда келуім керектігін айтты. Тез жиналып досымды жаныма ертіп алып астағана тартып қойдық. Бізді сол кезде Премьер-Министр қызметінде болған Кәрім Мәсімов қабылдады. Бір қызығы сол кездесуде Өскеменнен барған мен ғана екенмін. Қалған балалардың барлығы сол Нұр-Сұлтан қаласынан жиналғандар, - деді астанаға тартқан сапарын есіне алған Ислам Асқарұлы.

_DSC0196.jpg

Премьер-Министрдің қабылдауынан соң Ақордаға барып, Тұңғыш Президенттің жұмыс істейтін орнымен танысқан балаларға Нұрсұлтан Назарбаевтың әр балаға арнап игі тілегі жазылған "Президент және перзент" кітабы табысталған. Кітаптың алғашқы бетіндегі "Айналайын, Ислам! Өзіңді бала күніңда көріп, тілегімді арнаған едім. Сол үмітті ақтап келесің. Мен сенің бұдан да зор биікке шығатыныңа сенемін!" деген Елбасының сөздері Исламға үлкен жауапкершілік арқалатқандай.

Тұңғыш Президенттің тұсауымды кескенін тағдырдың маған деген үлкен сыйы деп білемін. Оның тұсауымды кесуі бойыма үлкен қуаныш, болашаққа деген үміт пен мақтаныш сезімін ұялататыны рас. Сол оқиға маған күш-жігер мен келешекке деген талпыныс беріп келе жатқандай, - деді Ислам.

Өзгелердің жаңалығы