Президент судьялардың тәуелсіздігі мәселесін шегелеп айтты – Айдос Сәдуақасов

23 Қазан 2020, 16:55
1217
Бөлісу:
Президент судьялардың тәуелсіздігі мәселесін шегелеп айтты – Айдос Сәдуақасов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да «Қазақстан судьяларының VIII съезі: құзыреттілік, тәуелсіздік, жауапкершілік» тақырыбында өтіп жатқан онлайн брифинг барысында  ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов айтты.

Бүгін ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен республика судьяларының VIII съезі онлайн өтті. Бұл съезд республика судьялары корпусы үшін айрықша маңызды болды. Өйткені мұндай жиында 4 жылда бір рет Судьялар қауымдастығы өздерінде туындаған мәселелерді ортаға салып, алдағы стратегиялық міндеттерін айқындайды. Қазіргі пандемия жағдайында қатысушылардың денсаулығын ескеріп, ешкімге қауіп-қатер төндірмес үшін және уақытты үнемдеу мақсатында онлайн форматта өткіздік, - деді Айдос Сәдуақасов съезд жайында.

Съезге Судьялар одағының делегаттары, халықаралық сарапшылар, заңгерлер және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. 

Соңғы кезде сот саласында бірқатар өзгеріс болып жатыр. Олар Ұлт жоспарынан және Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындайды. Бүгінгі жиында Президент судьялардың тәуелсіздігі мәселесін шегелеп айтты. Ешқандай азамат судьялардың шешіміне араласуға, қандай да бір үкімге не шешімге қатысты ойларын тықпалауға жол берілмейді. Сонымен қатар БАҚ өкілдері, журналистер, блогерлер сот шешімдері шықпай жатып әр түрлі әңгімеге еріп, сот жүйесінің тәуелсіздігіне, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретіндей жарияланымдар жариялауының алдын алу керектігін және осы мәселенің соңғы уақытта өзекті болып отырғандығын айтты, - деді ол брифингте.

Сонымен қатар баспасөз хатшысы сот жүйесінде туындайтын маңызды мәселелер, заңнамалық жобалардың іске асырылуы үшін судьялардың жауапкершілігін, біліктігін арттыру мәселесіне Президент ерекше тоқталып өткенін алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы