Отандық ғалымдар қайың қабығынан онкологиялық ауруларға қарсы дәрі шығарады

26 Сәуір 2021, 14:10
2033
Бөлісу:
Отандық ғалымдар қайың қабығынан онкологиялық ауруларға қарсы дәрі шығарады
Сұхбат PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшсысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Соның ішінде, әсіресе, ғылым мен технологияларды дамытуға қаржы бөлу керектігін баса айтқан болатын.

Өңірдегі ғылым саласы мен технологиялардың дамуы жөнінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ыбыраеваны әңгімеге тартқан едік.

Отандық ғалымдар қайың қабығынан онкологиялық ауруларға қарсы дәрі шығарады

- Ақмарал Ғосманқызы, университеттің оқытушылық-профессорлық құрамы алға қандай мақсат қойып отыр?

- Бүгінгідей жаhандану заманында өмірімізді қарқынды дамыған технологияларсыз елестете алмаймыз. Қай саланы алсақ та, ғылымның алға шыққанын байқап отырмыз. Оның нақты экономикадағы теңдессіз рөлі озық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда, өндірілген өнімдер мен тауарлардың бәсекеге қабілеттілігінен айқын көрінеді. Біздің университет ұжымының алға қойған басты мақсаты да осы – білім мен ғылымның осызаманғы үздік үлгілерін кең меңгеріп, ғылыми-зерттеулердің нәтижесін тәжірибеде қолдану. Бұл бағытта Тәуелсіздік жылдарындағы ізденістеріміз көптеп нәтиже бергенін айтқым келеді. 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарына белсене қатысып, 250 миллион теңге мөлшерінде ғылыми грант ұтып алуымыз сол еңбегіміздің өтеуі десем артық емес. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Виталий Савинкиннің ғылыми жетекшілігімен аздебитті мұнай-газ ұңғымаларында көмір-сутектерді өндіруде жоғары өнімді тереңдік-сорғы кешенін лазерлік-плазмалық дайындау тиімді технологиясын әзірлеу және енгізу ғылыми жобасы 58 миллион теңге, Андрей Солодовниктің жетекшілігімен қолға алынған жердің жоғарғы атмосферасында өтетін физикалық құбылыстар және олардың климаттық өзгерістермен байланысын кешенді зерттеуі 40 700 000 теңге, Антонина Дюрягинаның басшылығымен кең спектрлі беттік белсенді заттарды пайдалана отырып, коррозияға қарсы, термотөзімді, химиялық төзімді және гидрооқшаулағыш мақсаттағы модифицирленген лак-бояу материалдарын жасау жобасы 55 000 000 теңге, Майра Еренғайыпованың басшылық етуімен жүзеге асырылған Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы жаңартылған бағдарлама жағдайында биология сабақтарында ағылшын тілін оқытудағы пәндіктілдік интеграция ғылыми жобасы 4 миллтон теңге гранттық қаржыландыруға ие болды. Светлана Луцактың “Әмбебап алгебра және торлар теориясы” ғылыми жобасы 50 миллион теңгенің, қазақ тілінен философия докторы (PhD) Гүлмира Мұхамеджанова 39 миллион теңгенің грант ұтып алды. Соңғы екі жылда ғалымдарымыз 150-ден астам монография мен оқу құралдарын жазды. Халықаралық басылымдарда жарты мыңдай ғылыми мақала жарияланды. 100-ден астам авторлық куәліктер мен патенттер тапсырылды.

Отандық ғалымдар қайың қабығынан онкологиялық ауруларға қарсы дәрі шығарады

- Президент өз Жолдауында жас ғалымдарға гранттар бөлу жөнінде айтқан болатын. Теріскейлік жас ғалымдардың жетістіктері қандай?

