Бас жаңалықтар
"Отбасылық сот" жобасы қалай жұмыс істеп жатыр?
30 Маусым 2020, 20:02 128

"Отбасылық сот" жобасы қалай жұмыс істеп жатыр?

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі сот қызметі жанынан "Отбасылық сот" пилотты жобасы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл жобаның мақсаты неде? Шымкентте қалай жұмыс істейді? 

Осыны білмекке Шымкент қалалық Абай ауданының судьясы Еркін Отарбаевпен "Отбасылық сот" пилотты жобасы, қазіргі отбасылар арыз-шағымы, ажырасу фактілері, жалпы көрсеткіштер жайында әңгімелестік.

"Әрбір екінші отбасы ажырасуды ойлайды"

Шымкент қаласының әкімі мен Шымкент қалалық сотының төрағасы арасында меморандум түзілген. Меморондумға сай сотқа дейінгі және сотта татуластыру рәсімдерін күшейту мақсатында "Отбасы шуағы" деген жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы 17 қызметкерден құралған. Әртүрлі маман иегерлері бар. Білім беруші, кәсіби, кәсіби емес медиаторлар, зейнеткер судьялар, имам, психолог деген сияқты маман иегерлері, билер де бар. Жұмыс тобының мақсаты – азаматтармен етене жұмыс істеу екен. Ажырасудың алдын алу да осы топтың негізгі мақсатына жатады.

Біздің еліміз өкінішке қарай әлем бойынша ажырасудан 10-орында. Бізде әрбір екінші отбасы ажырасуды ойлайды. Сондықтан да мемлекет тарапынан әрбір отбасын сақтап қалу, дәстүрімізді ұлтымызды сақтап қалу мақсатында осы жұмысты қолға алдық. Бұл жұмыс тобы 2019 жылы мамыр айында құрылған. Содан бері отбасы тыныштығын сақтап, екі жұпты болмашы себептермен ажырастырмау үшін барынша жұмыс жасап келеміз. Біздің жұмыс пандемия кезінде де тоқтамады. Біз онлайн жұмысымызды да жақсы атқардық. Отбасы құнылықтары жайында көптеген ақпарат таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Отбасын сақтап қалу үшін арнайы жобаларымыз да бар.

Біз жастар саясаты болса да, қандай мекемелер болса да әкімшілік тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралармен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Біздің негізгі мақсатымыз да бар. "Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады" дейді ғой. "Армансыз жас, қанатсыз құспен тең" деген де сөз бар. Ата-ана балаларының қос қанаты екенін сезініп, олардың жетем деген жетістігіне, шығам деген шыңына шығаруға мүмкіндік бере алатын тек қана ата-ана екенін барынша жеткізуге тырысып жатармыз. Мысалы екі адам некесі бұзылса, ең алдымен ұтылатын балалар екенін мейлінше ата-анаға түсіндіруге тырысамыз. Осы мақсатта керемет бейнероиктер түсірдік. Бұл роликтер әсер еткен азаматтар баршылық. Әсер етті, деп айтуымызға негізгі себеп – біз соңғы бес айдың ішінде 56 отбасының некесін сақтап қалдық. Бұл тек онлайн режимде сақталған неке саны. Ал біздің ұжым құрылғалы бері 726 отбасының некесін сақтап қалдық. Солардың ішінде 6 балалы отбасы да бар. 6 баласы бола тұра болмашы себептермен ажырасуға шешім қабылдайтын адамдар табылатыны өкінішті әрине. Бастысы біз сондай теріс пікірдегі адамдардың ойын өзгертіп, әрекеті дұрыс емесіне көз жеткізіп, қандай да бір шешімді қабылдар алдын ақылмен ойлану керек екенін, ол шешімнің басқа да адамдарға тигізер зиянын алға тартып түсіндіреміз,-дейді Еркін Отарбаев.

"Жастар ажырасуға ойыншық ретінде қарамауы керек" 

Судьяның сөзінше, жұмыс тобы әрбір ажырасу себебін әбден зерделеп, зерттеп, қарайды.

