Павлодарда заңсыз шырша кескендерге жаза күшейтілді

3 Желтоқсан 2020, 15:21
1367
Бөлісу:
Павлодарда заңсыз шырша кескендерге жаза күшейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде қылқан жапырақтылардың заңсыз кесілуі мен сатылуына 65 мобильдік топ бақылау жүргізуде, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.


Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті.

Инспекциямыз 2020 жылдың басында жаңа жыл қарсаңында шыршаларды қорғауға қатысты тиісті шаралар әзірлеген. Облыстық инспекция мен облыстағы орман қорғау мекемелерінің қызметкерлерінен 65 мобильдік топ құрлып, топтар қазіргі уақытта жұмыс жасауда. Сондай-ақ 13 бақылау бекеті жұмыс жасайды. Биыл орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен қылқан жапырақты жас шыбықтарды сатуға бұйрық және әкімдіктерден жаңа жылдық шыршаларға өтініш түскен жоқ болатын. Өткен жылы облысымыздың аумағына 6 мыңнан астам шырша әкелінген. Жас қылқан жапырақтыларды кесу фактілері тіркелген жоқ болатын, - деді Руслан Төлепбаев.
Инспекция басшысының айтуынша, биыл Павлодар облысына Ресей федерациясынан 500 дана жаңа жылдық шырша әкелінген. Күн сайын жаң жылдық шыршаларды сатумен айналысатын кәсіпкерлік нысандарына мониторинг жүргізіледі.

Жаңа жылдық шыршаны сату үшін инспекцияны алдын ала хабардар етіп, келесі құжаттардың көшірмесін тапсыру керек: халықаралық тауар-жүк құжаты, фитосанитарлық сертификат, тауардың шығарылуы туралы сертификат, шекара қызметі беретін мемлекеттік бақылау туралы талон, шот-фактура.

Шыршаларды сату орнын Павлодар қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі белгілейді.

Ескерте кеткім келеді, бір кішкентай қылқан жапырақтыны кесу әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Егер залал 100 АЕК мөлшерінен аспаса, заңсыз кесілген ағаштар мен құралдарды, өзге де заттарды тәркілей отырып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер залал 100 АЕК мөлшерінен асса, қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Жалпы, жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақтыларды заңсыз кесу фактілері биыл да, өткен жылы да тіркелген жоқ. Алайда, басқа уақыттарда орман ағаштарын кесу жағдайлары анықталуда. Биыл 56 заңсыз кесу фактісі тіркелді. Олардың аумағы 1000 шаршы метрді құрады. Жыл сайын заңсыз ағаш кесу азайып келеді, - деді Руслан Төлепбаев.
Аумақтық инспекция жаңа жыл алдында шыршаларды өз бетімен кесуге жол бермеуге, табиғатты қорғауға шақырады. Егер сіз шыршаның заңсыз кесілуіне куә болсаңыз, инспекцияның сенім телефоны 661299 нөміріне хабарласуға болады.


Өзгелердің жаңалығы