"Нұрлы жол": Жамбылда 500 шақырымға жуық республикалық маңызы бар жол жөнделеді

29 Шілде 2020, 09:09
1738
Бөлісу:
"Нұрлы жол": Жамбылда 500 шақырымға жуық республикалық маңызы бар жол жөнделеді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жамбыл облысы аумағындағы жол құрылысына 30,2 млрд теңге бөлінген. Оның 23,1 млрд теңгесі республика қазынасынан қаралса, 5,8 млрд теңгесі – облыстық, 1,3 млрд теңге жергілікті бюджеттерден бөлінген.

Бұл жайында өңірдегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков айтып берді. Оның сөзінше, жоғарыдағы қаражатқа аймақта 1 145 жоба іске асырылуда. 23 жоба "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында болса, 84 жоба "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы бойынша қолға алынған. "Жұмыспен қамту" жол картасы шеңберінде – 843 жоба, Үкімет резервімен – 96 жоба, жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражатпен 99 жоба жүзеге асырылу үстінде.

Бөлінген қаржы есебінен жалпы 1 346,2 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның 18 шақырымы жаңа жол құрылысы болса, 6 шақырымнан астамы қайта жаңғыртылады. Ал 1 322,1 шақырым жолға ағымдағы және орташа жөндеулер жүргізілетін болады. Мұның 180,57 шақырымының облыстық маңызы бар болса, 139,3 шақырымы – аудандық маңызы бар автожолдар. Сонымен қатар, 1030 шақырымға жақын елді мекен көшелері бар, - дейді Бақытжан Оразалыұлы.

Жауапты маманның пікірінше, атқарылып жатқан шаруалар өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің өсуін қысқартады. Сондай-ақ, қосымша жұмыс орындарын құруға, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.

Бұл жобаларға жалпы 5000-ға жуық жұмысшы тарту жоспарланған. Жол жөндеу жобаларының іске асырылуы облыс тұрғындарының қауіпсіз көліктік қатынасуын қамтамасыз етумен қатар, халық тұрмысының жақсаруы мен жалпы өңірдің дамуына үлесін тигізіп, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыратын болады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 85%-дан 90%-ға, былтыр 59,5% болған елді мекен көшелерінің көрсеткішін 77,2%-ға жеткіземіз, - деді ол.

Басқарма басшысы "Нұрлы жол" бағдарламасына жеке тоқталып, құжат аясында биыл 23 жобаның іске асырылуы көзделгенін мәлімдеді. Мұның 5-еуі өткен жылы басталған екен. Бұл жобаларға қаралған қаражаттың мөлшері – 8,3 млрд теңге.

Бүгінгі таңда 23 жобаның 4-еуінде жұмыс толық көлемде аяқталып, нысандарды пайдалануға қабылдау рәсімдері жүріп жатыр. Қалған 19 нысанда жол жөндеу жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жалғасуда. 1 нысан келесі жылға дейін созылады. Сонымен қатар, "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша облыс аумағымен өтетін, жалпы ұзындығы 491 шақырымды құрайтын "Мерке-Бурылбайтал", "Балқаш-Бурылбайтал", "Күрті-Бурылбайтал" және "Ұзынағаш-Отар" республикалық маңызы бар автожол учаскелерін қайта жаңғырту жобалары бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауқымды шаруаның жалпы құны 172,8 млрд теңгені құрайды. Ал автожолдар 2022 жылы ел игілігіне беріледі, - деп атап өтті Бақытжан Жәнібеков.

Оның сөзіне қарағанда, инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысы бойынша 52 млрд теңгеге 82 жобаны іске асыру ұсынылып, қолдау тауыпты. Оның 36,7 млрд теңгесі республикалық қазынадан бөлінетін болса, 15,3 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерден қаралады екен.

Жауапты маман жол жөндеу жұмыстарының сапасы туралы да сөз қозғады. Бұл мәселе Жол активтерінің сапа орталығымен бірлесіп тұрақты түрде тексеріліп, зерделеніп отыратын көрінеді. Бұл аталған мақсатқа облыстық әкімдіктен 66,6 млн теңге бөлінген.

Осы ретте, автожолдардың жөндеуден өткеннен кейін мерзімінен бұрын бұзылуына HOWO, SHACMAN және Қытай өндірісінен шығатын аударғыш ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруі себеп болатынына назар аударғым келеді. Аталған жүк көліктері карьерлерде жүк тиеу мен тасымалдауға арналғанын ескеретін болсақ, 40 тонналық жүктің тасымалдануына жергілікті маңыздағы жолдар шыдамайды. Осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін тиісті министрліктің аумақтық бөлімдерімен қажетті бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Оның ішінде "Казавтожол" ұлттық компаниясының жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауы, облыстық көліктік бақылау инспекциясымен өзара байланыс орнату және нәтижеге қол жеткізу келісімі, автожолдармен бақылаусыз жүретін ауыр салмақты жүк көліктеріне шектеу қою мақсатында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмі бар, - деді басқарманың басшысы.

Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биылдыққа 2 252 автокөлік құралы тексеріліп, 463 әкімшілік хаттама толтырылған екен. Жол ережесін бұзғандарға 15 млн теңгеден астам айыппұл салынып, қазірге дейін жергілікті бюджетке 13,6 млн теңгесі өндірілген.

Өзгелердің жаңалығы