Бас жаңалықтар
Президент сайлауы. АҚШ-та ақырғы дебат өтті
23 Қазан 2020, 22:00 155

Президент сайлауы. АҚШ-та ақырғы дебат өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ-та президент, республикашыл Дональд Трамп пен демократтар кандидаты, бұрынғы вице-президент Джо Байден сайлау алдындағы соңғы дебатын өткізді.

Азаттықтың жазуына қарағанда, алдыңғы дебатпен салыстырғанда бұл жолы Трамп пен Байден сайлаушыларды толғандырған негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарын нақтырақ көрсетіп, президент болуға не үшін лайық екенін дәлелдеуге тырысқан.

Оларға биліктің індетпен күрес стратегиясы және елді шарпыған коронавирустың екінші толқыны жайлы сұрақтар қойылған. Байден Трампты дағдарыспен тиісті дәрежеде күреспеді деп айыптап, елді алда "қаһарлы қыс күтіп" тұрғанын айтқан. Ол қарсыласын коронавирустан қайтыс болған ондаған мың адамның өліміне кінәлап, мұндай адам президент болып қалмауы тиіс деген.

Ал Трамп өз әкімшілігінің дағдарыс салдарын жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, алдағы апталарда елде коронавирустан қорғайтын жаңа вакцина дайын болады. Трамп қарсыласын Америка экономикасының дамуын тежегісі келеді деп айыптады.

Дебат кезінде сайлау жүйесінің қауіпсіздігі де сөз болды. Байден Трампты АҚШ-тағы сайлауға араласқан Ресей басшысын ешқашан сөкпеді деп сынады. Байденнің сөзіне қарағанда, Трамп авторитар елдердің басшыларына жұмсақтық танытып, олармен жылы қарым-қатынас орнатқан.

Ал Трамп Байденнің отбасының шет мемлекеттер есебінен байығанын, атап айтқанда Ресейден 3,5 млн доллар көлемінде қаражат алғанын айтты. Байден бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Кандидаттар нәсілшілдік, медициналық сақтандыру, көші-қон, сыртқы саясат, ғаламдық жылынумен күрес бойынша қарама-қайшы пікірлер айтты.

Сайлаушыларға қарата сөйлеген Трамп егер Байден сайланса, елде салық өсіп, экономикалық өсім тоқтайды, ғаламдық жылынумен күресу үшін мұнай сектор саласы әлсірейді деді. Ал Байден Америка құндылықтарын жоғары қоятын президентті таңдауға кеңес берді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...