- Иә, дұрыс айтасыз, Президентіміз “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, “Жас ғалым” жобасы аясында 1000 грант бөлуді тапсырды. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар ұлан-ғайыр. Нақты мәселелерде ғылымның әлеуетін пайдалану үшін өңірдегі ірі кәсіпорындар – Сергей Киров атындағы және Петропавл ауыр машина жасау зауыттарымен келісімшартқа отырдық. Ондағы мақсат – оқу, ғылыми-ұйымдастырушылық, кешенді зерттеу іс-шараларын тәжірибе жүзінде жүзеге асыру, білікті кадр даярлауда бірлесіп іс-қимылдар жасау. Алдымызда Назарбаев Университетінің моделін енгізу, академиялық басымдық орталығын құру сияқты міндеттер тұр. Университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты өлкенің даму ерекшеліктерін ескере отырып, заман талабына сай үйлестірілгенін атап өткен жөн. Қоғам ілгері жылжып, дамыған сайын ғылыми-инновациялық үдерістің маңызды көрсеткіші ғылыми-зерттеу жұмыстарының қажеттілігі және тәжірибелік қолданбалығы қазіргі таңда негізгі талаптардың біріне айналып отыр. Ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу және пайдалану мақсатында іргелі қадамдар жасалуда. Ғылыми зерделеу мәселелері техникалық, ауыл шаруашылығы, жаратылыстану, әлеуметтік және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарға негізделген. Зерттеу жұмыстарын нәтижелі орындау және ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану мақсатымен ғылыми және ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар, ғылыми-технологиялық парк және коммерцияландыру орталығы бірлескен жүйеде қызмет атқарып келеді. Олардың ішінде отан тарихының өзекті мәселелерін өлкенің тарихи-мәдени, рухани тұтастығында зерделеу, жаңа биотехнологиялық өнімдер шығару, мәліметтерді және белгілерді технологиялық зияткерлік сұрыптау мақсатында жаңа компьютерлік құралдар мен жүйелер жасау, су ресурстарының сапасын зерттеу арқылы пайдалануға жарамды физикалық-химиялық қасиеттерін анықтау, тұрғындардың еңбекке жарамдылығын, денсаулығын арттыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру, Күн денелерінің жүйесі, қашықтық ғарыш, жұлдыздар физикасының шеңберінде ғылыми зерделеулерді жүзеге асыру, Қазақстанның флорасын пайдалану негізінде жоғары деңгейлі шипалық дәрілер әзірлеу, суасты роботтық техникалық кешендерді айналымға енгізу үшін ғылыми-зерттеулер ұйымдастыру және тәжірибелік-жұмыстар жүргізу басым бағыттар болып табылады.

Отандық ғалымдар қайың қабығынан онкологиялық ауруларға қарсы дәрі шығарады

- Өндірістегі тәжірибе, ғылымды дамыту, әрине, басымдыққа ие. Бірақ Солтүстік Қазақстанның басты ерекшелігі - аграрлы аймақ. Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді де айтып өтсеңіз?

- Қызылжар – экологиялық таза өнімдерге бай және оларды өндірістік қажеттіліктер мен адамзат тіршілігіне жаратуға болатын өңір. Осы мүмкіндіктерді университет ғалымдары тиімді пайдаланып келеді. Мәселен, ғалымдарымыз қайыңды ормандар алқабын зерттеудің нәтижесінде косметикалық заттар мен қатерлі онкологиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрімек шығару ісін химиялық лабораториялық жолмен өндіруді жолға қойды. Аққайың қабықтарының қалдықтарынан биологиялық белсенді қоспаларды қолдану және пайдалану арқылы бетулиннің жаңадан алынған өнімдерін медицинаға енгізу әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Бұдан басқа ғалымдарымыз қолға алған “Тұқымды егілуге дейін белсенді сумен өңдеу” ғылыми жобасы Аққайың жіне Қызылжар аудандарындағы шаруашылықтарда тәжірибе ретінде қолданылып, далалық және лабораториялық зерттеулердің қорытындысы бойынша тиімділігі дәлелденді. “Сыйымдылығы 5 мың тонна автономды энергия көзін және сүрлемге арналған тәжірибелі нұсқадағы дәнсақтағыштағы дәнді-дақылдарды сақтау және сұрыптау технологияларын құрастыру” атты ғылыми жобасы да шаруашылықта тәжірибеден өтуде. Ғаламдық проблемаға айналған жайттардың бірі – энергетиканың динамикалық дамуы. Кезінде бұл мәселе елордадағы “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесінің өзекті тақырыбы болғанын білеміз, сондықтан, бұл салаға басымдық беріліп отыр. Сондықтан университетіміз болашақта жаңа инновациялық идеялар әкеліп, білімді де білікті жас ғалымдармен толықтыра отырып, ғылымды қоғамды дамытудың қозғағыш күшіне айналдыра береді деген сенімдеміз.

- Ақмарал Ғосманқызы, сұқбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы