Полиция мамандығына жүрек қалауымен келу керек

6 Мамыр 2020, 22:23
2676
Бөлісу:
Полиция мамандығына жүрек қалауымен келу керек
EX
Фото: дереккөз

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Құқық қорғау органдарында қызмет ету ерекше күш-жігер, төзімділікті талап ететіндіктен, бұл қызметке тек жүрек қалауымен келу керек. Бұл – Көкшетау қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі  Жанатбек Ешімовтің пікірі.

- Өңірде құқық қорғау жүйесін реформалау қалай жүзеге асырылуда?

-Біздің басқарма облыс орталығымен қатар Красный яр селолық округі мен «Бірлік» шағын ауданына қызмет көрсетіп келеді. Құқық қорғау жүйесін жаңғырту аясында барлық күштік құрылымдардың жұмысын үйлестіру үшін шұғыл басқару орталығы жұмыс істеуде. Жуырда ашылған көші-қон қызметі орталығында сақтандыру компаниялары, кассалар орналасқан. Шетелдік азаматтар қажетті құжаттарын бір орталықта ресімдей алады. "Еститін үкімет" жобасы аясында ғимараттың бірінші қабатында азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Келушілер заңгерлік, құқықтық кеңестер ала алады.

- Қала көшелері қаншалықты қауіпсіз?

- Біздің жеке құрамның жұмысы түнгі 11-12-сағатқа дейін тынымсыз жүріп жатады. Осы жұмыстарды атқаруға қарамағымдағы 500-ден астам адам қатысады. Тәулік бойы патрульдік полиция батальоны қоғамдық тәртіпті бақылайды. Қалада криминогендік ахуал тұрақты. Өткен жылы қалада 3974 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Жасалатын қылмыстардың 60 пайызы ұрлыққа қатысты болып отыр. Соның ішінде қалтаға түсу, жеке затын қолды ету, ұялы телефонын тартып алу сияқты көбінесе жасөспірімдер тарапынан жасалатын ұсақ қылмыстар жиі орын алады. Былтыр пәтер ұрлап келген 4 топ құрықталды. Статистика көрсеткеніндей, облыс орталығында көбінесе өзге аймақтардан келген ұры-гастролерлер әрекет етеді. Қоғамдық орындарда 4277 адам мас күйінде ұсталса, 1027 адам абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қоғамдық көліктерде қалта ұрылары ұсталғанымен, көп адамдар рақымшылық танытып, полициядан арыздарын қайтарып алып жатады. Ал қаскүнемдер істерін қайта жалғастырады. Биыл ұрлыққа қатысты жаза қатаңдатылды. Қазіргі уақытта басқа өңірлерден келіп пәтер тонаумен айналысқан гастролерлердің қылмысы тергелуде.

- Интернет-алаяқтарымен қалай күресу керек?

- Азаматтардың өздері туралы мәліметтер, банк карталарының нөмірін бөтен қолға бермеуін айтып БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет ескерту жасадық. Бірақ алданғандар қатары азаяр емес. Алаяқтардың адамдардың сеніміне кіріп алып, басқа қаладан, тіпті өзге мемлекеттен OLХ-ке пәтер жалдайтындары туралы жарнама беріп, телефон нөміріне алдын ала төлем жасауды талап етіп, өздері ұшты-күйлі жоғалғаны туралы деректер бар. Сол сияқты микрокредиттік ұйымдарда туыстары, достарының атына келісімсіз онлайн-кредит ресімдеген жағдайлар да кездесті. Азаматтарға аса қырағы болуды, жеке мәліметтерді ешкімге бермеуге кеңес береміз.

Тілші: Жеткіншектер арасындағы құқық бұзушылық азайды ма?

-Қала бойынша 100-ден аса тұрмысы нашар отбасы, 1256 жеткіншек полиция тіркеуінде тұр. Жеткіншектердің түнгі уақытта жалғыз өзі жүрмеуін ата-аналар қатаң қадағалауы тиіс. Мұндай шара өзін-өзі қорғай алатындай жағдайға жете қоймаған жас өспірімдерді әртүрлі заң бұзушылықтан, арам ниетті адамдардың құрбаны болудан сақтайтынын ешкім естен шығармаған жөн. Осы ретте, мектептерде де күзет күшейтілді. Қаладағы 25 мектептің 11-інде күзет қызметі пайдаланылады.

- "Ақылды қала" бағдарламасы аясында қандай жұмыстар қолға алынды?

- Көкшетауда 144 бейнебақылау камералары жаңартылды. Көппәтерлі тұрғын үйлерде 1070 камера орнатылған. Сондай-ақ 10 мектеп, 7 колледж, 20 жатақхана бейнебақылау құралымен қамтылды. Камералардың көмегімен қалада 141 қылмыстың, 10622 әкімшілік құқық бұзушылықтың беті ашылды. 28814 әкімшілік іс бойынша 333 млн теңгеге айыппұл салу жөнінде қаулы қабылданды. Бірақ бұл шаһардың әр аумағын қадағалауға мүмкіндік бермейді. Қаланың Автоқалашық, Шанхай деп аталатын бөліктері, Красный яр, Стационный поселкелерінде учаскелік пункттер жұмыс істейді. Полицейлер қолданатын планшеттерде барлық ақпараттық база енгізілген. ЖСН арқылы құқық бұзушы туралы ақпаратты білуге болады.

