Назарбаевтың 2015 жылғы ұсынысы енді жүзеге асырылатын болды

28 Қаңтар 2021, 11:10
4035
Бөлісу:
Назарбаевтың 2015 жылғы ұсынысы енді жүзеге асырылатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының (2-санат) жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заң жобасы қабылданды.

Бұл заң жобасының мақсаты - Алматы қаласында «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» негізінде ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының (2-санат) жұмыс істеуін қамтамасыз ету. 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-мен бірлесіп мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық институтын құру туралы ұсыныспен сөз сөйлеген болатын. Аталған идеяны іске асыру үшін жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Осылайша, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы желтоқсандағы қаулысымен «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі құрылды, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

2017 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның бас конференциясының 39-сессиясында орталыққа ЮНЕСКО-ның екінші санаты мәртебесі берілді. 2019 жылғы маусымда ҚР Үкіметі мен ЮНЕСКО арасында ЮНЕСКО-ның 2-санаттағы мекемесі – Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығын ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылған.

Келісімді ратификациялау мәселесі осы жүргізілген жұмыстардың қисынды аяқталуы болып саналады. Осы тұрғыдан, жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, берілген шартты ратификациялау елдің халықаралық деңгейде орнықты дамуына ықпал ететін болады. Орталық этностардың, мәдениеттер мен діндердің шығу тегі саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, мәдениетаралық қоғамдардың және олардың бірегейлігінің қалыптасуына, бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесінде мәдениетаралық диалог құндылықтарын таратуға бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа арналған бірегей платформа болады. Мәдениеттерді жақындастыру орталығына ЮНЕСКО-ның 2-санаты мәртебесін беру еліміздің ұлттық мүдделеріне жауап береді, Қазақстан Республикасы үшін саяси және әлеуметтік пайдалы, ЮНЕСКО жүйесінде біздің бастамаларымызды іске асыруды тиімді ілгерілетуге ықпал етеді,- деді министр.

ЮНЕСКО-мен жасалған келісімге сәйкес ҚР Үкіметі 2018 жылдан бастап жыл сайын орталыққа оның бағдарламалары мен іс-шараларын іске асыру үшін қажетті 200 000 АҚШ долларына баламалы мөлшерде қаражат бөледі. Бұл орталықты ақын Олжас Сүлейменов басқарады.

Өзгелердің жаңалығы