Бас жаңалықтар
Профессионалдар. Өрт сөндіруші
EX PHOTO VIDEO
04 Мамыр 2021, 13:45 593

Профессионалдар. Өрт сөндіруші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ең қауіпті мамандықтардың бірі - өрт сөндірушілер қызметі. Бейбіт күннің батырлары - өрт сөндірушілердің құрал-саймандары, дайындықтары үнемі сақадай сай. Осындай қауіпті мамандық иесінің бірі, өз саласының профессионалы – елордадағы №17 өрт сөндіру бөлімінің командирі Рүстем Мусин.

«Профессионалдар» айдарының бүгінгі кейіпкері Рүстем Мусин Ақмола облысы Целиноград ауданында 1982 жылы дүниеге келген. Кейін 1998 жылы 11-сыныпты аяқтаған соң ата-анасымен елордаға көшіп келген. 2002 жылы әскер қатарына шақырылып, екі жыл әскери борышын өтеді.


Өрт сөндіруші болуды армандап көрмеппін
Әскерден келген соң ағам өрт сөндіру қызметіне баруға кеңес берді. Ол «пожаркада» жұмыс істеген жақсы, жұмыс режимі де ыңғайлы, бір күн істеп, үш күн демалуға болатыны туралы айтты. Алайда, өтірік айтпай-ақ қояйын, бұған дейін бұл жұмыс туралы мүлдем ойлап көрмеппін. Көбі «бала кезімнен өрт сөндіруші болғым келді» деп жатады емес пе?! Бірақ менде мұндай арман болған жоқ, тіпті бұл қандай жұмыс екенінен де хабарым болмады. Осылайша, 2004 жылы қажетті құжаттарды жинап, жұмысқа орналастым. Ол кезде қаладағы Циолковский, 3 мекен жайындағы бөлім бірінші бөлім болатын. Қазір №17 өрт сөндіру бөліміне ауыстырылды. Сол кездері бірінші бөлім ең жиі өртке шығатын бөлім еді. Шамамен 20-30 өрт оқиғасы тіркелетін, - дейді ол.

Рүстем Мусин 22 жасында осы қызметке келген.

Сөйтіп, жұмысқа орналасып, алдымен 5-6 күн тәжірибеден өттім. Бөлімде 4 қарауыл жұмыс істейді. Әр қарауылда 17-18 маман бар. Яғни 4 қарауыл 4 күнде кесте бойынша кезекшілікке түседі. Тәжірибеден өткеннен кейін үшінші қарауылға орналастым. Осылайша, бүгінгі күнге дейін осы қарауылда жұмысымды жалғастырып келемін. Алғаш келгенімде үшінші қарауылдың құрамында тек үлкен жастағы өрт сөндірушілер болды, араларындағы ең жасы мен едім. Ол кезде жасым небәрі 22-де болатын. Қазір олардың көбі зейнетте, - деп атап өтті өрт сөндіруші.

Ол ең бірінші ұжымының да өте ұйымшыл, тату болғанын еске алды. Ескі әріптестерімен әлі күнге дейін араласып, байланысып тұрады. Қазір осы қарауылдағы ең үлкені – Рүстем. Еңбек етіп келе жатқанына биыл 17 жылдай уақыт болды.

Жұмысқа аға сержант дәрежесімен орналастым. Яғни 2004-2013 жылдар аралығында қарапайым өрт сөндіруші болдым. 2013 жылы желтоқсаннан бастап бөлім командирі лауазымына тағайындады, - деді Рүстем Мусин.

Оның сөзінше, офицерлерді ТЖМ Көкшетау техникалық институты дайындайды. Яғни мектепті бітірген соң, азаматтар әскерге бармай, 4 жыл бойы сонда оқиды. Институтты тәмамдаған жастар курсант және лейтанант болып келеді.

Кейін біз теориялық түрде дайын болып келген курсанттарға тәжірибе жүзінде білім береміз, - дейді ол.

Жұмысқа алуда басымдық ең алдымен Көкшетау техникалық институтын аяқтаған курсанттарға беріледі. Демек, бос орындарға бірінші кезекте курсанттар, лейтенанттар тартылады. Содан кейін барып қана бос орын қалса, онда техникалық білімі бар мамандарды алады.

Мансап, дәреже қуу мен үшін жат дүние. Қазіргі қызметім жақсы. Себебі маған оқиға орнына шығып, өрт сөндіріп, адамдарды құтқару ұнайды. Офисте отыру бұл маған арналмаған. Десе де құжаттармен жұмыс істегенді қалайтындар да бар, - деп айтты маман.

