Орал қаласында карантин күшейеді

5 Маусым 2020, 21:39
3606
Бөлісу:
Орал қаласында карантин күшейеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оралда жаңа шектеу шаралары енгізілді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев мәлімдеді.

Брифинг барысында ол аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болғандар жиі тіркелетінін айтты.

Карантиндік шектеу шаралары туралы қаулыға өзгерістер енгізілді. Отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне енбеген салалардың барлық ұйымдары мен кәсіпорындары карантин уақытында әдеттегі жұмыс режимін тоқтата тұруы тиіс, олар қашықтан, онлайн режимде жұмыс істей алады. Қоғамдық көлік үшін барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, сағат 6-дан 12-ге дейін және сағат 17-ден 21-ге дейін жұмыс режимі орнатылды. Базарларға дүйсенбіден бейсенбіге дейін 9-дан 13-ке дейін, жұма-жексенбі күндері 10-нан 16-ға дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Мейрамханалар мен барларға кальян қолдануға тыйым салынады, - деді Мұхамғали Арыспаев.

БҚО мемлекеттік бас санитар дәрігері тұрғындарды адам көп жиналатын орындарға барудан бас тартып, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды. Шектеу 6 маусымнан бастап карантин аяқталғанға дейін қолданылады. Ол БҚО-да 15 маусымға дейін жарияланды.

Айта кетейік, 4 маусымда Оралда карантин шараларын сақтамағандықтан мәдениет және демалыс саябағы, бір кафе, екі сауда үйі жабылды және үш қалалық автобус маршруттарының қозғалысы тоқтатылды.

Өзгелердің жаңалығы