Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

2 Желтоқсан 2020, 12:19
3250
Бөлісу:
Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Гидра арт-зауыты жұмыс істеп жатыр. Ол жерде көрмелер, концерттер, мастер-кластар, әдеби кештер, жәрмеңкелер, қалалық пикниктер, фотосессиялар, бейне түсірілімдер, жеке жабық іс-шаралар өткізуге болады.

Сондай өткізілген іс-шараның бірі - көрме. Бұл көрмеге қаладағы қолөнершілер, тігіншілер, суретшілер жиналып, өз өнімдерін келушілерге ұсынды.

Сонымен қатар бұл көрмеге әлеуметтік кәсіпкерлер де жиналды.

Жұмысқа жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар тартылды

Көрмеге өз өнімдерін алып келген әлеуметтік кәсіпкер Әйгерім Әбенова қазіргі күні 5 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтып отыр.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Біздегі бренд «Aspan» деп аталады. Цехымыз осы елордада орналасқан. Сонымен қатар құрылғанымызға шамамен 3 жыл болды. Біз көбінесе спорттық киімдерді өндіреміз. Себебі қазіргі заманда спорттық стильдегі киімдер сұранысқа ие. Цехта мүмкіндігі шектеулі жандар (көру, есту кемістігі бар адамдар) жұмыс істейді. Атап айтсам, 5 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қауымдастығы кішкентай болғандықтан олар бір-бірін таниды. Егер бір жерде жұмыс шығып жатса, үнемі бір-бірін шақырып отырады. Одан бөлек, Жұмыспен қамту орталығымен де бірлесе жұмыс істейміз. Сонымен қатар мұндай жұмысқа жалғызбасты аналарды, көп балалы аналарды да тартып отырамыз. Олардың мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан көп жұмыс істей алмайды. Аптасына 5 күн және күніне шамамен 6-7 сағат жұмыс істейді. Жасаған жұмыс көлеміне қарай орташа айлық жалақылары 120-150 мың теңге. Карантинге байланысты кей қызметкер үйден қашықтан жұмысын атқарып жатыр. Сондықтан тігіншілер өздерінің жасаған жұмыстарына қарай айлықтарын алып отыр, - деп атап өтті ол.

Әлеуметтік кәсіпкердің айтуынша, барлық маталар Түркиядан әкелінеді.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Елімізде әлі де осындай сапалы маталар жоқтың қасы. Егер барлық материал жеткілікті болса, онда күніне бір тігінші бір спорттық костюм тіге алады. Спорттық киімдерден басқа сұраныстағы бар заттарды тіге аламыз. Мысалы, сөмкелер, бас киім, жейде, маска және басқа да. Олардың бағасы шамамен 4 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін барады, - дейді Әйгерім Әбенова.

Әлеуметтік кәсіпкер неліктен қазақстандық киімдер қымбат тұратынын айтып берді.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Себебі киімдердің матасы қымбатқа шығады. Мысалы, Түркиядан әкелінген маталарды біз дүкендерден аламыз. Ал олар 2-3 есеге өз бағасынан қымбатқа сатады. Оның үстіне біз үлкен фабрика емеспіз, аз ғана партиямен шығарамыз. Осы себептен де бағасы қымбатырақ болады. Елімізде мұндай сапалы мата шығаратын зауыттар болмағандықтан Түркиямен, кейде Өзбекстанмен жұмыс істейміз. Одан бөлек, біз әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып отырғандықтан өз табысымызды төменірек қоямыз, - дейді ол.

Сонымен қатар кәсіпкер негізгі мақсаттары мүгедек адамдарға жұмыс беру екенін алға тартты.

Цехымызда қызметкерлерге тренингтер өткізіп тұрамыз. Дегенмен біз соншалықты пайда көріп отырмыз деп айта алмаймыз. Нөлге барғанымыздың өзі біз үшін табыс, - деп айтты Әйгерім Әбенова.

