Бас жаңалықтар
Павлодар облысының әлеуметтік дүкендері арзан жұмыртқамен қамтылды
13 Сәуiр 2021, 19:23 216

Павлодар облысының әлеуметтік дүкендері арзан жұмыртқамен қамтылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының әлеуметтік дүкендеріне жұмыртқа жеткізіле бастады. Өнім әлеуметтік бағамен тасымалданады.

Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мамандарының мәліметінше, С-1 санаттағы тауық жұмыртқасының он данасы 396 теңгеден саудаланады. Бүгінде 20-дан астам әлеуметтік дүкенде тасымалдау реттелді.

Нақтырақ айтқанда, арнайы белгілері бар жұмыртқа түсіп жатыр. Жауапты мамандар жұмыртқаға арнайы маркировка қоюды жөн санаған, себебі, әлеуметтік азықтың еркін саудаға қымбат бағамен сатылып кетпеуіне жол берілмеуі тиіс.

Бекітілген меморандумдар шеңберінде бірінші санаттағы жұмыртқа тұрақтандыру қорының серіктес дүкендерінде тікелей тасымалданады. Бағасы нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Салада алып-сатарлыққа жол бермеу үшін арнайы маркировка жасалды. Яғни әр жұмыртқаға белгі қойылады. Егер бағаның көтерілгені анықталса, тұрғындар шұғыл желіге хабарласа алады. Кейін тексеріс жүргізіледі. Бұған дейін әлеуметтік жұмыртқаның белгілі бір бөлігі тұтынушыға қымбаттау бағамен жеткен кездер болды. Бұған жол берілмеуі тиіс. Осындай деректер болған жағдайда тұрғындар шұғыл желіге хабарласа алады, - дейді басқарма басшысының орынбасары Даулен Қабдушев.

Бүгінде өңір халқын екі құс фабрикасы өніммен қамтиды. «Шарбақты құс» және «Павлодар құс» кәсіпорындарымен әлеуметтік бағамен сатып алу жөнінде келісім жасалған. Сауда нүктелері үшін 10 жұмыртқа 360 теңгеден босатылады, ал тұтынушылар үшін 396 теңгеден аспауы керек.

Айта кетейік, облыстық тұрақтандыру қорына сәуір айына бірінші санаттағы жұмыртқаның 500 данасын әкелу жөнінде келісім бар. Алдағы үш ай үшін тұрақтандыру қорына 2 млн дана жұмыртқа әкелінбек.


Фото: автордан
Загрузка...