«Орман өсіру үшін» жерді шетелдіктерге жалға беруге қатысты бапқа Сенат өзгеріс енгізді

29 Сәуір 2021, 11:27
3814
Бөлісу:
«Орман өсіру үшін» жерді шетелдіктерге жалға беруге қатысты бапқа Сенат өзгеріс енгізді

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды.

Депутаттар орман өсіру үшін жерді жалға беруге және сатуға тыйым салатын түзетулер енгізді. Заң жобасындағы осы бап қоғамда дау тудырған болатын.

Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында сенатор Әбдәлі Нұралиев құжаттың нормаларына қатысты Сенаттың тұрақты комитеттері мен жекелеген Сенат депутаттарынан 2 ұсыныс түскенін, олар салыстырмалы кестеге енгізілгенін атап өтті. 

Аталған ұсыныстар бойынша жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беру туралы тиісті өзгеріс пен толықтыруды Жер кодексінің 48-ші және 128-бабына енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және қолданыстағы заңдарына сәйкес келеді. Заң жобасын қабылдау құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарының кері әсерін тигізбейді, мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржыларды талап етпейді,- деді Ә. Нұралиев. 

Талқылау кезінде жоғары палата депутаттары аталған ұсыныстарға қолдау білдірді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ауыл шаруашылығы жерлері енді шетелдіктерге сатылмайтынын және тіпті жалға да берілмейтінін хабарлап, өз бастамасымен жазылған тиісті заң жобасын Мәжіліске енгізген. Алайда Мәжілістегі талқылау барысында жұмыс тобы өзгерістер жасапты. Нақтырақ айтқанда, Президент қолданыстағы Жер туралы заңның 48-бабының 2-бөлімін толық жоюды тапсырған. Өйткені, бұл бөлімде «Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі» делінген. Ал жұмыс тобы соның ішінде «орман өсіруді» қалдыруды ұсынды. Қоғамда осыдан дауып туып, 24 сәуірде митинг өтті. Енді, міне, Сенат бұл бапқа өзгеріс енгізіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы