Online: Елімізде күніне төрт мыңнан аса сот процесі өтеді

29 Мамыр 2020, 19:03
1727
Бөлісу:
Online: Елімізде күніне төрт мыңнан аса сот процесі өтеді
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде болған төтенше жағдай кезінде сот жүйесінде нендей өзгерістер болды? Жұрт қашықтан жұмыс істей бастағанда бұл салада күніне қанша іс онлайн режимде қаралды? 

Бітімгершілікке келу мәселесі қаншалықты жолға қойылған деген секілді сауалдарға "Желмая" жобасында қонақта болған ҚР Жоғарғы Соты Аппарат басшысының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов жауап береді.  

Мұндаймен алғаш кездесіп отырған соң, бұл сынақ әр азаматқа өз әсерін тигізді. Бұл – ел тарихында болмаған кесел болды. Ешкім дайын болған жоқ. Дегенмен, біз облыстардағы, өңірлердегі соттарға мүмкіндігінше қалдыруға болатын істер болса, қалдыруды, тоқтататынын тоқтатуды, сондай-ақ кезек күттірмейтін істерді қарау туралы хат жазып, жолдадық. Әрине, карантин уақытында ешкім сотқа жетіскеннен келмейді - деген ол әрбір іс жеке қаралса, оны ешкім күте алмайтынын, сондықтан алғашқы онкүндікте бәрін реттеп, толыққанды саралап шыққандарын айтты. 

Бүгінде сол істерді сонлайн жүйеге көшірдік. 2018 жылы күніне 40 сот процесі өткен болса, 2019 жылы 110 іс қаралған. Төтенше жағдайға дейін 150-170-тің шамасында болды. Ал төтенше режим енгізілгеннен кейін, яғни сәуірден бастап онлайн режимде күніне 4000-4500 сот процесі өтіп жатыр. Біз еліміздің өңірлеріндегі әріптестерімізбен келісе отырып, кейбір істерді қашықтан қарауды ұйғардық. Азаматтар да бұған үйреніп, үйден шықпай-ақ сот процестеріне қатысуды құп көретін секілді. Бұрын үйде отырып сотқа қатысуға болады десе, ешкім сенбес еді. Қазір заман талабы сот жүйесінің де бұған дайын екенін көрсете алды деп ойлаймын. Бірақ бұл сот ғимараттарының есігі жабылды деген сөз емес. Азаматтардың талап етуімен өтетін жабық соттар болады, кейбір қылмыстық істер бар, олар бұрынғыша жұмыс істей береді, - деді ҚР Жоғарғы Соты Аппарат басшысының орынбасары.  

Сондай-ақ дамыған мемлекеттерде дау-дамайлардың 70-80 пайызы соттан тыс шешіліп кетіп отыратынын айтқан ол оның бір себебіне тоқталды. 

Мәселен, екі адам дауласса, ақиқат болмайды. Әркім өзінікін дұрыс көреді, өз қателігін, кемшілігін көре алмайды. Дегеніме жетсем дейді. Сосын сотта біреуі әлбетте жеңіледі. Осылайша, дауласудың арты жауласуға алып келеді. Мұның соңы одан сайын ушығып, бір-бірлеріне қатты-қатты сөздер айтады. Сөйтіп, "Өспес ұл өнбес дауды даулайды" дегеннің кері болады, - деді Нұрсұлтан Байтілесов. 

Оның айтуынша, соттарда медиаторлық орталықтар жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Кәсіподақтар федерациясымен бірігіп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Федерация жанынан татуласу бөлмелері ашылған. Еліміздің әр өңірінде фронт-офистер ашылып жатыр. Онда медиатор және татуласу бөлмелері бар. 

Азаматтық процессуалдық кодекске өзгеріс енгізіп, дауласушы тараптарға ойлануға 10 жұмыс күнін, яғни екі апта уақыт беріп отырмыз. Дауды бітіргершілікпен шешуге мүмкіндік десек болады. Басқа елдердегідей карантин кезеңінде Қазақстанда да отбасылық қылмыстар жиілеп кетті. Төрт қабырғада телміріп отырғандарға медиаторлармен онлайн түрде кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Өзара кикілжіңдерін ақылдаса отырып бейбіт жолмен шешуге алаң ұсындық, - деді Нұрсұлтан Байтілесов.  

Статистика деген шындықты бетке шығаратын дүние деген ол 2018 жылы сот 4,5 млн істі қарағанын жеткізді. Десе де заңға енгізіліп отырған өзгерістердің арқасында бүгінде бұл статистика біршама төмендеген. Жоғарғы Сот өкілінің айтуынша, бұл жүйеде бәрі ашық, қолжетімді. Керібайланыс жүйесі орнатылған. Әлеуметтік желілерде арнайы боттар ашылған. 

Сондай-ақ судялардың біліктілігіне тоқталған Нұрсұлтан Байтілесов бүгінде оларға талап күшейтілгенін жеткізді.

Егер бұған дейін бұл қызметке ниет еткен мамандардың 25 пайызы талаптарға сәйкес келіп, судья болып орналасса, қазір бұл алты пайызға төмендеді. Яғни төрт есе азайды. Қазір екінінің бірі судья бола алмайды, - дейді ол. 

Сол сияқты "Желмая" қонағы азаматтардың жеке қауіпсіздік мәселесі және басқа да сауалдарға жауап береді.

Өзгелердің жаңалығы