Құтқарушы атап өткендей, департаментке жұмысқа тек қана өрт сөндірушілер ғана келмейді, сонымен қатар құжаттармен жұмыс істейтін мамандар да келеді. Зертханада жұмыс істейтін мамандар да бар. Олар өрттен кейін оқиға орнына барып, өрттің себептерін анықтайды. Яғни олар өрт сөндірмейді, зертханадағы жұмыспен айналысады.


Өрт сөндірушінің бір жұмыс күні

Сағат 8:15-те қарауылдардың «разводы» болады. Бұл – күзетте тұрған және оны алмастыратын қарауылдардың сапқа тұруы, кезекшілікті ауыстыруға дайындығы. Ал осы уақытқа дейін маман жауынгерлік форманы киіп, дайын тұруы керек. Бірінші қатарда кезекшілікті тапсыратын, ал екіншісінде қабылдап алатын қарауыл тұрады. Олардың ортасында басшылық болады. Сапқа тұру аяқталғаннан кейін күзет техниканы тапсырады, оның ішінде көлік, өрт сөндіру техникасы, басқа да құралдар бар, - дейді Мусин.

Күзет барлық техниканы таза әрі еш ақаусыз өткізеді. Кейін оқу процесі ұйымдастырылады. Барлығы оқу сыныбында жиналып, 11:05-ке дейін қарауыл бастығы сабақ өтеді.

Одан бөлек, норматив бойынша сағат 12:50-ге дейін жаттығу жүргізіледі. Ал сағат 13:00-14:00 аралығында түскі ас ішеді. Асханада тамақты мамандар өздері әзірлейді.

Сондай-ақ 14:00-ден 16:00-ге дейін объектілерге шығып, өртке қарсы тексеру жұмыстары жүргізіледі. Кейін сағат 5-ке дейін CrossFit-пен айналысамыз, жүгіреміз, штанга көтереміз. Бұл да күн тәртібінде көрсетілген. Кешкі асқа бір сағат уақыт беріледі. Одан тағы спортпен шұғылдануға, мәдени жұмыстарға уақыт бөлінеді. Бірі теледидар көрсе, бірі отбасымен сөйлеседі. Негізі спортқа көп басымдық берілген. Өрт сөндірушілік физикалық тұрғыда мықты болуылары қажет. Кейін 23:00-де ұйқыға жатамыз, - деп түсіндірді маман.

Тек бақылау пунктінде, кезекші қарауылда және гаражда тұрған 3 маман ұйықтамайды.

Ал егер өрт оқиғасы бола қалсаса, онда ешкім ұйықтамайды, бәрі жұмысқа кіріседі. Жиналып, оқиға орнына жөнелуге 1 минуттай уақыт беріледі.

Кезекші қарауыл 6:00-де ұйқыдан оянып, келесі келетін қарауылға техникаларды дайындайды.

Өрт болған жағдайда өрт сөндірушілердің кестесі өзгереді. Олар 2-3 сағат немесе 5 сағатқа дейін оқиға орнында жұмыс істеулері мүмкін.

Өрт сөндірушілер көлігінде «рукава» (шланга), өрт сөндіргіштер, суға батып бара жатқан адамдарды және аварияда жұмыс істейтіндерді құтқаруға арналған құралдар, газ кескіштер, аралар, ломдар бар.

Өртке 2 көлік және 1 автобаспалдақпен шығамыз. Бірінші көлікте жүргізуші, қарауыл бастығы және 3-4 өрт сөндіруші болады, - деп айтты Мусин.


Өрт сөндірушілердің жалақысы қанша?

Жалақы еңбек өтіліне, дәрежесіне қарай әркімде әртүрлі. Одан бөлек, бірінші, екінші сыныпқа және мастерге бөледі. Мысалы, мен мастермін, яғни ең жоғарғы деңгей. Қолыма шамамен 180 мың теңге аламын. Сондай-ақ жылдың басында жалақыға тағы 10% қосты. Ал жұмысқа енді орналасқан мамандар бастапқы жылдары 103 мың теңгедей жалақы алады, - деп атап өтті ол.

Өрт сөндірушілер де зейнетке 45 жаста шығады. Сондай-ақ еңбек өтілі осы салада 25 жылға жетсе, онда зейнетке ерте шығуға мүмкіндік бар.

Алғашқы өрт: Үш бөлмелі пәтерде адасып кеттім

Сұқбат кезінде маман алғашқы өртін еске алды.