Олармен сұқбаттасамыз. Екі тарапты да жақсылап тыңдаймыз. Сондағы түсінгеніміз: көптеген ажырасу отбасын құрғандарына 1-2 жыл болған жастар арасында орын алуда. Анализ жасап, сол сараптаманың қорытындысында көзіміз жеткені осы. Ажырасу арыздары 25 пен 35 жас аралығындағы жастар арасында көп кездеседі. Енді бұл жағдайдың себебін де анықтауға тырыстық. Мұндағы басты себеп – жастар отбасын құруға дайын болмай тұрып, үйленеді. Жастық буымен ойланбай шешім қабылдайды, бір-бірін жете танымай жатып, отбасын құруға асығады да зардабын әбден кейін тартады. Содан кейін «Бір-бірімізбен әңгімеміз жараспады», деп ажырасуға арыз бере салады. Неке деген дүниеге өте салмақты қарай біліп, отбасы алдында жауапкершілікті сезініп, өмірлік жары етіп алатын адамды дұрыс таңдау керек. Осы жағдайлар ескерілмеген соң, ажырасу саны артады. Жастар бұл жағдайға ойыншық ретінде қарамау керек,-дейді судья.

Ажырасудың алуан себебі

Еркін Отарбаевтың айтуынша, ажырасу көбеюдің тағы бір себебі, көп жағдайдың онлайн форматқа көшуі екен.

Мысалы екі жас неке куәлігін алып, некесін қидыру үшін де онлайн қызметке жүгінеді ғой. Тура сол сияқты ажырасуды да онлайн нұсқада жасай алады. Егер оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілмесе, істеп жатқан істерінің қате екені айтылмаса, жаңағы біз сияқты арнайы ұжым жұмыс жасамаса, олар ажыраса салады. Сондықтан асығыс шешімі үшін қатты өкініп жататындар да кездеседі.

Онлайн неке қия салмай, имамға барса да қазақ салт-дәстүріне сай, дінімізге сай неке деген не екенін, оның қадір-қасиетін алдымен жақсылап түсіндіріп алып содан кейін неке қияды. Екі жастың міндеттерін де айтылады. Бірақ бұл міндетті жастарымыз ұмытып кетеді. Олар ең алдымен отбасы алдындағы борышын емес, құқығын пайдаланып шығады. Әрине олардың жеке бас құқығынан ешкім айырмайды. Бірақ отбасын құрғаннан кейін жауапкершілікті де сезіну керек қой. Олар жауапкершілікті сезінбегендіктен екеуара мәміле де болмайды. Сондай-ақ ажырасудың тағы бір үлкен себебі – ерлі-зайыптылардың өміріне ата-аналардың шектен тыс араласуы. Әрине ата-ана ақыл айтады. Бірақ ақыл айтқанда да дәл сол ақыл ол адамдарға оң әсер ете ме, теріс әсер ете ме, деген сауалдарға алдымен өзі жауап беріп алу қажет. Тағы бір қателік отбасылық психологтың кеңесіне жүгінетіндер өте аз. Егер арнайы маман қызметіне жүгінсе, екеуінің арасындағы мәселені анықтап, соның шешілу жолдарын іздестірсе, міндетті түрде жақсы әсері болуы мүмкін. Негізі көп жағдай олардың ашық сөйлеспеуінде болатын сияқты. Екеуара сөйлескен адамдар белгілі болып тұрады. Ал сөйлеспегендерде бір-бірін жерден алып жерге салып қаралайды. Егер олар ортада ашық сөйлескенде ондай әңгімелер болмас еді. Ажырасудың тағы бір себебі, махаббаттың тұрақсыздығы. Бізде күйеуі әйелінің көзіне шөп салу себебінен ажырасқысы келетін әйелдер де көп кездеседі. Бұл жағдайдан да айналып келгенде ортадағы бала зардап шегеді. Екі жас келеді де бір-бірін сондай жек көретіндерінайтады. Бірақ балаларын жақсы көретіндерін айтқанда көздері мөлтілдеп, елжірейді. Сонда бала жақсы да, әкесі жаман ба, немесе керісінше бала жақсы да, оны туған анасы жаман ба? Міне, мәселе айналып келіп, мәмілеге келіп сөйлеспегенде жатыр,-дейді Еркін Отарбаев.

"Әке баласын тәрбиелемес бұрын өзін тәрбиелеуі қажет"

Ажырасулардың арасында орта жастан асқандар да кездеседі.

