Өнім қауіпсіздігін арнайы қосымша арқылы білуге болады

17 Наурыз 2020, 15:36
1639
Бөлісу:
Өнім қауіпсіздігін арнайы қосымша арқылы білуге болады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сатып алған өнімнің талаптарға сәйкестігін арнайы жасалған мобильді қосымша арқылы білуге болады.

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері өнімнің қауіпсіздігін мониторингтеу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға барлығы 459 сынама сатып алынды. Сынамасы алынған өнімдердің басым көпшілігі, яғни 254 сынама ЕАЭО мүше елдерге тиесілі болса, 82 сынама – отандық өндіріс өнімдері, ал 123 сынама – өзге елдердің өнімдері. Зерттеуге азық-түлік, оның ішінде сүт, ет, құс еті және балық өнімдері, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері, балалар тағамдары, арнайы тамақ, шырын өнімдері, энергетикалық және алкогольсіз сусындар, алкогольді сусындар, жемістер, көкөністер және басқа да өнімдер қамтылған, - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Марат Исмаилов.

Жауапты тұлғаның айтуынша, Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы зертханасында жүргізілген сараптама нәтижесінде сатып алынған барлық өнімнің 18,7 пайызы техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтіндігі анықталды. Талапқа сай емес деп танылған сынамалар - ет, балық, майлы, сүт, құс өнімдері, аспаздық, кондитерлік, нан-тоқаш, өнімдер, консервіленген өнімдер, алкогольді және алкогольсіз сусындар, балаларға арналған тауарлар, ойыншықтар және жеңіл өнеркәсіптік (киім, аяқкиім) тауарлар.

Сондай-ақ тағамдық емес өнімдерге жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша таңбалау талаптарына сәйкес келмейтін бір
ойыншық анықталды. Аталмыш ойыншықтың физика-механикалық көрсеткіштері бұзылған, машинаның бөлшектері берік емес, басқанда деформацияланады, сынады, корпуста және кабинада қаптау, кертік, ойықтары және қылаулары бар. Мұндай ақаулар баланың жарақаттануына әкелуі мүмкін. Мониторинг қорытындысы бойынша сатушыларға, жеткізушілерге, импорттаушыларға және өндірушілерге қатысты бұзушылықтарды жою туралы 30 ұйғарым берілді, - деп қосты Марат Әділжанұлы.

Қоса кетсек, арнайы әзірленген "Wipon" мобильдік қосымшасынан сатып алған өнімнің талаптарға сәйкестігі туралы ақпаратты оның штрих-кодын сканерлеу арқылы білуге болады.

Өзгелердің жаңалығы