Қолдан қымбатшылық жасағандар жазаланады

27 Сәуір 2020, 13:10
1997
Бөлісу:
Қолдан қымбатшылық жасағандар жазаланады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын негізсіз көтергендер жазаланады. Бұл туралы Көкшетау қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандары сауда орындарында жүргізген рейд барысында мәлімдеді.

Аталған ведомство жетекшісі Андрей Подгурскийдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде елімізде ең қажетті азық-түлік тауарларының шекті бөлшек сауда бағалары бекітілді.

9 түрлі азық-түлік өніміне шекті баға қойылып отыр. Бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 148 теңгеден, өлшеп сатылатын макарон 215 теңгеден, қарақұмық 339 теңгеден, күріш 307 теңгеден, сиыр еті 1800 теңгеден, жұмыртқаның он данасы 267 теңгеден, сұйық майдың 1 литрі 417 теңгеден, ас тұзы 51 теңгеден аспауы тиіс, - дейді ведомство жетекшісі.

Тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Айталық, ас тұзы, макарон, қарақұмық пен күріштің үстеме бағамен сатылып жатқаны мәлім болды. Мамандар саудагерлер мен сауда орындарының иелеріне екі күн ішінде баға қалыпқа келтірілмесе, 100 айлық есептік көрсеткіш, ал заңбұзушылық қайталанған жағдайда 200 АЕК айыппұл төлейтіндерін ескертті. Тексерушілер сатушыарға шекті бағалар көрсетілген жадынамаларды таратты.

Саудагерлер туындаған мәселелерді алға тарта отырып, бағаны қымбаттату себебін түсіндірді. Мысалы, қарақұмықтың көтерме бағасы 385 теңгеге қымбаттағандықтан, оны 339 теңгеден сата алмайды. Сол себепті, бұл өнімге жиі тапсырыс берілмейді.

Жадынамадағы шекті бағалар туралы білеміз. Бірақ бағаны азық-түлікті жеткізушілер бастапқыда өсіріп жіберді. Біз тауарды жеткізушілерге тәуелдіміз. Осы ретте, тікелей өнім өндірушілермен келісімшарт жасалса екен дейміз. Тұзды 46 теңгеден алып, 55 теңгеден саудалауға мәжбүрміз. Макаронды да 350 теңгеден алдық. Оны 215 теңгеден сата алмаймыз. Оның үстіне келушілер аз, сауда жүрмей жатыр. Ал азық-түлік жеткізушілер бағаны құбылтып отыр. Құжат арқылы тауардың бастапқы бағасын тексеруге болады, - дейді сатушы Виктория Грищенко.
Орталық базар әкімшісі Нүрия Байсалбаева азық-түлік бағасын бақылауда ұстау үшін қажетті шаралар жасалып жатқанын жеткізді.

Карантин кезінде санитарлық талаптар да қатаң сақталуда. Сауда жасау барысында сатушылар арасында арақашықтық белгіленді. Саудагерлер маскалар, қолғаптар, антисептикалық құралдармен қамтылды, - дейді ол.

Кәсіпкерлік бөлімінің мамандары орталық базар жетекшілігі, сауда үйлерінің иелерімен бағаны тұрақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасатынын айтады.

Саудагерлердің мұң-мұқтажын тыңдадық. Тауар жеткізушілермен де жұмыс жүргіземіз. Біздің мақсатымыз сатушылар мен жеке кәсіпкерлерге бірден айыппұл салу емес. Бірақ карантин кезінде бағаны өсірмеу тұрғындарға үлкен қолдау. Сондықтан да саудагерлердің сабыр сақтап, түсіністік танытқандары дұрыс. Сатушыларға азық-түлікті өте көп мөлшерде сатып алмауға кеңес береміз. Бұл жолы тек ескерту жасалды, егер заңбұзушылар қайталатын болса, қолдан қымбатшылық жасағандар жазалатын болады, - деді ведомство мамандары.

Өзгелердің жаңалығы