Өрт Абылай хан даңғылындағы пәтерде болды. Ол 2004 жыл еді. Пәтер бірінші қабатта орналасқан болатын, үш бөлмелі пәтерде диван өртеніп жатты. Өртеніп жатқан үйге қажетті құрал-жабдықтарды алып, 4 өрт сөндіруші кірдік. Ол кезде жұмысқа жаңадан орналасқандықтан болар өртеніп жатқан пәтерде адасып кеттім. Түтіннің салдарынан ештеңе көрінбей, тек дауыс қана естілді. Бағытымды жоғалтып, қабырғаларға соғыса бердім. Бәрі бітті деп те ойладым. Бірақ әріптестерім тауып алып, өрт шыққан пәтерден бірге аман-есен шықтық, - дейді ол.

Рүстем Мусин бұл оқиғаны әлі күле отырып еске алатынын айтты.


9 қабатты үйде «шашлык» пісіргендер де болады

Өрт кезінде қызықты жағдайлар да болып тұрады. Соның бірімен бүгінгі кейіпкеріміз бөлісті.

Осыдан бірнеше уақыт бұрын (карантин кезінде) тұрғындар хабарласып, көршілерінің үйінен түтін шығып жатқанын айтып шағымданды. Тұрғын үйге келіп, 9-қабатқа барлық өрт сөндіру техникасымен, құрал-жабдықпен көтерілдік. «Рукава» шамамен 30 келіні құрайды. Оқиға орнына жетсек, пәтер иесі плитада кәуап пісіріп жатыр екен. Үйден түтін шықсын деп терезелерін ашып қойған. Көріп тұрғандарыңыздай, ол кәуап пісіріп тұр, ал біз мұнда жүгіріп жүрміз, - деп ол оқиғамен бөлісті.
Осындай жағдайларда өрт сөндірушілер тұрғындарға мұндай әрекет жасауға болмайтыны туралы түсіндіреді.
Егер адам түсінбей жатса, онда оқиға орнына тиісті мамандарды жібереміз. Олар өрттің салдарын анықтап, барлығын құжат жүзінде рәсімдейді. Арнайы маман заң жүзінде түсіндіріп, қанша көлемде айыппұл салынатыны туралы да ақпарат береді, - деді Рүстем. 
«Ерлігі үшін» медалімен марапатталған маман: Адам өмірін құтқару – біздің жұмысымыз
Әр өрт сайын адам өмірін құтқарып қаламыз. Дегенмен бұған біз жұмысымыз, міндетіміз ретінде қараймыз, - дейді маман.

Ол осындай өрттердің бірінде адамдарды қалай құтқарғаны туралы айтып берді.


Оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын болған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінде орналасқан 10 қабатты үйдің кабельді шахтасынан өрт шықты. Мұндай шахта өртенгенде спецификалық иіс болады. Онымен бір-екі рет демалған адам бірден есінен танып қалуы мүмкін. Осы үйге келгенде кабельдер толығымен өртеніп жатты. Біз өртті үш дәрежеге бөлеміз. Ол қиындығына байланысты осылай бөлінеді. Бұл үйдегі жағдайды екінші дәрежелі өрт деп жарияладық. Үй толығымен қара түтінге оранған. Екінші қабатқа көтеріле бергенде адамдардың еденде естерінен танып жатқандарын көрдік. 3 бала мен әжесі пәтерден шығып үлгермеген. Әріптестеріммен бірге оларды далаға таза ауаға шығардық. Кейін қайта үйге кіріп, 8-қабатта балконда қалған әйелді құтқардық, - деп ол оқиғаны есіне алды.

Өрт сөндіруші Рүстем Мусинді осы оқиғадан кейін 2014 жылы 15 желтоқсанда Ақордаға шақыртып, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалі табысталды.

Бірақ осы күні менен басқа да 30-ға жуық азаматты марапаттады. Елбасы менің атымды атап, медальдің не үшін беріліп жатқанын атап өтті, - деді ол.

2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Рүстем Мусинді осылай марапаттады.

Өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Рүстем Мусин отқа оранған үйден екі бірдей бүлдіршінді көтеріп алып шықты және тағы бір адамды құтқарып қалды. Оның жанқияр ісі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады, – деді Назарбаев.

Мусин өрттен адамдарды ғана емес, жан-жануарларды құтқаратын кездер жиі болып тұратынын айтты. Олардың арасында ит, мысық, тіпті түйеқұс болған.

