Өнер мамандарын даярлауға өзгеше көзқарас керек

27 Сәуір 2021, 13:07
2032
Бөлісу:
Өнер мамандарын даярлауға өзгеше көзқарас керек
PHOTO

 

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Биыл көкшеліктерді өнерімен тәнті етіп келе жатқан Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің құрылғанына 65 жыл толып отыр. 

 

Осы жылдар ішінде өнер ордасынан 10 мыңға жуық түлек қанат қақты. 1991 жылы оқу орнына қазақтың біртуар дарыны, ақын, әнші, композитор Ақан сері есімі берілді. Колледж директоры Құралай Ыдырысова өнер ордасының қалыптасу кезеңі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып берді. 

Өнер мамандарын даярлауға өзгеше көзқарас керек


 

  Өнер ордасының құрылу тарихы мен білім берудегі жаңашылдықтарға тоқталып өтсеңіз... 

- 1955 жылы қалада кітапхана техникумы ашылды, ол 1981 жылы мамандықтар спектрін кеңейтумен Көкшетау мәдени-ағарту училищесі болып өзгертілді. 1991 жылдан бастап оған халық ақыны, әнші және композитор Ақан сері есімі берілді. 1995 жылдан бастап оқу орны мәдениет колледжіне айналды, ал 2018 жылы оған жоғары колледж мәртебесі берілді. Осыған байланысты білім беру қызметтерін көрсету саласы жетілдірілуде. Техникалық және кәсіптік білім берудің модульдік бағдарламаларын іске асыру басталды, қолданбалы бакалавриат және қашықтықтан оқыту бағдарламалары енгізілді. Қазіргі уақытта мұнда 8 мамандық бойынша 450 студент білім алуда. 

Соңғы жылдары материалдық-техникалық базаны толық жаңарту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. 2020 жылдан бастап оқытудың дуальді әдісін қолданылуда. Бұл құзіретті мамандарды даярлау сапасына кепілдік береді. Дуальді оқыту, модульдік технология мамандарға таңдалған мамандық бойынша шешім қабылдау, қызмет көрсету және өндірістік жұмыстарды орындау дағдыларын да меңгеруге септігін тигізеді. Колледж «Өнер және мәдениет» бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлауды жүзеге асыратын өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі. Басты ерекшелік – халықаралық байланысқа ұмтылуымыз болып саналады. Айталық, Ресейдің Марий Эл қаласындағы «И.С.Палантай атындағы мәдениет және өнер» колледжімен, Челябинскідегі Чайковский атындағы Оңтүстік Орал мемлекеттік өнер институты жанындағы мәдениет колледжімен тығыз байланыс орнатылған.

Өнер мамандарын даярлауға өзгеше көзқарас керек


 

  Пандемия жағдайында студенттермен жұмыс істеу қиынға түсіп жатқан жоқ па? 

- Бүгінгі күні студенттермен жұмыс істеу қызықты жаңалықтарға толы деп айта аламын. Әрине, пандемияға байланысты біраз жайттың өзгеріске ұшырауы болмаса, барлығы ойдағыдай. Бірақ біз қандай жағдай болса да білім беруді тоқтатқан емеспіз. Әр қиын сәттерден сабақ алып, одан шығу жолын іздеп табуға тырысамыз. 

  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға студенттер қаншалықты үлес қосуда? 

- Рухани жаңғыру дегеніміз ол өзімізді жаңғырту ғой. Әрине, оқу орнында осы бағдарлама бойынша бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Бұл жоба бізге, студенттерге көп дүние береді деп ойлаймын. Колледжде ашылған «El jastar» театры 2020 жылдың ақпан айында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орайластырып «Жастықтың оты, қайдасың?!» перформанс жанырындағы инсценировкасын көпшілікке ұсынған болатын.

Сахналық нұсқасын жасаған, режиссері Фархатбек Қанафин. Бұл премьерамен Алматы қаласының Темірбек Жүргенев атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының колледжі ұйымдастырған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған халықаралық студенттер фестивалінде жүлделі 2 орынға ие болып, «Үздік ансамбль» аталымын иеленіп қайтты. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шеберлік сағаттары, Мерген Тоқсанбай, Құдайберлі Мырзабеков, Қуаныш Оспанов сынды ақындармен кездесулер өткізу жоспарлануда Көрмелер ұйымдастырамыз, онда студенттердің картиналары ұсынылатын болады. 