Бірақ мұндай адамдар үлесі 1 пайыз деп айтсақ болады. Олардың ажырасу себебі – екінші әйел алғысы келгені себепті көп орын алады. "Дүние" деген адамды бұзады екен ғой. Сәл дәулеті артылғандар екінші әйел алуға ыңғай білдіреді. Бұл – енді ұят жағдай. "Бала әкеге қарап бой түзейді" деп айтамыз. Ал әкелер балаларын тәрбиелеу үшін алдымен өзін тәрбиелеу керек қой. Әкелер тарапынан кететін осындай қателіктерді ескере отырып, біз әкелер ұйымын да құрдық. Мен өзім әкелер форумына көп қатысамын, өйткені өзім көп балалы әкемін. 6 балам бар. Сондай форумдарда бірінші мақсат ретінде отбасында әкенің рөлін күшейту керектігін айтады. Біздің қазақтың ер азаматтарында мындай бір қалыптасқан ой бар: еркек түздің адамы, тек табыс тапса болды. Ал "әйелдер соны жаратып, бала тәрбиесімен айналысу керек" деп ойлаймыз. Негізінде әке деген күніне ең кемі 60 минутын баласына арнауы керек екен. Баламен сөйлесіп, оның арман-мақсатын, жоспарын білу шарт. Сырласуы қажет. Ашық сөйлесе білу маңызды, өйткені әкеге қарап ұл өседі дейміз. Осыған байланысты жақсы мысал бар: Баласы мен әкесі түнде жалғыз аяқ жолмен жүріп, алдында әкесі, артында баласы келе жатады. Сонда әкесі "балам, аяғыңды аңдап бас, құлап қалма" дегенде, баласы "әке, сіздің ізіңізбен жүріп келемін, сіз құламасаңыз мен де құламаймын" деген екен. Бұл тәмсілде өте үлкен мағына жатыр,-дейді судья.

Шымкенттегі №38 мектепте әкелер кеңесін ашылып, бұл бастама басқа да мектептерге челлендж ретінде жалғасыпты.

Сол әкелер кеңесінде әкелер қауымы балаларымызбен жиналып, сенбілікке барып, бір-бірімізбен танысып сондай жақсы сәттер өткізіп жүрдік. Балаларымызды ертіп қарттар үйіне бардық. Қазір карантинге байланысты тоқтап қалды. Біз - әкелер балаларымыздың достарымен таныстық. Әкелер бір-бірімізбен таныстық. Мұның өзі балаларға тек жақсы жағынан әсер етеді. Қазір карантинге байланысты тоқтап тұр,-дейді ол.

"Үй алу үшін де ажырасады"

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек, үй алу үшін де ажырасып жатқандар бар. Және олардың да саны көбейген.

Құжат жүзінде ажырасады да бір шаңырақ астында тұра беретіндер көп. Бірақ адамдар-ау, оны да тексеретін құзырлы мекемелер бар ғой. Заңсыз алынған қаншама атаулы әлеуметтік көмекті қайтарып алды ғой. Тексеріс нәтижесінде. ертеңгі күні оның сұрауы болады. Өйткені бүгін ажырасқанмен бірге тұрып жатқаны бәрібір дәлелденеді. Осындай жағдай үшін Жаратқан алдындағы ақ неке қиғызарда берген антты бұзу дұрыс емес. Мысалы статистиканы сөйлетсек, жасөспірімдер арасында қылмыс құрамының 80 пайызы толыққанды емес отбасынан шығады екен,-дейді судья.

Еркін Отарбаев екі адам ажырасуға келсе, олармен жұмыс процесі қалай өтерін де айтып берді.

Ең алдымен жұмыс тобының алдына келген екі жұптың уәжін тыңдаймыз. Бірінші талап арыз бергені бастап сөйлейді. Екеуін де толық тыңдағаннан кейін біз оларға мәселенің шешу жолдарын ұсынамыз. Осылайша олармен бір рет емес, бірнеше рет сұхбаттасамыз. Қуантарлығы – түсіндерме жұмыс нәтижесі жақсы аяқталып, ажырасудан бас тартып, кейін бізге алғыс айтқан отбасылар да баршылық. Біз соған қуанамыз. Ажырасуға арыз бергеннен кейін қаралу процесі - 2 ай. Біз олармен 20 күн бойына жұмыс жасап, мәселені жақсы жағына қарай шешуге тырысамыз,-деді судья.


Фото: дереккөз
Загрузка...