Назарбаев Талдықорғанда мешіт ашты

23 Қазан 2020, 22:56
3170
Бөлісу:
Назарбаев Талдықорғанда мешіт ашты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Талдықорған қаласында жаңадан салынған «Тәубе» мешіті ашылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мешіттің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Салиқалы ұрпақ» қорының құрылтайшысы Болат Назарбаев қатысты. Салтанатты рәсімде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде жыл сайын мешіттер саны көбейтіп, имандылыққа бет бұрған азаматтар қатары да артып келе жатқанын айтты. Сол қатарда Талдықорғанда ашылып отырған бұл мешіттің қоғамды ізгілікке тәрибелеуге қосар үлесін атап өтіп, көпшілікті қуаныштарымен құттықтады.

Облыс әкімі Амандық Баталов та қалалықтарға ізгі тілегін арнап, жаңа мешіттің тұрғындарға рухани азық беретін құтты мекен болатындығына сенім білдірді. Облыс орталығының көркіне көрік қосып, жаңа шағын ауданда орын тепкен осы мешіттің құрылысына қолдау көрсеткен «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына барша Жетісу жұртшылығы атынан алғыс айтты.

Сол сияқты аталмыш қордың директоры Қасым Қасабеков және басқа да азаматтар қуанышқа ортақтасып, игі тілектерін жеткізді. Шара барысында Құран оқылып, дұға бағышталды.

Атап өтсек, Талдықорғандағы 3-ші бөлімше шағын ауданында орналасқан «Тәубе» мешіті «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының қаржысына тұрғызылды. Мешіт құрылысы осыдан екі жыл бұрын 2018 жылы басталған болатын. Жаңа мінәжат үйіне 1200 адам сияды.

Өзгелердің жаңалығы