  Оқу орнына өнер адамдары жиі келе ме? 

- Иә, біздің білім ошағымыз өнермен тығыз байланысты болғаннан кейін өнер адамдарын жиі шақырамыз. Өйткені студенттеріміз әр келген өнер иесімен кездесіп, сұхбаттасып, күш-жігер алады. Былтыр оқу орнына Ресейдің Самара қаласындағы «DNC» би студиясының «Talento», «Proдвижение», «OPIUM» шоу-балетінің жетекшісі, классикалық оңтүстік-үнді стильдері би бағыттарының хореограф-оқытушысы Виталий Ульбаевты шақырдық. Ол студенттерге өзінің білім-тәжірибесі бойынша шеберлік сағатын өткізді. 

Өнер мамандарын даярлауға өзгеше көзқарас керек


 

  Колледжді бітірген түлектермен кері байланыс бар ма? Кадр даярлаумен қатар жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде? 

- Біздің колледж өз түлектерімен мақтана алады. Олар өздерінің кәсіби біліктіліктерімен республика көлемінде танымал болып жүр. Олар біздің жетістіктеріміздің жемісі деп ойлаймын. Айталық, Мұрат Қолғанат қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрында драмматург, Манарбек Қыдырбай – Шаяхмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Лолита Хугаева – Дельфий жастар ойындарының лауреаты, «Шабыт» халықаралық байқауының «Бейнелеу өнері» номинациясының бас жүлдегері атанған. Сондай-ақ Әділхан Жақсыбаев, Аят Аманжолов, Манарбек Аманкелді, Байдаулет Төлепбергенов сияқты жас толқын «Дипломмен–ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көріп, өнерлерімен ауыл мәдениетін көтеруге атсалысып келеді. Сондай-ақ, Хәкім Хасамбай, Мұрат Әліби, Әсел Кубиген, Мәдина Бексейіт, Сапабек Бексұлтан сияқты жастар осы ұжымда еңбек етуде. 

2020-2021 оқу жылы «Актерлік өнер» мамандығы бойынша дуалды оқыту туралы Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрымен келісімшарт жасастық. Өнер мамандарын даярлауға өзгеше көзқарас керек. Қазіргі кезде студенттердің 60 пайызы театрда білім алып, өздерінің тәжірибелерін шыңдауда. Оқу орны қазақ театрымен, «Достар» мәдениет үйімен, филормониямен тығыз байланыста. Студенттеріміз театр, мәдениет үйлерінің сахналарында қойылымдарға қатысып, кәсіби мамандармен жұмыс істейді. Бірқатар түлек театрларда, мәдениет үйлерінде еңбек етіп жүр. 

  Осы білім ордасын басқаруға келгенде алдыңызда қандай мақсат болды? Өнер ордасының болашағын қалай елестетесіз? 

– Негізі өзім осы колледждің түлегімін. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін ауылдық клуб меңгерушісі болып жұмыс істедім. Кейін мәдениет үйінде еңбек еттім. 2007 жылы колледж басшысы болу жөнінде ұсыныс түсті. Кезінде өзім білім алған алтын ұям болған соң бірден келістім. Колледж мен үшін қашанда ыстық. Басшы болып келгендегі армандарымның бірі – жатақхана жағдайын жақсарту еді. Сол арманымды бес жыл ішінде жүзеге асырдым. Ендігі мақсат – тағы бір жатақхана салу және колледжді одан әрі көркейту. 

Осы жылдар ішінде мәдениет колледжінде 10 мыңға жуық түлектер даярланды. Олардың көпшілігі еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастырды. Бүгінгі таңда еңбек нарығының үнемі өзгеріп отыратын қажеттіліктері жағдайында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау басты міндет болып табылады. «Биыл «Жол картасы» аясында оқу орнының аумағында 300 орындық жатақхана құрылысы басталады. 2021 жылы колледж «Дизайн» мамандығы бойынша «Жас маман» жобасының қатысушысы болды, республикалық және халықаралық деңгейлерде сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін қажетті заманауи жабдықтар жеткізіледі деп күтілуде. Мәдениет колледжі еліміз бойынша білікті мамандар даярлайтын үздік үштікке кіреді. Болашақта оқу орнының бұдан да биік белестерен көрінеріне сенімім мол. 
 

 



 

Өзгелердің жаңалығы