Тоқаев сындарлы саясатты жалғастырып келе жатқанына сенімдімін – Елбасы

28 Сәуір 2021, 16:32
2279
Бөлісу:
Тоқаев сындарлы саясатты жалғастырып келе жатқанына сенімдімін – Елбасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы барысында айтты.

Бүгінде Қазақстан жаңа жауапты кезеңге аяқ басты, ол пандемия жылымен, жаһандық экономикадағы дағдарыс құбылыстарының күшеюімен, жетекші әлемдік ойыншылардың геосаяси бәсекелестігінің шиеленісуімен тұспа-тұс келді. Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар біздің мемлекетіміздің дамуына теріс әсер етпей қоймайды. Осындай жағдайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты есептелген, сындарлы саясатты жалғастырып келе жатқанына сенімдімін. Біз осы саясатты қолдауға тиіспіз. Ол барлық қазақстандықтардың мүдделеріне және ұлтымызды одан әрі дамыту мақсатына қызмет етеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған дейін, Елбасы қазақ тілін білуге, түсінуге деген ұмтылыс өте жақсы екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, ол елдегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын, соның аясында Қазақстан халқы ортақ мақсаттар мен ортақ тілек аясында топтасқанын жеткізді.

Айта кетейік, сессияның күн тәртібіне шығарылған тақырып - «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы». Сессия жұмысына онлайн форматта 600-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірінен келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.


Өзгелердің жаңалығы