Бас жаңалықтар
«Өнер көкпары». «Құлагер-Шымкент» құрамасы финалға өтті
PHOTO
06 Сәуiр 2021, 13:45 526

«Өнер көкпары». «Құлагер-Шымкент» құрамасы финалға өтті

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласы маңындағы Бестөбе атшабарында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай көкпардан «Өнер көкпары» республикалық турнирі өтіп жатыр.


Қарағанды облысының «Қарағанды» құрамасымен тақымдасқан Шымкент қадасының «Құлагер-Шымкент» құрамасы 4:1 есебімен жеңіске жетті.


Ойынның алғашқы айналымы 3:0 болып аяқталғанымен, екінші айналымда құрама ойыншылары бір-бір салым салуға ғана үлгерді.


Екі құрамдағы ойыншылардың дені әнші-асабалар. Соған қарамастан тартысты ойын көрсете білген көкпаршылар бір-біріне дес бермеуге барын салды.

Қанша дегенмен, негізінде көкпаршылық бар Шымкент жігіттері ойын қожайыны екенін танытты.


Қарағанды облысы құрамасының қанжығасындағы бір салымды әнші Советов Қуаныш салса, Шымкенттің еншісіндегі 4 салымды да белгілі асаба Кашигов Қамбарбек салды.


Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласы құрамасы Жамбыл облысынан жасақталған «Әулие ата» өнер-көкпары құрамасын жеңген болатын.

Сонымен қоржынындағы екі жеңісі арқылы шымкенттіктер финалға жолдама алды. Финалдық ойындар ертең өтеді. Ал қазір алаңда «Елорда» мен «Ақмола» облысының құрамалары тартыс өткізіп жатыр.



Фото: автордан
Загрузка...