Бас жаңалықтар
Жалған хабарлама берген жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды
12 Сәуiр 2021, 17:15 340

Жалған хабарлама берген жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полицияға жалған хабарлама берген 15 жастағы атыраулық жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына белгісіз адам қоңырау шалып, Дамбы селосында орналасқан Амангелді атындағы орта мектептің алдында бір топ бала төбелесіп жатқандығы жөнінде хабарлама берген. 

Хабарламаны тексеру барысында берілген хабарламаның жалған екендігі анықталып, полицияға жалған ақпарат берген 2006 жылы туған жасөспірім анықталды. 

Анық болғандай, жасөспірім бала қалжың үшін полицияға қасындағы досының телефонынан қоңырау шалып, топтасқан төбелес туралы хабарлаған. Аталған факт бойынша жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабының 3-бөлігімен (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру, он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер) әкімшілік хаттама толтырылып, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Одан басқа, түнгі сағат 23:00 кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілді, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Атырау қаласы Полиция басқармасы тұрғындардың назарына арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақырған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде ескертеді.

Фото: дереккөз
Загрузка...