Павлодарда өртеніп кеткен сауда үйі үш аптаның ішінде жөнделеді

16 Қазан 2020, 21:15
1726
Бөлісу:
Павлодарда өртеніп кеткен сауда үйі үш аптаның ішінде жөнделеді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Өрт салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Жанып кеткен сауда үйінің ғимараты үш апта ішінде жөнделіп аяқталмақ. Ғимарат әкімшілігі осындай уәде беріп отыр.

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямның хабарлауынша, ғимараттың жанындағы «Шапағат» нарығы 600 шаршы метрлік аумағы қалыпқа келген соң саудагерлер жұмыстарына кірісе алады.

Біз зардап шеккендерге екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуға кеңес береміз. Жылдық үстемесі алты пайзы болатын несие алуға мүмкіндік бар. Ал жас кәсіпкерлер «Жасхалық Ертіс» бағдарламасы бойынша бес пайзы арқылы несие ала алады, - дейді Ержан Иманслям.

Ғимарат әкімшілігі кәсіпкерлерге бөлімшені жалға алудан екі айға босатуға уәде берді. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін өзге дүкендер мен ғимараттарды арзан бағамен жалға алуға кеңес берілді. Саудагерлер облыс орталығындағы 10 нысан ішінен қалаған жерлерін жалға ала алады.

Еске салсақ, ірі сауда үйіндегі өрт оқиғасы төрт күн бұрын тіркелді. Қызыл жалын 1,5 мың шаршы метрлік аумақты шарпыды. Бірінші және екінші қабат өртеніп, салдарынан ғимарат ішіндегі бөлмелерді жалға алған 50 азамат зардап шекті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бұл сауда орнындағы тексеріс жұмыстары соңғы рет 2018 жылы жүргізілген. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі бойынша 11 заңбұзушылық анықталды. Десе де, ғимарат әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Өзгелердің жаңалығы