 «Адамдарға үнемі жаным ашып, көмектескім келіп тұрады»

Тоқыма ісімен айналысатын Рахима Мұқышева көрмеге тоқыған бас киім, қолғап сияқты киімдерін әкелген.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Өзім әлеуметтік кәсіпкер болғандықтан адамдарға үнемі жаным ашып, көмектескім келіп тұрады. Осы ретте 2014 жылдан бері әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Өзім кезінде үш баламен жұмыссыз қалған кезімде тоқымамен айналысуды бастадым. Осы тоқыма бизнесі бүгінгі күнге дейін түрлі деңгейге жетті. Алайда мен ойлаған мақсаттарыма жеттім. Сондықтан басқа адамдарға да қол ұшын беру үшін, мен сияқты жұмыссыз қалған, жағдайы нашар адамдарға көмек беру мақсатында осы әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуды жалғастырып, дамытып келемін. Бүгінгі күні цех карантинге байланысты жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен тоқымашылар үйде отырып жұмыстарын жалғастырып жатыр. Пандемия болғандықтан бағытымызды үйде отырған әйелдерге қарай өзгертіп жатырмын. Яғни пенсиядағы әжелер, декретте отырған келіншектер, әр түрлі жағдайдағы адамдардың қолдарында икемдері болса, тоқыманы үйретіп, олардың мүмкіндіктеріне қарай тапсырыс беремін, - дейді әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.

Оның айтуынша, «Мейірімділік геометриясы» атты қайырымдылық жобалары бар.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Жоба аясында қарттар үйіндегі ата-әжелерге арнап шұлық тоқыдық. Қазан айында тоқыған заттарды тапсырдық. Енді Қарттар үйіндегі үлкендеріміз де жағдайы төмен отбасындағы балаларға және Балалар үйіндегі балаларға шұлықтар тоқып жатыр. Қазіргі таңда осындай қайырымдылық шарасын бастадық, - дейді әлеуметтік кәсіпкер.

Көрмеге қолөнершілер, тоқымашылар мен тігіншілер жиналып, өз өнімдерін келушілерге ұсынып жатыр.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Бұл жер шығармашыл, креативті адамдардың жиналатын орнына айналып отыр. Мұнда олар тек өз жұмыстарын ғана қоймай, оны ары қарай дамытып, халыққа насихаттайды. Яғни басты мақсат ақша табу ғана емес, сонымен қатар өз өнерін көрсету, оны насихаттау. Өйткені қазіргі заманда бәрі ақша табудың амалымен жүр, - деп айтты ол.

 Ерекше бокстар жасайтын жас кәсіпкер

24 жастағы суретші Айдана Құлахметова көрмеге қойылған тауарларын өз қолымен жасайды.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Мен мультфильмдер, фильмдер мен сериалдар боайынша тақырыптық бокстар жасаймын. Мысалы, «Гарри Поттер және құпия бөлме» фильміне бокс жинадым. Онда скетчбук, стикер, шұлық, сәндік асқабақ, свеча және каллиграфияға арналған жиынтық бар. Осындай заттарды жинап, Гарри Поттер фанаттарына арналған бокс жасауға болады. Сонымен қатар басқа да түрлі жиынтық жинауға болады. Мысалы, Жаңа жылға орай түрлі жаңажылдық фильмдерді алуға болады. Мұндай қораптағы сыйлықтар 7500 теңгеден басталады. Мұның бағасы бокс ішіндегі заттарға байланысты болады. Егер тапсырыс беруші арзандау бокс қаласа, онда аз сомаға да жасап беруге мүмкіндік бар, - дейді ол.

Сонымен қатар жас кәсіпкер алдағы уақытта қазақстандық фильмдерге де осындай бокстар жасау ойда бар екенін айтты.

Профессионалдар. Әлеуметтік кәсіпкерлер

Одан бөлек, қазақстандық суретшілердің батырлар, Алтын адам туралы комикстері бар. Осындай тақырыптарға да алдағы уақытта жасаймын. Өзім фильм, сериалдар көргенді ұнатамын. Мұндай жиынтықтар жасау қазіргі күні кең таралған. Дегенмен тақырыптық фильмдер, мультфильм, сериалдар жайында бокстар жасалғанын әлі көрмедім. Менің жобамның бір ерекшелігі осы деп ойлаймын. Жақсы пікірлер де келіп түсуде. Жасаған жұмысымның адамдарға ұнап жатқаны қуантады. Бұл жобаны қолға алғаныма небәрі бір айдай уақыт болды, - деп атап өтті Айдана Құлахметова.

Айта кетейік, Айдана Қазақ ұлттық өнер университетін биыл тәмамдаған.

Өзгелердің жаңалығы