Бас жаңалықтар
Отбасылық тәрбие ол күнделікті жауапкершілік – Балаева
15 Мамыр 2021, 13:43 402

Отбасылық тәрбие ол күнделікті жауапкершілік – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандықтарды халықаралық отбасы күнімен құттықтады.


Бүгін Халықаралық Отбасы күні. Отбасы – баршамыз үшін қастерлі де қадірлі ұғым. Расында әрбір отбасы – тұтас қоғамның айнасы. Бірақ, отбасының іргесін бекітіп, қабырғасын қатайту – өмірге ұрпақ әкелу, мол табыс табу қағидаларымен ғана шектеле ме?! Менің ойымша отбасының беріктігі – ең алдымен ондағы өзара сыйластық пен құрметке, биік рухани деңгей мен тәрбиеге байланысты. Біздің қай-қайсымыз өмірлік дағдыны, мінезімізді, басқалармен байланыс мәдениетін отбасындағы тәрбиеден қалыптастырамыз. Әке-шешенің бір-біріне деген құрметі, айналаға деген қарым-қатынасы – бала үшін ең бірінші өмірлік үлгі. Соның ішінде, ананың ықпалы мен рөлі әсіресе ерекше деп санаймын. Әйелдің ата-анаға деген ізеті, жұбайына құрметі, баласына деген мейірімі, өзіне деген сенімі – барлығы да бала тәрбиесіндегі негізгі алғышарт. Баланың тыңдап ой түзейтін де, қарап бой түзейтін де үлгісі осында жатыр. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деген. Яғни, отбасылық тәрбие ол күнделікті жауапкершілік. Бұның барлығы да біздің халықтың өзіне тән отбасылық тәрбие институтында бар дүние. Ол ғасырдан ғасырға созылып, ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып келеді. Себебі бұл ұлттық кодымызға жазылған рухани құндылықтар, - деп жазды ол өзінің facebook-тегі парақшасында.

Ол сонымен қатар кеше ғана жылдағы дәстүрмен кезекті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын басталғанын хабарлады.

Бұл шын мәнінде нағыз халықтық қолдауға ие ұлттық жобаға айналды. Бүгінде, кейбір БАҚ елімізде отбасылық құндылықтардың өзгергенін жазып жатады. Дегенмен шын мәнінде біздің қоғамда үлгі болатын отбасылар өте көп. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде ұйымдастырылатын осындай әртүрлі жобалар мен байқаулар бізге осыны көрсетіп келеді. Мұраты биік мемлекет те, бірлігі берік қоғам да – ең алдымен бірлігі зор, берекесі мол отбасыдан құралады. Осындай отбасылар – ертеңгі ел басқаратын зиялы азаматты да тәрбиелейді, бәсекеге қабілетті қоғамды да қалыптастырады. Сондықтан Отбасы мерекесі баршаңызға құтты болсын! Дендеріңізге саулық, баянды бақыт пен берекелі татулық тілеймін! Отбасыларыңыз аман болсын!-деді Аида Балаева.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...