«Ертерек келуге болушы еді...» деген өкініш болады

Өрт сөндірушілер физикалық-психологиялық дайындықтан өткен. Мысалы, ауқымды өрт оқиғасы болып, адамдар өлімі болса, психологтар келіп, өрт сөндірушілермен жұмыс істейді.

Әсіресе әріптестеріміздің өлімі өте қатты әсер етеді. Басқаларын білмеймін, бірақ балалар мен әріптестерімнің өлімі маған қатты әсер етеді. «Ертерек келуге болушы еді...» деген өкініш болады, - дейді Мусин.
Біз үшін әр секунд, әр минут қымбат
Түнде тұрғын үй аулаларындағы көліктердің қалай орналасқанын білесіздер. Өрт болған жағдайда жету өте қиын. Осындай тосқауылдар салдарынан кейде уақытында жете алмайсың. Біз үшін әр секунд, әр минут қымбат. Тіпті кейде адамдар кеш келесіңдер деп шағымданып, сынап жатады, - дейді өрт сөндіруші.

Рустем Мусин осындай арыз-шағымдарға тосқауыл қою үшін Instagram-да @101_pozharnaya_101 парақшасын ашып, өрт сөндірушілердің атқарып жатқан жұмыстарын оқырмандарына жариялап жүр. Ол парақшадан оқиға орнынан түсірілген фото, видеоларды көруге болады.


Кейде жолда да өрт сөндіру көлігіне жол бермейтін жағдайлар жиі орын алып тұрады. Мұндай адамдардың бәріне жұмыстың маңыздылығын түсіндіріп жату уақытты талап етеді. Тіпті өзіңе қарай дауыс көтеретін кездері де болады. Мұндай жағдайда мән бермеуге тырысып, өз жұмысымызбен айналысамыз, - деп маман түсіндірді.

Қазіргі кезде өрт сөндіруші қызметіне келіп жатқан жігіттердің жасы шамамен 21-22-де. Сондай-ақ бұл қызметте қыздар қауымы да жоқ емес. Әр бөлімде бір қыздан бар. Олар келген ақпаратты өңдеуді, хабарламаларды рациядан қабылдап, өрт сөндірушілерге сигнал беріп отырады.


Өрт сөндірушілер арасындағы ырымдар мен дәстүрлер
Кезекшілікті тапсыратын қарауыл екінші қарауылға «Жанбаңдар!» деп айтады. Бұл кезекшілік тыныш өтсін деген мағынаны білдіреді. Одан бөлек, өрт сөндірушілердің бірі аяқ киімдерін сүртсе, онда өртке шығуымыз мүмкін. Сондай-ақ жұмысқа жаңадан келгендерге су шашып, қарсы аламыз. Ал әріптесіміз 25 жыл еңбек еткеннен кейін зейнетке көліктен су шашып шығарып саламыз, - дейді Рустем.

Өрт сөндірушілер өрт сөндіріп қана қоймай, апатқа ұшырағандарды, су тасқынынан, сонымен қатар боранды күндері жолда қалып қойғандарды құтқаруға да шығады.

Маманның сөзінше, өрт сөндірушілерге алғыс айтатындар да, керісінше, балағаттап кететіндер де кездеседі.

Жұмыстан бос уақытында Рүстем Мусин балаларымен бірге уақыт өткізеді. Оларды жалғыз қалдырмай, үнемі қастарында болуға тырысады. Себебі табыс табамын деп балаларды да жалғыз қалдыруға мәжбүр болатын ата-аналар да жоқ емес. Соның салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жүр.

Рүстемнің 13 жастағы ұлы мен 11 жастағы қызы бар. Жұбайы жұмыста кезде балаларының онлайн сабағына көмектесіп, қастарында болады.

«10 жыл мінсіз жұмыс істегені үшін», «Ерлігі үшін», 25 жылдыққа арналған медаль (2016 жылы) және «15 жыл мінсіз жұмыс істегені үшін» медалімен марапатталған. 

Сөз соңында Рүстем Мусин өрт орын алмас үшін электр желілерін дұрыс пайдаланып, балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмау  керегін айтты. Сонымен қатар әр үйге бір өрт сөндіргіш құралын алып қоюға кеңес берді. 

Өрт болған жағдайда қажетті құжаттарды алып, оқиға орнынан тез шығып кету керек. Егер ол мүмкін болмаса, есіктерді жауып балконға шығу керек. Кейін құтқарушыларға хабарлап айту қажет, - деп өрт сөндіруші Рүстем Мусин сөзін қорытындылады.


Фото: дереккөз
Видео: дереккөз
Загрузка...