Бас жаңалықтар
Оңтүстік Кореяда оқушы денсаулығы арнайы қосымша арқылы бақыланады
27 Қараша 2020, 13:37 129

Оңтүстік Кореяда оқушы денсаулығы арнайы қосымша арқылы бақыланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Сәрсенбіде вирус 382 адамнан анықталса, бейсенбіде бұл сан 200-ге көбейіп, 583 жетті, деп жазды Хабар24.

Билік елде пандемияның үшінші толқыны басталғанын мойындады. Бірінші толқынның ошағы шағын Тэгу қаласында болса, үшінші толқын өте қауіпті, себебі ол Кореяның ең үлкен аймақтары Сеул мен Кёнги провинциясында кең тараған. 24 қарашадан бастап Сеулде әлеуметтік қашықтықтың екінші деңгейі күшіне енді. Бұл кезеңде үш сыныпқа ғана кезек-кезек мектепке баруға рұқсат етіледі. Әр сынып аптасына 2 күн мектепте, қалған 3 күн онлайн режимінде оқиды. Оқушылар мен олардың ата-аналарының денсаулығы арнайы қосымша арқылы бақыланады. 

Бүгін мектепке екінші, бесінші және алтыншы сыныптар келді. Сондықтан мен алдымен тізім бойынша екінші сыныптың ата-аналарына хабарласамын. Телефон арқылы олар деректерді жібереді. Содан кейін мен келесі сыныптарға қоңырау шаламын. Әдетте, 10-ға дейін барлық деректер жиналады, - деді Сеулдегі Хансан бастауыш мектебінің алдын алу шаралары үшін жауапты қызметкері Лим Нё. 

Коронавирусқа қарсы шаралар мектептің кіреберісінен басталады. Оқушылардың арақашықтығы екі метрді құрайды. Қолды дезинфекциялау керек. Егер оқушының дене қызуы жоғары болса, онда ол арнайы бөлмеде оқшауланады. Егер оқушыдан індет белгілері анықталса, оның ата-аналары мен төтенше жағдайлар қызметі шақырылады. Содан кейін бала COVID-19 тестіне жіберіледі. Коронавирустың алдын алу бойынша барлық ереже сақталуын мектеп инспекторы бақылайды. Бір уақытта екі оқушы дәретханаға кіре алмайды. Кезекте тұру керек. Мұнда да оқушылар арасында қашықтық кем дегенде бір метр болуы керек. Мектеп асханасында бір-біріңе қарама-қарсы отыруға болмайды. Әр мұғалім мен оқушыға ковидке қарсы жиынтық беріледі. 

Бұл дезинфекциялық майлықтар. Жөтелгеннен кейін осымен ауыз сүртіп, оны бірден қоқыс жәшігіне тастамай, алдымен арнайы дорбаға салу керек, - дейді Хансан бастауыш мектебінің дәрігері Ким Он Ён. 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...