Павлодар облысында теміржол өткелдеріне жауаптылар жазаланды

8 Мамыр 2021, 10:33
1512
Бөлісу:
Павлодар облысында теміржол өткелдеріне жауаптылар жазаланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде теміржол өткелдерін қанағаттанарлықсыз дәрежеде ұстағаны үшін 15 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, теміржол өткелдері де полицейлердің ерекше назарында. Олардың жай-күйіне немқұрайлы қарау жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін. Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері 49 теміржол өткелін тексеріп, көптеген ереже бұзушылықты анықтады.

Теміржол өткелдерін күтіп-ұстаудағы негізгі ақаулар қажетті жол белгілерінің болмауы, жарықтандырудың дұрыс болмауы, төсеменің қанағаттанарлықсыз жай-күйі болып табылады. Анықталған кемшіліктерді жоюға 49 ұйғарым берілді. Тексеру қорытындысы бойынша теміржол өткелдерін қанағаттанарлықсыз ұстағаны үшін 15 лауазымды тұлғаға 440 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, - деді ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арыстан Дүйсембаев.

Мысалы, 2021 жылғы 26 сәуірде Павлодар қаласының Жібек жолы көшесіндегі теміржол өтпелерін тексеру барысында полиция қызметкерлері жол белгілерінің, төсеменің және сигнал бағандарының сәйкессіздігін анықтады. Бұл апаттық жағдайдың туындауына әкеп соғуы мүмкін.

Аталған ереже бұзушылықтар үшін екі павлодарлық ЖШС ҚР ӘҚБК 631-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. 10 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Өзгелердің жаңалығы