Бас жаңалықтар
Профессионалдар. Кадр бөлімі
16 Қараша 2020, 10:50 384

Профессионалдар. Кадр бөлімі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қызметкерлерді жұмысқа орналастырып, құжат қабылдау аса тиянақтылық пен ұқыптылықты қажет етеді. Оның үстіне мемлекеттік қызметкерлерді қызметке алу - үлкен жауапкершілік. Осы орайда ҚР Ішкі істер министрлігі ҚАЖК қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кадр саясаты бөлімінің жетекшісі Назгүл Торғаевамен әңгіме өрбіттік. Ендеше, бүгінгі профессионал – кадр қызметкері.

Назгүл Торғаева 1993 жылы Ақмола облысының Біржан сал ауданына қарасты шағын ауылда дүниеге келген. Үйдің сүт кенжесі болғандықтан Назгүл жастайынан ерке болып өскенін айтады. 

Отбасында 3 баламыз. Менің әпкем мен ағам бар. Әке-шешем кішкентайымыздан бізді «адал болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деп тәрбиеледі. Еңбекке баулып өсірді. Соның нәтижесінде қазір барлығымыз бір-бір саланың тізгінін ұстап, өз саламызда жетістікке жетіп отырмыз деп ойлаймын. Менің үлкен әпкем де осы ішкі істер саласында еңбек етеді. Аталмыш мамандыққа келуімнің алғышарты мен себебі де сол деп ойлаймын, - дейді Торғаева. 

Торғаева орта білімді өз туған ауылынан тәмамдап, 2010 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Павлодар заң колледжіне оқуға түседі. 

Бала кездегі арманымды орындау мақсатында бағымды сынап, қылмыстық-атқару жүйесі органдарының ведомстволық оқу орындарына құжат тапсырған болатынмын. Соның нәтижесінде құқық қорғау саласында еңбек жолым жалғасты. Қиындығы басым қызметте ер азаматтармен қатар елге адал қызмет етіп жүрген нәзік жандар саны жыл сайын артып жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Кәсіби тұрғыда біз, қыздар ешкімнен қалыс қалмай, еңбек ете аламыз. Елге қызмет етіп жүрген адал қыздарымыз көп, - дейді ол. 

Жас қызметкер шенді, яғни оның иығында 4 жұлдызша бар, демек капитан. 

Бұл жолға түсіп, лауазымға жету оңай деп те, қиын деп те айта алмаймын. Себебі мемлекеттік органдағы жұмыс жинақылықты, тәртіптілік пен ұқыптылықты қажет етеді. Алайда адам болған соң кейде осы тәртіптерді орындау қиындық туғызбай қоймайды. Бірақ өз ісіңе деген махаббат пен адалдық болса, барлығына төтеп беріп, жетістікке жетуге болатынына көзім жетті, - дейді ол. 

Торғаева 27 жасында капитан атанғанына көп адам таңғалатынын жасырмайды. 

«Жап-жас болып осындай лауазымға қалай ие болдың, оның құпиясы неде?» деген сұрақтар қойылады. Жас болсам да осындай лауазымға жету, әрине, еңбек пен іске адалдықтың арқасы. Сонымен қатар, жұмысқа ерте араласуым мен білім алғандағы уақытым еңбек өтілі ретінде саналуы да үлкен әсер етті деп ойлаймын. Биыл осы салада еңбек етіп жүргеніме 10 жыл толды, - деді ол. 

Ол атап өткендей, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің кадр саясаты бөлімшесінің бастығы лауазымына келер алдында, осы кадр бөлімде аға инспектор, оның алдында ЕЦ-166/22 мекемесінде кадр жұмысы бөлімінде қызмет еткен. 

Оқу тәмамдағалы кадр бөлімінде жұмыс істеп келемін. 10 жыл білімімді шыңдап, теорияны тәжірибемен ұштастырып машықтанып, тәлімгерлерімнен өмірлік тәжірибе жинадым, - деді ол. 

Торғаева ішкі істер саласында қызмет ететін әйелдер қатары көбейіп жатқанын айтты. 

Органда тек еркектер қызмет етеді деген таптаурын бұрында жойылған сияқты. Себебі қазір біздің деңгейіміз тең. Барлығы бірдей құқыққа ие. Біздің жүйеде ұрпақтар сабақтастығы деген ұғым да бар. Бұрын істеген әпкелеріміз бізге ақылы мен кеңесін айтып отырады. Мысалы, департаментте ішкі істер саласында бұрын қызмет істеген 63 әйел ардагер бар, - деді ол. 

Назгүл Сүлейменқызы мемлекеттік қызметші болудың артықшылықтары көп екенін айтты. 

Себебі мемлекетке тікелей қызмет еткен соң тұрақтылықты сеземіз. Осыған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда жағдайымыз өте жақсы. Жалақы, пәтер жалдау, еңбек демалысы тұрақты екенін біліп, алаңдамай жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдай жасалғаны да жалған емес. Мансаптық өсу баспалдағы да адал жұмыс істегендерге құшағын айқара ашады. Оған менің жолым арқылы да көз жеткізуге болады, - дейді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...