- Көпшіліктің тәртіп сақшыларына деген көзқарасын қалай бағалайсыз?

–Тұрғындар учаскелік инспекторын тануы тиіс. Бізде бұл жағына ерекше мән берілген. Учаскелік уәкілдер тұрғындармен үнемі байланыста, тығыз қарым-қатынаста. Мұндай оңтайлы қатынастың қылмыстың алдын алуға пайдасы зор. Аумақтағы қоғамдық тәртіп, қылмыстың алдын алу мақсатында әрбір көше мен шағын ауданда бекітілген учаскелік уәкілдердің жұмысын зерттеп, баға береміз. Антына адал, табандылықпен қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері аз емес. Жуырда Көкшетау қалалық полиция басқармасының полицейі Бақдәулет Көшкінбай Көкшетау темір жол станциясында суицидтің алдын алды. Ол санаулы секундтарда өмірін қатерге тігіп, биік көпірден секіріп, өмірімен қоштаспақ болған жігітті аман алып қалды. Қызмет қауырт, сондықтан жетістік те жеткілікті, айтылар сын да аз емес. Шынайы сынның жөні бөлек. Мақсат – жеткен жетістікке малданбай, айтылған сынды уақытылы түзеп, ел-жұрттың сеніміне селкеу түсірмеу.

- Қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселелердің бірі – мас күйінде көлік жүргізу жайы...

– Жол апатына кінәлі жүргізушілердің жеңіл жазамен құтылып кетіп жатқан жағдайлары талай мәрте қоғамның наразылығын тудырғаны да жасырын емес. Жаңа жылдан бастап көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілді. Жаңа норма бойынша, мұндай заң бұзушыларға жол-көлік апатын жасамай-ақ, азаматтарға зиян келтірмесе де, 15 тәулікке қамау жөнінде әкімшілік жаза тағайындалып, 7 жылға дейін жүргізушілік құқығынан айырылады. Азаматтардың денсаулығына нұқсан келтірген жол-көлік оқиғасына себепші болған мас жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 3 жылға дейін бас бостандығынан және 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Осы уақыт ішінде қалада 10 азамат жаңа норма бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

- Жемқорлықпен күрес жұмыстары қаншалықты нәтижелі деп ойлайсыз?

- Сыбайлас жемқорлыққа әкелетін адам факторын барынша азайту үшін жаңа технологияларды енгізудеміз. Видеобақылау камераларының саны артуда, мақсат айыппұл салуда ғана емес, көлік қозғалысын тәртіпке шақырып, ЖКО азайтуда. Полицейлер планшеттер, төскеуделік видеорегистраторлармен қамтылды. Бұл ведомстваның жедел жұмысына оң ықпалын тигізуде. Нәтижесінде хаттамаларды толтыру уақыты 4 минутқа дейін қысқарды. Бұл даулы мәселелер туындаған жағдайда өте тиімді. Жол-патруль қызметінің мамандары күніне жүздеген әкімшілік хаттама толтырады. Электронды планшеттердің көмегімен уақыт та үнемделеді. Ал әкімшілік құқықбұзушылықтар бірыңғай реестрге автоматты түрде енгізіледі.

- Шешімін күткен түйінді мәселелер бар ма?

- Тергеу органдары ғана емес, полиция қызметкерлерінің 70%-ын жастар құрап отыр. Оларды әлеуметтік қолдау айрықша басымдыққа ие.Былтыр жедел-тергеу тобы, патрульдік полиция батальоны, учаскелік инспектор қызметкерлерінің жалақыларын көбейттік. Пәтер жалдап тұратын жастарға қосымша қаражат бөлінеді. Биылғы жыл Учаскелік полиция инспекторларының жылы болып жарияланды. Былтыр қаал бойынша 6 учаскелік полиция пунктін жөндеуден өткіздік. Қазіргі уақытта теміржол вокзалындағы №4 пункт жаңартылуда. Қала, облыс әкімдіктерінің қолдауымен учаскелік полиция инспекторлары қызметтік автокөліктермен қамтылуда.

- Еріктілер жылында ведомствода не жоспарланып отыр?

-Полиция басқармасы бұған дейін де жастар ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келді. Біз еріктілерді жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына, жеткіншектермен өткізілетін шараларға тартамыз. Сондай-ақ көшедегі тәртіпті бақылауда белсенді жастар ұйымдары көп көмек көрсетіп келеді.

- Үлгілі полицей қандай болуы керек?

– Өмірлік принципім - өзіңе және қарамағыңдағыларға талап қоя білу, әділ, өзгелерге үлгі болуға ұмтылу. Ең бастысы, полиция мамандығына жүрек қалауымен келу керек. Осы мамандықты таңдаған жастар алдымен патриоттық сезімді, әділеттілікті, абыройлы болуды негізгі ұстаным етіп ала деймін. Жастарға бастапқыда қандай бағыт береміз, нәтижесі де соған байланысты болмақ. Оларды жақсы қызметтері үшін қолдап, жасаған іс-әрекеті үшін жауапты болуға үйрету керек. Жұмысқа ынталы болмаса, қызметіне де жауапсыз болады. Өзім полицейлер әулетіненмін, әкем өмір бойы құқық қорғау органдарында қызмет атқарды. Тәртіп сақшысы болу шыдамдылық пен ерекше төзімділікті талап етеді. Елдің елдігін қадағалап, ішкі тәртібін бақылап отыратын полиция қызметкері болу – абыройлы іс.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы