Петропавлда қолма-қол ақшасыз есеп жасау көрсеткіші төрт есе артты

31 Мамыр 2020, 10:46
1666
Бөлісу:
Петропавлда қолма-қол ақшасыз есеп жасау көрсеткіші төрт есе артты
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. "ҚР Ұлттық банкінің" солтүстікқазақстандық филиалы сауда орындары мен коммуналдық қызметтерге жасалатын төлемдер бойынша қаңтар-сәуір айларын қорытындылады. Статистика банктік карточкалар арқылы есеп айырысатындар саны 4,5 есеге артқанын көрсеткен.

Петропавлдықтар біртіндеп қолма-қол емес, төлем жасау жүйесіне ауысуда. Қала тұрғыны Еркегүл Есмағұлова оның тиімді тұстарының көп екендігін атап өтті. Өзі карточкамен есеп жасау әдісін таңдағанына бірнеше жыл болғандығын айтады.

Мен үшін карточкамен есеп жасаған өте ыңғайлы. Тиын-тебеніңді сылдырлатып, әмияныңды ақтарып тұрмайсың. Бірінші кезекте уақытымды үнемдеймін. Банкоматқа барудың қажеті жоқ. Коммуналдық төлем жасау үшін де ешқашан кезекте тұрмаймын. Біртіндеп ондай кассалардың саны азайып, түбінде жабылады. Өйткені барлығын саусақ қимылымен ғана жүзеге асыруға болады. Заманауи технологиялар осындай мүмкіндік беріп отырғанына қуаныштымын. Интернет арқылы сауда жасауға да болады. Әлем осыған келе жатыр. Әрі арнайы мобильдік қосымша арқылы ай сайын қанша қаражатты қайда жұмсағанымды бақылап, сараптап отырамын. Оның үстіне қосымша бонустар түседі. Ол ай сайынғы ұялы байланыс операторына кететін абоненттік төлемді толықтай жабуға жетеді. Қолма-қол емес есеп айырысудың ұтымды тұстарын тізе берсек көп. Тек кейбір дүкендер осы жаңашылдықты игере алмай келе жатқаны өкінішті. Және қоғамдық көлікте де қолма-қол ақша төлеймін. Олар да жаңа жүйеге көшсе жақсы болар еді, - дейді
ол.
"ҚР Ұлттық банкі" облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, карточка арқылы төлем жасауға ниеттілер саны артқанымен, сауда орындарының барлығы бірдей POS-терминал орнатуға құлықсыз. Дегенмен, банк карточкасы арқылы жүзеге асырылатын операциялардың жалпы көрсеткіші жыл басынан бері 44 пайызға артқан. 

Өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіш 17 пайызға тең болған. Былтырғы жылмен салыстырғанда POS-терминалдар саны көбейіп, 4 мыңға жақындаған. Яғни қолма-қол ақшасыз қызмет көрсететіндер қатарына жаңадан 800-ден астам сауда орны қосылған.

Қолма-қол ақшасыз есеп жасаған төлемдер саны 4 жарым есеге көбейсе, жалпы сома 5 есе артқан. Төлемнің жалпы көлемі 77 миллиардтан асты. Бұл құбылысқа төтенше жағдайдың да әсері бар. Өйткені көпшілік онлайн тапсырыстарға көшті, - дейді "ҚР Ұлттық банкі" СҚОФ директоры Диас Мэлс.
Кез келген тұтынушы тауар сатып алған немесе белгілі бір қызмет үшін төлем жасаған сәтте карточка пайдалануға құқылы. Оны жүзеге асырудан бас тартқан бизнес өкіліне қатысты әкімшілік жаза қарастырылған. Ұлттық банк мамандары қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуға септесетінін де атап өтті.
Өзгелердің жаңалығы